Әдебиет • 31 Наурыз, 2022

Мо Янның бес асуы

469 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Шыны керек, қазақ оқырмандары қытай жазушысы Мо Янды көп біле бермейді. Бірақ оның есімі Еуропа мен Батысқа жақсы таныс. Әдебиетке он бір роман, алты әңгімелер жинағын берген ол – қазіргі қытай әдебиеті мен әлем әдебиетінде есімі жиі аталатын жазушылардың бірі. Атағын шығаруға құлықсыздық танытып, үн-түнсіз еңбектенген осы бір қалам иесінің атын Нобель сыйлығы бір күнде ғана күллі әлемге танымал етті. 2012 жылы оған Нобель академиясы шығармашылығында реализм мен халық ертегілерін, тарихты және қазіргі заманды тығыз байланыстыра алғаны үшін аталған алпауыт сыйлықты ұстатты. Батыс оқырманы оны сонау 1987-жылдардан бастап «Қызыл Гаулияң» атты романы арқылы жақсы білетін.

Мо Янның бес асуы

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

«Оқығың келмесе, өзің біл»

Мо Янның шығармашылығы қытай реформаторы Дэн Сяопиннің билікке келуіне тұспа-тұс келді. Ол осы сәтте өзінің таңдаулы әңгімелері мен новеллаларын оқырманға ұсынды, соның бірі әрі тырнақалды туындысы «Көктем түніндегі жаңбыр» романы еді. Ол «Ескі мылтық» шығармасындағы миф­тік реализм стилі арқылы дәстүрлі құндылықтарды жеткізу шеберлігі Қы­тайдың жылдам модернизациясы туралы түсінік пен көзқарасты оқырман ретінде пайымдауға мүмкіндік береді. «Мо Янның бұл шағын хикаясы сол елде тұратын жұртшылықтың дәстүрлі құндылықтарға қайта оралуына әсер етті», дейді әдебиеттанушылар.

Оқып көрген адамға Мо Янның шығармалары негізінен әлеуметтік оқи­ғаларды арқау етеді. Бұл жөнінен оның шығармаларына өзінің әдебиеттегі ұстаздары – қытайдың танымал жазушысы Лу Шұнның әлеуметтік реализмі мен Габриэль Гарсиа Маркестің магиялық реализмі қатты әсер еткенін айта кеткен жөн. Тіпті оның шығармашылық жолына дәстүрлі қытай әдебиетінің фольклорлық негізіндегі классикалық роман-эпопеялардың әсері мен халық ауыз әдебиетінің ықпалы болғаны шындық. Ағылшын тілін білмегендігі себепті шетел жазушыларының таң­даулы кітаптарын аударма арқылы оқитын Мо Ян әлем әдебиетінен үздіксіз хабар тауып отырғанын жасырмайды. Шығармашылық өмірі тек үлкен романдарды жазумен өткен жазушының бес романын оқыған соң алған әсерім басқаша болды. Тіпті алты романның айтарын бір мақалаға сыйғызып жазудың өзі қияметтің шаруасы болып сезілді. Былайша айтқанда, Мо Ян үшін жазушы роман жазудан жалықпау керек деген ұғым қалыптасады. Ол өз шығармаларының алғы сөзінде: «Роман дегеніңіз алуан түрлі құбылыстарды қойнына сыйдырып жатқан жойқын жанр, оның ішінде марқа қозы да, кішкентай құс та бар; айбарлы арыс­тан да, азулы қолтырауын да сонда. Меніңше, роман мынау көңіл босатқыш заманның қолайына жағу үшін өз қадір-қасиетін жоятын заман құрбандығы болмау керек. Роман қайсыбір оқырманның көңілінен шығу үшін ұзын тұрқын қысқартып, тығыз қалпын сиретіп, қиын сипатын оңайлатпау да тиіс. Менің іздегенім – сол ұзын-сонар ұзақтық, шым кестедей тығыздық, тіс батпайтын қиындық. Оқығың келсе, оқырсың, оқығың келмесе, өзің біл. Маған десе, жер бетінде жалғыз ғана оқырман қалса да, мен бәрібір осылай жазамын» деп жазады. Демек, оның романға деген көзқарасы мен сенімін осыдан-ақ анық байқайсыз. Ендеше, біз оның бес романын – бес асуын саралап көрелік.

