Руханият • 31 Наурыз, 2022

Ораза – тәрбие мектебі

569 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Шариғат ілімдерінің негізі болып саналатын сенім, фиқһ, тарих сынды салалар халқымыздың діни сара жолын нақ көрсете білді. Ендігі жерде бізге қажеттісі – рухани жан дүниеміздің өзегіне айналған тәрбие ілімі. Мұны біз ихсан ілімі дейміз. Ихсан сөзі жақ­сылық жасау деген ұғымды біл­діреді. Ал шариғаттағы мағынасы кез келген ізгі амалды ең кемел түрде орындау дегенге саяды.

Ораза – тәрбие мектебі

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Құпия құлшылық

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхам­мед­тің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде айтылғандай, ихсан ілімінің құлшылықтағы мәні: «Аллаға Оны көріп тұрғаныңдай құлшылық етуің, егер Оны көре алмасаң, Ол сені көріп тұрады». Хадиске түсіндірме жазған ғұла­маларымыз ихсан ілімі адамның құл­шы­лы­ғымен қатар, оның күнделікті сөзін, іс-әрекетін, қыз­метін, тіпті бүкіл өмірін қам­титы­нын айтқан.

Имам Нәуәуи (Алла оны рақы­мына алсын): «Алла Тағала сенің әрбір жағ­дайыңды көріп тұ­рады. Сондықтан бар­лық ісің­де жақсылық жаса. Әрбір ісің толыққанды болуы керек», дей­ді. Әбу Ханифаның «Муснад» кіта­бында: «Ихсан – әрбір ісіңді Алла разылығы үшін жасауың» делінген. Бұл ретте адамның ние­тіне баса назар аударылады. Ар­дақты Пайғамбарымыз (оған Ал­ланың салауаты мен сәлемі бол­сын): «Ақиқатында, Алла Таға­ла әрбір істі жетік жасауды (ихсан­ды) парыз етті...», деген.

Мысалы, біздің күнделікті оқып жүр­ген намазымыз­ды, зекет-садақамызды, қа­жы­лық сапарымызды айналамыздағы адамдар көреді. Ал ауыз бекіткенімізді ешкім байқамауы мүмкін. Ораза құлшы­лы­­ғы мұсылманның «бәрін Алла көріп тұр», деген сенімін күшейтеді.

Ораза ұстаған адам әрбір амалын көр­кем түрде орындауға тырысады. Өйт­кені оны «оразам бұзылып кетпесе екен» деген ой мазалайды. Сондықтан ауыз бекіткен кісі Пайғамбарымыз Мұ­хам­мед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үйреткендей, әдеп білмес жандардың дөрекі әрекеттеріне «мен оразамын» деп көркем түрде жауап қайтарады. Себебі Ислам – көркем мінез бен әдептілікке негіз­делген дін. Әдептілік адамды көрікті ете­ді. Ихсан ілімі мен отыз күнгі ораза көр­кем мінез бен адамға тән күллі әдеп­ті­лік­ті қалыптастырады.

Көркем мінез жайлы білмек болған бір кісіге ардақты Пайғамбарымыз (оған Ал­ланың салауаты мен сәлемі болсын): «(Уа, Мұхаммед!) Кешірімділікті ұстан, жақ­сылыққа бұйыр және надандар­дан сырт айнал» деген аятты оқып: «Көр­кем мі­нез – туыстық қарым-қа­ты­настарды үз­ген­дермен арадағы ара­ласуды артты­руың, саған жамандық жаса­ғандарға жақ­сы­лық жасап, қиянат жа­сағандарды ке­шіруің», дейді.

Расында, ихсан – бақытын иманнан іздеген жұртымыздың жүрегіне жақын ілім. Халық ұғымындағы: «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі», «Кең болсаң, кем болмайсың», «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік», «Жақ­сы­лық жүрген жерде тапшылық болмайды», «Жақ­сылық еккен алғыс орады» сынды на­қылдар ұрпақтан ұрпаққа тәрбие ретінде айтылып, өмір сүру дағдымыздың біріне айналды.

