Әлем • 31 Наурыз, 2022

Кремль шептегі жағдайдан хабарсыз ба?

272 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба мен Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров алдағы екі апта ішінде кездесуі мүмкін. Мұндай мәліметті Түркия Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоғлу хабарлады.

Кремль шептегі жағдайдан хабарсыз ба?

Түркиялық дипломаттың айтуынша, осы аптада Ыстанбұлда өткен келіссөздерінің қорытын­дысы бойынша Д.Кулеба және С.Лавров телефон арқылы сөйлес­кен. М.Чавушоғлу ресей­лік миллиардер Роман Абрамо­вич­тің Украина мен Ресей бас­шылары арасындағы байланыс ор­натуда пайдалы рөл атқар­ғанын жеткізді.

Сонымен қатар Түркия Сыртқы істер министрі Ыстан­бұлда қол жеткізілген уағдалас­тықтар барысында айтылған міндеттеме­лер орындалмай жатқанына назар аударды. Ресей тарапы М.Чавушоғлы­ның сөзіне байланысты пікір біл­­ді­ріп, Мәскеудің С.Лавров пен Д.Кулеба кезде­суінен бас тартпайтынын айтқан.

АҚШ барлау агенттіктері Ресей Президенті Владимир Путин шынайы ахуалдан хабарсыз деп есептейді. Олар­дың келтірген баяндамасына сүйенсек, Кремль басшысының ай­на­ласындағылар оған не болып жатқаны туралы нақты және толық ақпарат бермейтін көрінеді. «Путинге ресейлік әскерилер қате ақпарат беретіні туралы ақпарат қолда бар. Бұл Путин мен әскери басшылық арасындағы шиеленістің жал­ғасуына әкеліп соғады. Пу­тин­ге кеңесшілер Ресей әс­кері­нің сәтсіздігі және ел эко­но­ми­ка­сы­ның санкциялардан қан­шалық­ты зардап шеккені туралы қате ақпарат беріп отыр деп санаймыз», деді Ақүйдің коммуникациялар жөніндегі директоры Кейт Бедингфилд журналистерге берген сұхбатында.

К.Бедингфилдтің айтуынша, Д.Байден әкімшілігі Украинамен қарулы қақтығыстың Ресейге қаншалықты стратегиялық зардап әкелгенін көрсету үшін мұндай ақпаратпен бөлісуге шешім қабылдаған. Кейт Бедингфилд АҚШ барлау қызметі мәліметтерді қалай жинағаны, кімнен алғаны құпия деп мәлімдеді.

GCHQ ұлыбританиялық элект­ронды барлау басшысы Дже­реми Флемингте осындай пікірді ұстанып отыр. Оның айтуынша, Ресей Президенті Владимир Путин Украинаға әскер аттандырмас бұрын өзінің әскері­нің де, қарсы тараптың да күшін дұрыс баға­л­амаған. Енді Кремль бас­шысының айнала­сындағылар нақты жағдай туралы есеп беруге қорқатын көрі­неді. «Путин жағдайды баға­­лауда өте үлкен қателік жі­бер­ді. Біздің ойы­­мызша, Путин­нің кеңес­шілері қазір оған шындықты айтудан қорқады», деді Д.Флеминг.

Украина президенті Володи­мир Зеленский әлем елдеріне арнаған бейнеүндеулерін жал­ғастырды. Бұл жолы Украина басшысы Нидерланд парламентінде сөз сөйлеп, қару-жарақ беруді және елді қалпына келтіруге көмектесуді сұрады. В.Зеленский Ресейге қатысты бүкіл іскерлік байланыс пен сауда-саттықты тоқтатуға, санкцияларды қатаң­датуға шақырды.

Сондай-ақ ол Аустралия пар­ла­ментшілері мен сенатор­лары­на бейнеүндеу жариялап, Украи­на әлем­дік қоғамдастықтың қол­дауы­на сенетінін, Ресейге қарсы со­ғыста жеңілмейтінін мәлімдеді.

Украина Президенті аустра­лиялықтардан Bushmaster броне­транспортерлерін жіберуді сұрады. Бір қызығы, дәл сол күні Аус­тралия Ресей мен Беларусь­тен келетін кез келген тауарларға қосымша 35 пайыз баж салығын енгізетінін хабарлады.

Ұлыбритания Қорғаныс ми­нистр­лігі Ресей Чернигов облысында әскери белсенділікті азай­тамыз деп мәлімдегеніне қа­ра­мас­тан, бомбалауды жалғас­тырып жатқанын мәлімдеді.

Кейбір бөлімшелерді шығар­ғанымен ресейлік әскери­лер Киевтің шығысы мен баты­сындағы позицияларын әлі де ұстап тұр. Ұлыбритания тарапы жақын күндері қаланың шетінде ауыр шайқастар басталады деп есептейді. Ресей армиясының бас­ты нысанасына айналған Ма­риу­польде ауыр шайқастар жүріп жатыр. Украин әскері қала орта­лы­ғын әлі де бақылауында ұстап отыр.

АҚШ тарапы өткен аптада Ресей Чернобыльдегі сарбаздарын әкетіп жатқанын хабарлаған. Кейіннен бұқаралық ақпарат құрал­дарында олардың сәуле ауруына шалдығып, ауруханаға жат­қызылғаны айтылды. Бұл мәліметті әзірге нақты тексеру мүмкін емес.

Рейтер агенттігінің тарат­қан мәліметтеріне қарағанда, ресей­лік жауынгерлер қорғаныс құралдарынсыз радиоактив­ті «Қызыл орман» деп аталатын жерден броньды көліктері­мен өткен, сөйтіп улы шаң көтерілген.