«Сандал ағаш жазасы»

«Сандал ағаш жазасы» – мәлім бір көтеріліс кезінде солтүстік қытайдың фермерлері мен қолөнершілерінің Батыс ықпалына қарсы жүргізген ан­тиимпериалистік күресі кезінде орын алған оқиғаларды негіз етіп жазылған кесек роман. Шығармадағы басты кейіп­керлер – Сун Мэйнанг пен оның әкесі, театр жанашыры, ауыл көтерілісінің жетекшісі Сун Бин. Аталған көтеріліске қатысты оқиғалар өрбіген кезде біз Сун Биннің қатыгез тағдырына, жантүр­шігерлік «Сандал ағаш жазасына» қарай қадам басып бара жатқанын бақы­лаймыз. Бұл жаза жазаға үкім етілген адамды мүмкіндігінше ұзақ уақыт бойы сананы тыныштандыратын жағдайда тірі қалдыру еді. Мо Ян ерек­ше тәсіл қолданған бұл романда жа­заның небір ауыр түрлері, оның ішін­де адамның көтен ішегінен ыстық май­ға қақталған сандал ағашын жүгірту тәсілі қолданатыны оқырманды бейжай қалдырмайды. Тіпті сіз жазушы осыншама қатыгездіктің бәрін қайдан біледі деуіңіз мүмкін. Сонымен бірге бұл романда қытайдың соңғы империясының хал-күйі, тіршілігі айтылады. Мо Ян империя ұлықтарының бейнесін құдды көзімен көргендей етіп суреттейді.

Кейде сөздің өзі жұмбақ дыбыстарға толы болар ма деп таңданасыз. «Сандал ағаш жазасы» эстетикалық өзегі бар шығарма екенін айтатын уақыт келді. Ол ежелгі дәуірдің көрінісі мен ортасын қазіргі дәуірдің көзімен қарауға таптырмас мүмкіндік беретін шығарма. Романға тақырып етіп алған терминнің өзі сондай ойламды адамның ісі. Пойыз жол салуға келе жатқан шетелдіктердің алдынан намысымызды таптатпаймыз деп ауыл тұрғындарының шығуы нені білдіреді? Автордың халықтың үні бәрін басып түсетін ұлы күш дегісі келгені мұнда тұр. Егер сіз Мо Янның «Сандал ағаш жазасын» оқығыңыз келсе, алдымен Қытай тарихы мен мәдениеті туралы білуіңіз керек. Әйтпесе романда айтылған оқиғаның бәрі сіз үшін жұмбақ күйінде қала береді. Жазушы осы туындысы туралы соңғы сөзінде аталған романды жазу барысында екі ырғақты ескере отырып жазғанын айтады: пойыздардың үні мен Маоцян театрының ырғағы.

«Өмір мен өлім азабы»

Мо Янды Мо Ян еткен үлкен туын­дының бірі «Өмір мен өлім азабы» романы еді. Өзінің аты айтып тұрғандай бұл шығарма өлім мен өмір арасындағы күресті сипаттайды. Сипаттағанда, жай стильмен емес, өзге ешкімнің тісі батып бара алмаған мифологиялық стильмен бәрін баяндап береді. Кейіпкер Си Миннао тіпті тозаққа түссе де ешбір әділдік көрмейді. Сол үшін күрес басталады. Бұл шығарма ХХ ғасырдың екінші жарты­сындағы Қытай өмірін сөз етеді. Бас кейіпкер – жер иесі Си Миннао өлім жазасына кесілген соң, өмірге ит, маймыл, есек, доңыз болып қайта келіп, ең соңында кәдімгі адам ретінде қайта өмір сүре бастайды. Өзгеше жазу стиліне ұлттық аңыздар мен мифтерді аса шеберлікпен ұштастырып, осындай сүйекті шығарма жазған автор бұл туындысына өмір мен өлім, қуаныш пен жұбаныш, ізгілік пен жауыздық, махаббат пен ғадауат, ел, отбасы тағ­ды­ры сияқты маңызды мәселелерді арқау етеді. Шығарма барысында Мо Ян да маңызды кейіпкердің бірі ретін­де суреттеледі. «Өмір мен өлім азабы» – осыған дейін әлемнің бірнеше тіліне аударылып, оқырман тарапынан жақсы баға алған шығарма. Шығарманы оқып отырып, фольклорлық қазынамызды құнттап ақтарып, аңыздар мен әпсаналарымызды өзек етіп, осындай роман неге жазбасқа деген ойға келесіз.