Қасиетті Құранда ихсан сөзінің түбірі түрлі формада кездеседі. Мысалы, Құ­ран­да: «Олар кеңшілікте де, тар­шы­лық­та да Алла жолында мал-дәулетін сарп етушілер. Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер, адамдарды кешірім етушілер. Алла жақсылық істеушілерді сүйеді», (Әл Имран сүресі, 134-аят) делінген.

Осы аятқа тәпсір жазған ғұламалары­мыз: «Ашуларын жеңушілер» дегеніміз – адамдарға ашуын көрсетпейтіндер, ашу-ызасын сабырға жеңдіретіндер, ізгі амалының қарымтасы мен сауабын Алладан ғана күтетіндер. «Адамдарды кешірім етушілер» дегеніміз – ашуын басумен қатар өзгелердің зұлымдығын кешіретіндер, ешкімге жүрегінде ашу-ызасын сақтамайтындар. Бұл – мұсыл­манның ең кемел рухани күйі. Сон­дық­тан аяттың соңы «Алла жақсылық істеу­ші­лер­ді сүйеді» деп түйінделуде. Міне, бұл – ихсанның бір деңгейі», деген.

Ораза – ашуды жеңуге, нәпсіні тізгін­деу­ге берілген үлкен мүмкіндік маусымы. Рамазан – бойдағы тәкаппарлық, ен­жар­лық, жалқаулық, шыдамсыздық сын­ды жа­ғымсыз мінезбен күресуге көмек­те­се­тін тәрбие айы.

Көркем түрде кешіру

Рамазан – кешірім айы. Халқымызда: «Кешірім жасау – кеңдік, кешіре алмау – кемдік» деген қанатты сөз бар. Ораза адам баласын кешірімді болуға тәрбиелейді. Жоғарыда айтқанымыздай, ауыз бекіткен адам әдеп білмес жандардың дөрекі әре­кет­терін кешіріп, сыпайы түрде «мен оразамын» деп кешірім жолын ұстанады. Кісінің кемшілігіне сабыр етуде үлкен сауап бар. Алла Тағала «Шура» сүресінің 43-аятында: «Әрине, кім сабыр етіп, кешірімді болса, дау жоқ, істердің ең ма­ңыздысы осы», деген. Әрине, кешіре салу ауызға оңай болғанмен, жеме-жемге келгенде нәпсіге ауыр амал. Алайда әрбір амалында Алланың разылығын бірінші орынға қоя білген мүмин сынақты сәтте сабыр сақтап, сауабын Жаратушы Жаббар Иесінен күтеді. Алланың өзі өте кешірімді болғанда біз кімбіз деген ой санамызда жаңғырып тұрса игі. Раббымыз Құранда адамдардың қате-кемшіліктерін көркем түрде кешіруді бұйырған. Қасиетті кітабымыз Құранда: «Ендеше, сен (ел-жұрттың қатесін, қиянатын) көркем түрде кешір. Шынында, Раббың – жаратушы, бәрін білуші» (Хижр сүресі, 85-86-аяттар) делінген.

Ізгілерден мынадай сөз қалған екен: «Ихсан ілімінің алғашқы сабағы рен­жіт­пеуден басталып, соңы ренжі­меу­мен аяқталады». Пайғам­барымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына үш мінез кімде болса, Алла Тағала сол адамды мейіріммен жәннатқа кір­гізеді», дейді. Сонда жанындағы сахабалар: «Ол қандай мінез?» деп сұрағанда, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Саған бермегенге сен бер, өзіңе келмегенге сен бар, қиянат жа­са­­ғанды кешір», деп жауап берген екен.

