
Мәселен, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қоры деп аталатын біздің ұйым аталған реформалардың бағыты, мазмұны мәселесіне қатысты сарапшылардың пікірін зерттеді. Сондықтан, бұл бағытта қандай жұмыс жүргізілгенін жақсы білемін.
Алайда бұл бастамалардың болашағы қандай болатынын нақты кесіп-пішіп айту қиын. Себебі саяси реформаны тұрғындардың белгілі бір бөлігі ғана күтіп отыр. Қарапайым адамдар саяси өзгерістердің мәні мен маңызын түсіне бермейді. Алайда нақ осы саяси реформалар түптеп келгенде отандастарымыздың, сіз бен біздің өмірімізге әсер етеді. Бірақ бірден әсер етеді деп айту қиын. Сондықтан халық Президенттің бұл қадамдарын жіті түсінгені аса маңызды.
Ал енді, партия құру мәселесіне келетін болсақ, тіркеу шегін 5 мың адамға дейін азайтуды зерттеу кезінде сарапшылар да қолдады. Сарапшылардың басым көпшілігі тіркеу шегінің осы көлемін құп көрді. Саяси партиялардың арасында бәсеке болуы тиіс. Себебі бұл сала көп жылдан бері тұралап тұрған болатын. Менің ойымша, дәл қазір Мәжіліске кіру шегін өзгертуге болмайды. Жаңадан құрылатын партиялар ең алдымен электорат санын арттырып алуға тиіс. Мұндай шешімді келесі қадам ретінде де қарауға болады.
Көп жылдан бері бұрынғы Семей облысында зерттеу жүргіздік. Бұрынғы Жезқазған немесе Талдықорған облыстарына қарағанда семейліктер облыс мәртебесінен айырылғандарымен келіскен жоқ. Жеке облыс болып қайта құрылуын жиырма жылдан астам уақыт талап етіп келеді. Осы жылдар аралығында бұрынғы Семей облысының экономикасы құлдырап кетті. Семей қаласы да дамымай қалды. Сондықтан Президенттің мұндай шешімін толығымен қолдаймын. Әрине, жаңа облыс құру үшін де көп жұмыс атқарылуы керек. Ең бастысы, шешім қабылданды. Жаңадан Абай облысы пайда болады. Қалғаны реттеле жатарына сенімдімін.
Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасының орын алуына себеп болды деп жемқорлықты, непотизмді айыптады. Ал оны жеңу жаңадан облыс құру мен партиялық жүйені жаңғыртудан да қиын болатын секілді. Мәселен, Жолдауды әкімдермен, квазимемлекеттік сектордың өкілдерімен, құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге отырып тыңдадым. Бір байқағаным, көбісі қол соғып, қошемет білдіріп отырған жоқ. Іштей қандай да бір қарсылықтары бар екені аңғарылады. Ал Президент бастамаларының тиімді іске асуы мен аспауы дәл осындай жоғары, орта лауазымдағы шенеуніктердің әрекетімен тікелей байланысты екені айтпаса да белгілі. Сондықтан алдағы уақытта ауыр, ауқымды жұмыстар атқарылып, тың қадамдар жасалатыны анық.
Гүлмира ИЛЕУОВА,
«Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының президенті