Мо Ян жақсы көретін тәсілдің бірі – өлген кейіпкерді тірілту, соған жан біті­ріп, қайта сөйлету. «Өмір мен өлім азабында» да осы тәсіл қолданылады. Әрине, Мо Ян оны өзінше, дара қалпын­д­а қолданады. Өмірдің қиын сәттері, бақ пен сор, байлық пен кедейлік арасын­дағы парық – бәрі-бәрі осы романда айтылғандай. Оқып отырып, жазушының жадына таңырқайсыз. Соншама оқиғалар мен кейіпкерлерді шатастырмай, адас­тырмай, алдымен айырып, соңынан қосып, жылатып, күлдіріп, ойландырып отырады. Оқырман осы шығарма арқылы қытайдағы жер реформасы кезіндегі халықтың тұрмыс-тіршілігін, көзқарасын, танымы мен пайымын, ертеңге деген үмітін аңғара алады. Бұл роман қазақ тіліне алғаш рет аударылып, өткен жылы «Фолиант» баспасынан жарық көрген.

«Он үш адым»

Бұл шығарма – Мо Янның жазушы­лық шеберлігін танытқан романның бірі. Роман қытай зиялыларының сол кездегі жағдайын, қоғамға деген көз­қара­сын, тұрмыс барысында кездескен ішінара жағдайларды суреттейді. «Он үш адым» романы абсурдтық оқиға­ларды суреттейді, бірақ бұл оқиға­ның шынайы өмірде болғанына нана­сыз. Орта мектептің мұғалімі Фаң атты кейіпкер өлгеннен кейін тоңазыт­қышқа салған жерінен қайта тіріліп кетеді. Оқиға осылай өрбіп, оқырманды өзге бір әлемге жетелейді. Оның әйелі күйеуінің тірілгенін білгенімен, оның үйіне оралуына қарсы болады. Ал жерлеу мекемесінің қызметкері Фаңның бет әлпетін өзінің күйеуінің бет әлпетіне өзгертіп, оны мектепке жібереді. Ал өзінің мұға­лім күйеуін сауда істеп, қалтасын қам­питуға жұмсайды. Мұнда жазушы шығарма барысында кейіпкерлердің өз орнын, қоғамдағы рөлін ауыстыру арқылы қоғамның бет-бейнесін ашуға құлшынады. «Фаң мұғалім іштей қатты азаптанды, ол өзінің әлдеқашан жартылай өлгенін сезінді. Бұрын өз әйелінің алдында жарамсыз болып қалғанда, ол өркөкіректеніп, бой бермейтін. Ал қазір мына әйел қожайынның қапыда қалып күрсінгенін көргенде, ол жерге кіріп кете жаздады». Мо Ян шынында да тіл қолдануға шебер қаламгер. Оның шынайы дүниені көрсетуге тыры­са­тын тұстары оқырманды бір­ден тартып ала жөнеледі, тіпті оның кейіпкерлері теміржолдың екі жағында рельс жағалап жүгіріп келе жатқандай сезіледі. «Он үш адымдағы» Фаң Фу­гуй мен Жаң әне сондай образдар. Роман мұғалімнің ең соңғы физика сабағын аяқтап, тынышталғандағы көңіл күйімен бітеді. Автор өзі осы шығар­масын қалай жазғаны жөнінде: «Бұл шығармада бейнеленген өмір сол дәуірде талас тудыратын тақырып еді, роман қоғамдық кінәраттарды тап басып бейнелей алған еді. Бұл романның алдында ұстазы, артында шәкірті жоқ. Сол үшін де бұл роман маған өзім­нің роман жазу шеберлігімді іздеу жолында жасаған құлшыныстарымды әйгі­леді» дейді. Қалай десек те Мо Ян шығармаларындағы басты тақырып – адам, қоғам және уақыт. Сол үшін де ол оқырманды нандыру үшін көптеген шығармасында өзінің туған жері Шаньдун провинциясының Гаоми қалашығында болған оқиғаларды сипаттады. Тереңірек зерделеп көрсек, ол Уильям Фолкнердің «Дыбыс пен қаһар» кітабын оқығаннан кейін отбасы, жақсы таныс адамдарды, ауыл тұрғындарын шығармасына кейіпкер етіп алудың жақсы әдісін тапқан сияқты. Тіпті ол өзі білетін жұмысшылар мен бюрократтарды абсурдтық жағдайларда қалдыру арқылы социалистік реализм жанрын сын тезіне алады.