Шын мәнінде, отбасында, ұжымда, қо­ғамда пайда болатын дау-дамайлар мен келіспеушілік әрекеттер адамдар ара­­сында өзара кешірімділіктің болмауы­нан көрініс табатыны ақиқат. Расын­да, ке­шірімді болу көптеген сауапты амал­дар­ға себепші болады екен. Оған мына оқиға дәлел: Әли ибн Хусейннің (Алла оны рақымына алсын) күңі болған екен. Бір күні ол дәрет алу үшін Хусейнге су құйып тұрғанда қолынан құманы түсіп кетеді. Құманы Хусейннің басына тиіп, жерге түсіп, сынып қалады. Сол сәтте қо­жайы­ны оған ашуланып кетеді. Хусейн дауыс көтере бергенде күңі Құрандағы: «Сондай-ақ олар ашуларын жеңушілер», деген аятты оқиды. Хусейн сол жерде ашуын басып, өзін ұстап, күңіне ауыз ашпайды. Осы кезде күңі аяттың жалғасын оқып: «Адамдарды кешірім етушілер» дейді. Хусейн сол жерде: «Сені кешірдім», дейді. Күң аяттың соңын оқып: «Алла жақ­сылық істеушілерді жақсы көреді» де­генде, Хусейн: «Осы сәттен бас­тап сені бостандыққа жібердім», деп күңін азат еткен екен.

Осы аяттардың толық нұсқасы мынадай: «Раббыларыңның жарылқауы мен кеңдігі жер мен көктей болған жәннатына асы­ғыңдар. (Бұлар) тақуалар үшін әзір­лен­ген. Олар (тақуалар) кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында мал сарп ететін жандар. Сондай-ақ олар – ашуларын жеңушілер, адамдарды ке­шірім етушілер. Алла жақсылық іс­теушілерді жақсы көре­ді» (Әл Имран сүресі, 133-134-аяттар).

Кешірімді болу – Пайғамбарымыз Мұхам­медтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) даналық пен тақуа­лыққа негізделген сара жолы. Алла Та­ға­ла Пайғамбарымызды (оған Ал­ла­ның салауаты мен сәлемі болсын) ке­ші­рімді бо­луға үйреткен. Жаратушы Жаббар Ие­міз: «Сен олардың өте азынан бас­қа­сы­ның қиянаткерліктерін әрқашан көресің. Дегенмен оларға кешірім ет, кө­ңі­ліңе алма. Расында, Алла ізгілік істеу­ші­лерді жақ­­сы көреді» (Мәида сүресі, 13-аят) деп ес­керткен.

Ораза кезінде барынша кешірім жолын ұстанып, бір-бірімізге бауырмал болайық. Бір-біріміздің білместікпен жасаған қа­телігімізді кешіре алмасақ мұ­сыл­мандық қасиетіміз қайда қалды?! Шын мәнінде, біз күнәларымыздың, қате-кемшіліктеріміздің кешірілуін қа­лай­мыз. Құранда Алла Тағала бізге мына­дай насихат айтады: «Кешірімді болып, көңілдеріне алмасын. Сендер Алланың өздеріңді кешіргенін жақсы көр­мейсіңдер ме? Алла өте кешірімді, ерекше мейірімді» (Нұр сүресі, 2-аят).

Тілімізді тәрбиелейді

Рамазан – тілімізді ғайбаттан сақтауға үйрететін ай. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Расында, қандай да бір адам Алла Тағаланың разылығына бөлейтін бір ауыз сөз айтқаны үшін Қия­мет күніне дейін Алла Тағала оған разы болады. Сондай-ақ енді бір адам айтқан сөзінің қаншалықты кесірлі екенін аңда­май сөйлегені үшін Алла Тағаланың қаһа­рына ұшырайды. Әрі сол бір ауыз сөзі үшін Қиямет күніне дейін Алланың оған деген ашуы басылмайды», деп ескертеді.

Шын мәнінде, адам баласы не тапса да тілінен табады. Ғұлама Мәшһүр Жүсіптің:

«Жамандық қайдан туар, тілден туар,

Әркімде ғақыл болса, тілін буар.

