Конвенция толық емес жұмыс уақыты бойынша еңбек ететін қызметкерлердің құқықтары толық жұмыс күні бойынша жұмыс істейтіндермен тең болуын қамтамасыз етуге арналған. Соған байланысты қазақстандықтарды әлеуметтік қорғауды күшейту мәселесіне басымдық беріледі.
Заң жобасы жөнінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов баяндама жасады. Ведомство басшысының айтуынша, құжат 2019 жылғы 18 қазанда Қазақстан Республикасының халықаралық шарттар мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 40-отырысында қолдау тапқан. «Толық емес жұмыс уақыты жағдайындағы жұмыс туралы конвенция 1994 жылғы 24 маусымда Халықаралық еңбек ұйымының Бас конференциясында қабылданды. Конвенция толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін жұмыскерлердің құқықтары сияқты толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселелерін реттейді. Оларға ұжымдық келіссөздер жүргізу құқығы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, ананың құқығын қорғау, жыл сайынғы ақылы демалыс беру, еңбек және жұмыспен қамту саласында кемсітушілікке жол бермеу кіреді», деді министр.
Осы Конвенция қызметкерлер мен кәсіпорындардың жекелеген санаттарын қоспағанда, экономикалық қызметтің барлық саласына қолданылады. Өз кезегінде Еңбек кодексінде жұмыскерлердің жекелеген санаттарының еңбегін құқықтық реттеудің ерекшеліктері қарастырылған. «Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылдың 4-тоқсанында әртүрлі салалардағы 470 мыңға жуық қызметкер толық емес жұмыс уақыты режімінде жұмыс істеді. Олардың жартысына жуығы аптасына 20 сағаттан аз уақыт жұмыс істеді. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы, білім және өнеркәсіп салаларына тиесілі», деді С.Шәпкенов.
Конвенцияға сәйкес, «толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін» термині толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін және салыстырмалы жағдайда жұмыс істейтін қызметкердің жұмыс уақытының қалыпты ұзақтығынан аз жұмыс істейтін жұмыскерді білдіреді.
Сондай-ақ олардың негізгі жалақысы осы әдіспен есептелетін қарапайым қызметкерлердің негізгі жалақысынан кем болмауы тиіс. Өз кезегінде Конвенция аясында ұлттық еңбек заңнамасында қызметкерлерге еңбекақы төлеу саласындағы мемлекеттік кепілдіктер қарастырылған.
Бұдан бөлек, толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерге арналған әлеуметтік қамсыздандыру жүйелері толық жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлерге ұқсас болуы тиіс. Бұл шарттар жұмыс уақытының ұзақтығына, жарналарға немесе кірістерге пропорционалды түрде анықталуы мүмкін.
Еңбек және әлеуметтік салаға қатысты заңда толық емес жұмыс уақытында жұмыс істейтін қызметкерлердің құқықтарын шектемейді. Атап айтқанда, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен табысты жоғалту бойынша төлем қызметкердің орташа айлық сақтандырылған кірісінің мөлшеріне және оның жүйеге қатысу өтіліне тікелей байланысты. «Бұл Конвенция толық емес жұмыс уақыты бойынша еңбек ететін азаматтардың мүдделерін қорғауды көздейді. Олардың жалақы алуға, сондай-ақ еңбек қауіпсіздігі мен гигиенасына, әлеуметтік қамсыздандыруға, жыл сайынғы ақылы немесе ауруы бойынша демалысына қатысты құқықтарын қорғайды. Алдағы уақытта Конвенция бұл бағыттағы халықаралық стандарттарды елімізде одан әрі енгізуге қызмет етеді деп сенеміз», деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын жолдады. Мұрат Бақтиярұлы елдегі мелиоративті қызметті заңнамалық тұрғыдан жетілдірудің, суармалы егіншілікпен айналысатын шаруаларды қолдаудың, сондай-ақ фермерлерге несие беру ресімдерін жеңілдетудің маңызын атап өтті.
Премьер-Министрдің атына жолдаған сауалында сенатор Мұрат Бақтиярұлы аграрлық сала еңбеккерлерін қаржылай қолдауды күшейту үшін Қазақстанда ауыл шаруашылығы банкін құруды ұсынды. Депутаттың пікірінше, ол қазіргі таңда аса қажет салаға айтарлықтай қолдау көрсетер еді.