«Усарымсақ жыры»

Мо Ян бір сөзінде «Құдды Гарсиа Маркес сияқты менің де шығармаларым әжем айтқан аңыз-ертегілердің негізінде жазылды», деп еді. Бұл – шындық. Оның шын екеніне романдары нақты дәлел. Мо Янның тағы бір тынысы «Усарымсақ жыры» романы – сол тұс­тағы икемсіз және бейтарап үкіметтің бұқара алдындағы жауапсыздығын арқау еткен шығарма. Яғни бұл роман – халық бұқарасының мүддесі бәрінен маңызды, жоғары екенін айтқысы келген көркем шығарма. Мо Ян сол арқылы қоғамның басты мүшелері ер мен әйел, әке мен бала, жиі қарым-қатынастағы достардың тұрмыс-тіршілігін суреттейді. Басты кейіпкерлер Гау Яң, Гау Ма, Жинжүйлердің адамгершілікті ту етуі романның басты көрінісі деуге болады. Шығарманың басты оқиғасы – аудандық үкіметтің үндеуімен усарымсақ еккен диқандардың сатылмай қалған өнімдерін шірітіп алуы, ашынған халықтың аудан басшысынан есеп алуға құлшынуы, осындай шиеленістен «Усарымсақ оқиғасы» туып, оның тарих бетінде қалуы. Жазушының дерегінше, бұл оқиға шынайы өмірде болған екен. Романның соңғы сөзінде ол: «Он тоғыз жылдың алдында, шынайы өмірде мынадай бір сұмдық болды. Мыңдаған диқан өз мүдделері аяққа тапталып, зардап шеккендері үшін өздіктерінен топтасып, аудандық өкіметке басып кіріп, кеңсе құрылғыларын сындырып, өртеді. Сөйтіп бүкіл елді дүрліктірген «Усарымсақ оқиғасы» болды. Мен қатты толқыдым, енжарлық таныта алмадым. Ақыры «Әулет» атты туындымды жазуды тоқтата тұрып, 35 күн еңбектеніп, осы романды жазып шықтым», дейді. Романда бас кейіпкерлердің шығар­мада суреттелуі арқылы жазушы махаббат пен ғадауаттың, ізгілік пен жауыз­дық­тың, үміт пен қорқыныштың егіз екенін аңғартады. Соған қатысты оқи­ғаларды тізбегімен шебер баяндайды. Жемқор басшының езгісіне қарсы күрескен ауыл диқандарының сенімі туралы да көп айтуға болады. Мо Ян әр шығармасында кейіпкерлері кездескен қиындықтарын айту арқылы өз ойын қоғамға ашық айтады. Демек, Мо Янның кейіпкері оның өзі десек артық айтқан болмаймыз. «Усарымсақ жырындағы» әр кейіпкер ізгілікке ұмтылады және соны іздеуден жалықпайды. Ондағы әр кейіпкер «Мен жылап жатқан жоқпын» деп өзін жұбатып отырады.

Некесіз жүкті болған кейіпкер Жин­жүй басына ауыр күн түскенде әлі өмірге келмеген нәрестесімен «тілдеседі».

« – Ана, сыртқа шығайыншы, мен дөп-дөңгелек от шарды көрдім.

– Балам, ол күн ғой.