Шығарсаң бір жаман сөз сен аузыңнан,

Артыңнан айдаһар боп сені қуар»,

деген жырында үлкен мән жатыр.

Ра­сында, Алла Тағала пенденің күн ұзаққа аш құрсақ жүргеніне мұқтаж емес. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Алла өтірік айтуын және өтірікке сәйкес амал етуін тоқтатпаған адамның жеп-ішуін қойғанына мұқтаж емес», деген. Оразаның мұсылман баласына беретін пайдаларының бірі – бос сөз бен ғайбаттан алыс болуға тәрбиелеу. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Ораза – бұл жай ғана ішіп-жеуден тыйылу емес. Ақиқатында, ораза – бос сөздер мен жаман сөздерден тыйылу!» деген.

Алла Тағала ғайбат сөз айтуға қатаң түрде тыйым салған. Өйткені ғайбат айту – үлкен күнә. Раббымыз Құранда былай бұйырған: «Уа, иман келтіргендер! Араларыңнан бір қауым басқа бір қа­уымды келемеждемесін. Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Әйелдер де басқа әйелдерді келемеждемесін! Бәлкім, олар өздерінен артық шығар. Бір-біріңді ренжітпеңдер һәм бір-біріңе лақап тақпаңдар. Иманнан кейін пасық есім қандай жаман? Ал кімде-кім тәубе етпесе, олар – залымдар. Уа, иман келтіргендер! Түрлі долбарлы ойлардан сақтаныңдар! Шындығында, ойлардың кейбірі – күнә. Бір-бірлеріңді аңдымаңдар, бір-бір­леріңнің сырттарыңнан ғайбат сөз айтпаңдар. Әлде сендердің біреулеріңе өлген бауырының етін жеу ұнай ма? Сендер оны ұнатпайсыңдар. Алладан қорқыңдар. Шындығында Алла тәубені қабыл алушы һәм өте мейірімді» (Хұжұрат сүресі, 11-12-аяттар).

Осы аятқа тәпсір жазған ғалым­да­рымыз тым күдіктенген нәрсе­лердің көп­шілігінде мән болмайтынын айтқан. Сондықтан жөні жоқ күдіктенуден аулақ болған пайдалы. Ал кейбір күдіктердің өзі күнәға жатады. Өйткені оның негізінде әділетсіздік жатыр. Өзгелердің соңынан аңду немесе олардың жеке басының істеріне араласу түбі күнәға әкелетін се­нім­сіздік болып саналады. Әлдебіреуге жала жабу да – сол секілді күнә. Ол тіп­ті байқамай қалған әрекетке жатса да ақыры үлкен жамандыққа әкеп соғады. Ал қаса­қа­на жасаған жамандық жайлы айтуға, тіпті ауыз бармайды.

Әлдебір адам жайлы немесе оқиға туралы жорамал жасауға ешқандай тыйым­ салынбайды. Алайда сол жорамалды кү­дік­ке айналдырып, соған сәйкес әрекет жа­сауға тыйым салынады. Тәпсірші ға­лым­дарымыз өзгелердің сыртынан жасырын аңду, сығалап қарау сенімсіздік білдіргеннен де және күдіктенгеннен де жаман қылық екенін айтады.

Әдетте мұндай әрекеттер ресми орындар тарапынан әлдебір қылмыскерді, жалпы жауыздықты әшкерелеу үшін жүзеге асады. Ал қарапайым халық арасында мұндай әрекеттерге шариғатымыз ты­йым салады. Өйткені адам баласының жүрегі өзгелер жайлы жаман ойлардан, күдікті нәрселерден таза болуға тиіс. Ис­лам діні адам баласының еркіндігі мен жеке ба­сының қасиетін жоғары орынға қояды. Сондықтан да адамдардың жеке өміріне, ісіне өзгелердің ашық болсын, жасырын болсын араласуына жол жоқ. Ислам діні адамның жеке басын, үйін, ар-намысын қорғайды әрі құрметтейді. Осыны ұмытпау ләзім.