Бұл мәселе жақында сенаторлардың Қызылорда облысына барған жұмыс сапары кезінде көтерілген болатын. Диқандар аймақтағы негізгі аграрлық дақылы күріш екенін айта келіп, осы дақыл облыста ішкі нарық сұранысының 80 пайызына дейін қамтамасыз ететініне тоқталды. Алайда жыл өткен сайын жұмыс істеу қиындай түседі. Аудандағы суармалы жерлердің жағдайы өте нашар, суармалы жерлерде су құбыры мен кәріз жүйесі тиісті қаржыландырудың жоқтығынан уақытында тазартылмайды. Бұл құбырлардың қоқысқа толып кетуіне және шамадан тыс тұздануға әкеледі. «Дамығын елдерде 1 текше метр суға 4-6 кг ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, бізде небәрі 0,4-0,8 кг, яғни 6 есе аз өндіріледі. Ал дамыған елдерде 1 кг өнім өндіруге 160-400 литр су жұмсалса, бізде 1200-2500 литр су жұмсалады. Демек, еліміздегі суармалы жерлердің гидромелиоративтік жағдайы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Бұл Үкімет тарапынан назар
аударарлық мәселе», деді депутат.
Минералды тыңайтқыштардың қымбаттығы да бөлек бір проблема. Биыл олардың бағасы өткен жылмен салыстырғанда 2,5-3 есе өсті. Бұл салада делдалдар маңызды рөл атқарады, соның салдарынан өнімнің құны едәуір өсіп кетеді.
Депутат осыған байланысты «Мелиорация туралы» заңды қабылдау қажеттігін атап өтті. Ол заңда мемлекеттік органдар мен жер пайдаланушылардың жерді мелиорациялау жөніндегі жауапкершілігі нақтылануы тиіс. Депутат сонымен қатар елімізде ауыл шаруашылығы банкін ашу қажеттігіне де назар аударды. «Біздің ауыл шаруашылығы өндірушілері Еуразиялық экономикалық одаққа енген Ресей, Беларусь елдерінің ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерімен бәсекеге түсе алмай отыр. Өйткені бұл елдердің шаруаларының жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін, бөлімшелері барлық аудандарда орналасқан Агробанктері жұмыс істейді. Осы кезге дейін Парламент қабырғасында осындай арнайы мамандандырылған ауылшаруашылық банкін ашу мәселесі бірнеше рет көтеріліп, бірақ шешімін таппай келеді. Елімізде мұның оң шешілуін бүкіл шаруалар күтіп отырғанына назарыңызды аударғымыз келеді», деді сенатор.
Үкімет басшысына жолдаған сауалында Әбдәлі Нұралиев атмосфералық ауаның ластануына назар аударып, еліміздегі экологиялық проблемаларды кешенді түрде шешуге бағытталған іс-шараларды іске асырудың тиімділігін арттырудың маңызды екеніне тоқталды.
Депутат қалалардағы экологияның нашарлауы адамдардың өмір сүру сапасы мен ахуалына теріс әсер ететінін атап өтті. Экологтер қалаларда атмосфераның жоғары деңгейде ластануы салдарынан құрбан болатындар жылына орта есеппен 2 пайызға көбейіп бар жатқаны жайында деректер келтіріп отыр. Ал үш жыл ішінде қатерлі ісікке шалдыққан науқастар саны 14 пайызға өскен. Әсіресе, республикалық маңызы бар және өнеркәсібі бар қалаларда жағдай нашарлап барады. Сенатор осыған байланысты өзінің депутаттық сауалында жағдайды жақсарту үшін жұмысқа қарқын беру қажеттігін айтты. «Қазақстан Париж келісіміне орай 2030 жылға қарай парниктік газдардың шығарылуын 15 пайызға қысқартуды міндетіне алған. Есепті кезеңде нысаналы индикаторлардың орындалмауына байланысты экология мəселелерінің «Жол қарталары» пысықталып, нақтылануы керек және іс-шаралардың нәтижелі жүзеге асырылуы тиіс деп санаймыз. Сондай-ақ қазіргі уақытта Қазақстан көміртекті бейтараптанудың 2060 жылға дейінгі доктринасымен жұмыстар жүргізуде. Бұл ел мүддесі үшін, табиғатқа және климатқа ұқыпты қараудың негізін қалауы керек», деді сенатор.