Әрине, өңірдегі әрбір ауданның мүмкіндігіне қарай атқарылып жатқан жұмыстар бар. Бірақ шешілмеген мәселе одан да көп болып тұр. Жергілікті тұрғындарды негізінен жол, жарық, су, газ сияқты көптеген әлеуметтік мәселелер толғандырады. Әкімдер де көтерілген мәселелерге қал-қадерінше жауап беруде.
Тұрғындардың көтерген мәселелеріне қарап отырып, көпшілігінің аудан әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын байқауға болады. Бұл заңдылық та шығар. Сарысу ауданының әкімі Марат Сұлтанғалиевтің есебінде де көптеген мәселе айтылды. Сайып келгенде, тұрғындардың сауалы әртүрлі болғанымен, бәрінің де мәселе оңынан шешілсе деген ойының болатыны рас. Аудан тұрғыны Сейітқадыр Әбдіхалықұлының айтуынша, аудан әкімдігі мамандарының жұмысы мардымсыз. Ол өз сөзінде әкімдік ардагерлер кеңесі мен қоғамдық кеңес мүшелігіне тек қана өздерінің сөзін сөйлеп, сойылын соғатындарды ғана кіргізетінін айтты. Сонымен қатар аудан әкіміне халықтың мәселесі бойынша хат жолданғанымен, одан әлі күнге дейін ешқандай жауап келмепті. Президент айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы да тиісті деңгейде жүзеге асырылмай келеді. Керісінше, ол жұмысы нәтижесіз мамандардың «Құрметті азамат» атағын алып жүргенін де ашына жеткізді. Жайылма ауылының тұрғыны Тобақабыл Қажыкенов те аудан әкімі жұмыс істегенімен, аппаратындағы мамандардың жұмысы көңіл көншітпейтінін, себебі олардан жұмыстың нәтижесі талап етілмейтінін айтты.
«Былтыр шөптің рулонын 6 мың теңгеге сатып алдық. Осылай жүре берсек, 20 мыңға да жетеді. Оратын шөп жоқ бізде. Біреулердің кесірінен алты-жеті ай бойы Шабақты өзенінде су болмады. Аудан әкімі жауапты мамандарынан талап етпейді. Тым демократияшыл. Көптеген мәселені шешуге шамасы келмейді. Орынбасарлары да жұмыс істемейді. Әлеуметтік мәселелер де қаралмайды. Сонымен қатар жылыту қазандығымыз да ауық-ауық өшіп қалады. Жоспардағыдай 5 мың емес, 2,5 мың ғана мазут келді. Былтыр мазут алуға бөлінген қыруар қаржы да толық игерілген жоқ. Жылда сол бір мердігер әкеледі. Ал ол мазуттың сапасы да сын көтермейді», дейді ол.
Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауовтың есебінде де көпшілік көкейкесті мәселелерін жолдады. Жол бойында орналасқан Қарасаз ауылының көшелері 1984 жылдан бері жөндеу көрмеген. Сондай-ақ қос бүйірден қысқан қымбатшылық, газ, мектеп мәселелері де көтерілді. «Ауданның құрметті азаматы» атағы туралы мәселе бұл әкімнің есебінде де айтылды. Жиынға келген тұрғындардың айтуынша, жыл сайын бес адамға «Жуалы ауданының құрметті азаматы» атағы беріледі. Оның ішінде елге еңбегі сіңгендері де, түрлі жолдармен алғандары да бар екен. Тағы бір ғажабы, мұндай атақ ауданды әр жылдары басқарған барлық әкімге берілген. Тіпті ауданды алты ай ғана басқарған, жұмыс істеп те үлгермеген әкімдерге дейін бұл атақты алып алған. Жалпы көпшілік мұндай мәселеге тоқтам болуы керек деп санайды. Аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына кіреберіс саябақтағы «Құрмет тақтасына» қарасаңыз, шынында көз сүрінеді. Қарапайым еңбек адамдарынан гөрі, әкімқаралар көп. Ал аудан тұрғыны Айнұр Шынтөрееваның айтуынша, жергілікті билік пен бұқараның арасында байланыс жоқ.
«Аудан әкімін іздеп барған сайын кіре алмай қайтамын. Оны бір жыл бұрын әкім болып тағайындалғанда бір рет көргенмін. Енді екінші рет көріп тұрмын», деген тұрғын басшының бұқараға назар аудармайтынын базына ретінде жеткізді. Көпбалалы ана Ләйлә Диханбаева да әкімнің уәдесіне тойғанын айтты. Міне, аймақтағы аудандардағы бүгінгі ахуалдың бір парасы осындай болып тұр. Жалпы, шешімін табуы тиіс әлеуметтік мәселе барлық ауданда бар. Кейбір әкімдер шынында да халықпен етене жұмыс істесе, кейбірі әлі де болса өз әлемінен шыға алмай жүр деуге болады.
Жалпы, өңірде «Ауданның құрметті азаматы» деген атақ күйіп тұрған мәселе. Кейде даудың басы да осы болып жатады. Осындай пікірлерге қарап, кейде аудан әкімдері атақ берумен ғана айналыса ма деген сауал туындайды. Одан кейін қоғамдық кеңес мүшелерінің мәселесі де өзекті. Мәселен, Меркі ауданының әкімдігі қоғамдық кеңестің мүшелігіне аудан әкімінің орынбасарынан бастап, әкімдікке қарасты біраз бөлім басшыларын да кіргізіп қойған. Арасында қоғам қайраткерлері, қоғам белсенділері жоқ. Бұл да сынға ұшыраған жұмыстың бірі еді. Расында да, мұндай мәселелердің барлығының да реттелгені жөн. «Ауданның құрметі азаматы» төңірегіндегі айқай да, дау да мәселе шешілмей басылмайды…
Жамбыл облысы