– Онда мен сол күнді көремін.

– Балам, оған қарауға болмайды, ол жанып тұрған от, анаңның еті мен терісін күйдіріп жібереді».

Осы арқылы жазушы тірі мен өлінің арасындағы диалогты сәтті пайдаланып, Карл Маркстің «Бізді тірілерді қойып өлілер де азаптайды, өлілер тірілердің етегіне жармасып, қоя бермейді» деген сөзін алға тартады. Аталған роман «Усарымсақ оқиғасына» қатысқан кейіпкердің лагерьден қашып бара жатқан жерінде оқ тиіп өлуімен аяқта­лады. Мо Ян үшін көп адам біле бермей­тін, тіпті назар салмайтын оқиғаларды жазу жаңалық болып есептеледі. Ол осы әдісті жақсы пайдалана алды. Қарапайым ауыл тұрғындарын арқау етіп, кесек роман жазу тек Мо Ян сияқты сөз зергерінің қолынан келетін шеберлік. Қысқасы, жазушы бізге бір адамның өмірі – бір ұлттың тағдыры екенін айтқысы келеді. Ал біз соны сезіне алсақ жарар еді.

«Қызыл тоғай»

«Қызыл тоғай» романы да Мо Ян­ның өз ауылында болған оқиғаларды негіз етеді. Жазушы осы кітабында әртүрлі адамдардың үміті мен сенімі, бөтендік, жоғалған сезім және өмір туралы күресті сөз етеді. Оқиға қытайдың оңтүстігіндегі балықшылар ауылында өтеді. Мұнда ақша, мансап, билік және адамдар арасындағы қарым-қатынас өзгеше тұрғыдан көрініс табады. Адамдардың өмірі – революцияның бір бөлігі ретінде суреттеледі. Тіпті мұнда аға буыннан бастап, өткенді ұмытқан балаларына дейінгі аралық сөз болады. Бұл кітапты оқып келе жатып, көз алдыңызға қала мен ауылдың келбеті қатар келе бастайды. Оның егіз желісі де көз ұшында асыр салады. Осы шығармада кедейлікті жеңіп, бай кәсіпкер мен шенеуніктерге айналған бір топ сыныптастың тағдыры туралы шындық айтылады. Ашкөздікпен, махаббатпен, нәпсіқұмарлықпен, үлкен ақшамен күресетін дәстүрлі құнды­лықтармен модернизацияның құйынына ілінген адамдардың тамаша бейнесі де осы романда толық ашылады. Бірінен соң бірін оқырманға ұсынып, роман жазудан жалықпаған Мо Ян үшін бұл шығарманың да тағдыры басқаша.

Түйін сөз: Мейлі қай шығармасын оқысаңыз да, Мо Янның кейіпкерлері алуан түрлі ой айта алады. Ол ойды бас­қа жазушылардың айтуы бір бас­қа да, Мо Янның айтуы бір басқа. Себебі Мо Ян тек шындықты жазды, қала­мын шындықпен суарды. Оның әр кейіпкері кездескен қиындықтарға қарамастан, сүйіспеншілікті, өмірге деген дұрыс көзқарасты сақтауға тырысады, ізгілікті ту етеді. Ол бір сөзінде «Роман деген алып кит. Терең теңіздерде жападан-жалғыз шайқап жүреді; дүрілдетіп, зіл-батпан күшпен тыныс алады. Толқын-толқын суларды үйірілтіп, қанды көбік ойнатып балалайды. Үйірімен жүзетін акулалармен белгілі бір аралық сақтап жүйткиді», депті. Ендеше, Мо Ян – кит аулаушыға ұқсас нағыз қайсар жан. Оның сан қырлылығы сонда, әр оқиға­ны әр бөлікке бөліп, жіктеп айтудан жалықпайды. Оның әр сөзінің астында махаббатқа адалдық, өткенге құрмет, ертеңге сенім жасырынып жатқандай сезіледі. Бұл да шеберліктің шыңы болса керек. Шындығында ол қалай жазса да, батыл болды. Құдды оның өзі айтқандай «әдебиеттің адамды ержүрек ететіні» шын сияқты.фс