Екінші жаһан соғысының ұлттық сана мен рухқа тигізген зардабы мен кесапатын қазақтың біртуар ақыны Өтежан Нұрғалиев туған ауылының трагедиясымен жырлап шыққан. «Соғыстың соңғы жазы» деген балладалар жинағы адам айтып жеткізе алмайтын, тек қана түйсікпен сезінуге болатын сұмдық пен шындықты жіпке көзінен тізгендей етіп береді. Әлгі сөзді айтқан жылқышы Ақаңның да балалық шағы соғыстан кейінгі «қиранды» шақпен тұспа-тұс келген, қазір ойлап отырсам. Өмір бойы далада жылқы баққан адам. Бала күнімде жылқы, қой бағып сол кісілермен далада көп жүрдім. Күндіз жылқы түгендеп әрқайсымыз әр жақта жүреміз де, кешке ауылға бірге қайтамыз. Сонда бір-бірімізге көрген-білгенімізді әңгіме қыламыз. «Не көрдіңіз, кімді жолықтырдыңыз?» десем, түс әлетінде Хамоны көргенін айтады.
Хамо дегеніңіз ауылдың аңшы, мергені. «Не істеп жүр екен?» десем, «білмеймін, бағана анау Қумоланың сыртын айналып біраз жүрді. Мен Қағылтөбеде отырғам. Желе-жортып, ызғытып алады да, атынан түсе салып, мылтығын кезеніп жаяу безектеп біраз жүреді. Сосын бір төбенің басынан дүрбі салып, атына міне сап тағы айдайды да, түсіп алып тағы жаяу жөнеледі. Шошайтып мылтығын тастамайды қолынан. Адам емес, Гитлердің қалдығы нағыз» дейді жылқышы Ақаң. Мұндағы Қумола, Қағылтөбе деген жер аттары, арасы екі-үш шақырым шоқы мен төбе. Гитлердің қалдығы деп отырғаны – Хамо, жылқышы Ақаң екеуі – бір ауылдікі. Далада бірге жүрген адамдар. Былайша айтқанда жақын бір-біріне. Сөйтсе де, Ақаң жақынын «Гитлердің қалдығы» дейді. Неге десеңіз, Хамо ауылда атаққа жеткен мерген. Қыстай аң аулайды, қоян атады. Атқан оғы жерге түспейді әсірелеп айтқанда. Аң біткеннің ажалына көрінеді. Мана атпен желе-жортып, түсіп жаяу жүгіріп, қайта атқа мініп, қайта түсіп әуреленгені – қоянның ізін кесіп жүргені. Ізіне бір түсті екен, әлгі қоянды атып алмай қоймайды.
Қоян түнде жортып, күндіз қимылдамай бір орында жататын аң. Түні бойы жортқан ұзын құлақ таң алдында белгілі бір орынға жатарда, ешкім іздеп таппас үшін із жасырады. Сайрап жатқан ізімен келе жатсаңыз, кенет із жоғалып кетеді. Ол өз ізімен кері қайтып, бір жағына қарай секіріп кетеді. Қоян секіргенде төрт-бес метрден бір түседі де, әрі қарай тағы сондай қашықтыққа түсіп, із жасырып барып жата қалады. Хамоның атқа мініп-түсіп жүргені сол, қоян жатарға қарай ізден белгі бергенде, аттан түсіп атып алайын дегені. Былайша айтқанда, қоянның жаналғышы. Ақаң соны білген соң «Гитлердің қалдығы» атап отыр.
Соғыс майдандағылардың ғана жанын алмайды ғой. Көрінген бұтаға жасырынған аңды іздеп тапқан Хамодай бас сауғалап тығылған жазықсыздардың қаншасын жұтпады дейсіз соғыс? Жас бала ма, жазықсыз періште ме қарамайды. Ін түбінен түртпектеп тұрғызып жіберіп, жайратып салады. Ол жақта қан майдан ұрыс жүріп жатса, мына жақта ел іші түгелде желуге де жарамаған басқармалар жетім-жесірді өкпеге теуіп өлімші қылып жатты. Олардың көрген тауқыметі майдандағы ерлердің жан алып, жан бергенінен де ауырырақ. Сайын Мұратбековтің «Жусан иісінде» добалдай аяғымен басқарма тепкілеген Аян, «Жабайы алмасындағы» жетім-жесірлер тауқыметі, айта берсе көп... Соның бәрін көрмесе де Ақаңдар естіп өсті. Әлгі зұлымдық атаулыны көрген үлкендер әр оқиғаны топшылай келе жаналғыш Гитлерге жабатын болуы керек. Біледі Ақаң оны. Кейін далада төбе басында отырып, ши түбінде жатқан қорғансыз қоянды үркітіп, ізіне түскен Хамоны көргенде ойланып отырып әлгіндей ойға қалды ма екен? «Гитлердің қалдығы» деген сөз тектен текке туа ма, әйтпесе. Бұл жерде біз Хамоны кінәлаудан аулақпыз. Әкесі майданға қатысып, «Қызыл Жұлдыз» алып келген ол да соғыстың баласы. Дала кезіп, қоян атып, аң ауласа – бала-шағасының қамы. Сонау бір жердің түкпіріндегі ауыл адамына жаманаты жеткен Гитлердің ылаңы ғой ойландыратын.