Қанағат – түгесілмес байлық

Рамазан – қанағат айы. Пай­ғам­ба­ры­мыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ақи­қатында, қанағатты ту еткендерді Алла Тағала байытады», дейді. Иә, ораза құлшылығы адам баласын қанағат пен сабырға, өзінде бар игіліктерге шүкір етуге тәрбиелейді. Осындайда хал­қымыздың «қанағат қа­рын тойғызар», деген қанатты сөзі еске түседі.

Адам баласы көп жағдайда өзінде бар игіліктер мен нығметтердің қадірін сезінбей, шүкір етуді естен шығарып қояды. Қолымызда бар аз-кем дүниені айтпағанда, деніміздің саулығы баға жетпес үлкен нығмет емес пе? Бірде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): «Ұй­қы­дан оянғанда, не жатқанда көңілі тыныш, он екі мүшесі сау һәм бір күндік азығы бар адам ұшы-қиыры жоқ мына дүниені иеленген адаммен тең», деген. Хадистің мәніне терең үңілсек, біздің шүкір ететін нәрселеріміздің өте көп екеніне көз жет­кіземіз.

Аузы берік адам ауызашарда алдына қойылған бір жұтым судың қадірін сезінеді. Алла Тағала бізге оразаны па­рыз ету арқылы пенделерін осылай тәр­биелейді. Күні бойы аш құрсақ жүрген жан бір жұтым су мен бір үзім нанның қадірін терең сезініп, тұлабойына қана­ғат, шүкір, сабыр сынды қасиеттерді қалып­тастырады.

Мына оқиға кез келген адамның кө­кейіне жақсы ой салады: бірде дінге сен­бей­тін адам Алла елшісінің (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын) үйінде қонақта болады. Сол кезде ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қонағына ешкінің сүтін ұсынады. Қонақ бір тостақ сүтті ішіп тауысқан соң оған тағы да сүт береді. Сөйтіп, ол қатарынан жеті тостақ сүтті сіміріп алады. Алланың қалауымен келесі күні әлгі дінсіз адам мұсылман болады. Осылайша, Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оны тағы да қонаққа шақырып, бір тостақ сүт береді. Оны ішкен соң, келесі тостақтың әрең дегенде жартысын тауысыпты. Осы сәтте Алла елшісі (оған Ал­ланың салауаты мен сәлемі болсын) «Мүмин адам бір тостағанды қанағат тұтса, кәпір жетеуіне де тоймайды», деген екен.

Сахаба Сағыд ибн Әбу Уаққас (оған Алла разы болсын) өзінің баласына: «Уа, балам! Алладан байлық сұрасаң, қанағатты сұра. Ақиқатында, қанағат – түгесілмес байлық», деген өсиетін айтыпты. Біз үйде ауызашар дастарқан басында ұл-қыздарымызға үнемі қанағатшыл болуды үйретіп, жақсылыққа баулып отыруымыз керек. Ауызашар дастарқаны насихат пен өсиет сөз айтуға ең қолайлы сәт. Осы сәтті мейлінше тиімді пайдаланып, айналамыздағы адамдарға жақсы сөзімізді жеткізіп отырсақ, нұр үстіне нұр. Себебі қазіргі кейбір жас буын өкіл­дері барлық нәрсені пайданың көзімен өлшейді. Біз, үлкендер баланы ондай түсініктен арылтып, оны адам­гер­шілікке, қайырымдылыққа, қа­нағат­шылдыққа үй­ретуіміз керек.

Алла Тағала қасиетті Рамазан айын­да ұстаған оразамызды қабыл етіп, мол сауапқа кенелген пенделерінен еткей. Жаратушы Жаббар Иеміз елімізге аман­дық, жерімізге тыныштық беріп, тәуел­сіз­дігімізді баянды еткей. Әмин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти