Әлеуметтік кәсіпкерлік – қоғамның ең әлсіз топтарын белгілі бір кәсіпке баулу және осы азаматтар өндірген тауар мен көрсеткен қызмет түрлерін сатуды ұйымдастыру. Соңғы өзгерістер бойынша әлеуметтік кәсіпкерлікпен айналысушылар үшін төрт санат енгізілді. Елімізде қайырымдылықпен айналысып жүрген кәсіпкерлер қатары көп болса да, олардың бәрі бірдей әлеуметтік кәсіпкерлер емес. Әлеуметтік кәсіпкерлердің негізгі мақсаты – қиын жағдайға тап болған адамдардың белгілі бір кәсіп түрін меңгеріп, қоғамның толық мүшесі болуына жәрдемдесу. Мұның мысалдары да көп. Жиында 30-дан астам тұрғынды жұмыспен қамтып отырған Бағдагүл Мырзағұлова өз тәжірибесін ортаға салды. Ол 2015 жылы «Келешек» тігін цехын ашып, жұмысқа тек мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана қабылдаған. Алғашқы күннен бастап мүгедектігі бар жандар мен түрмеден жазасын өтеп шыққандарды жұмысқа тұрғызу мақсатын көздегенін айтады.
«Бір күні қоғамдық көлікте келе жатып, жанымда отырған ері мен әйелінің өзара ыммен ұғысып келе жатқандарын көрдім. Сол жерде маған бала-шағасын қалай жеткізеді, бізде тілдік ортаны қажет етпейтін қандай жұмыс бар деген ой келді. Ерекше адамдарды тігіншілікке үйрету керек деген шешімге келдім. Көп кешікпей тігін цехын ашып, мүгедек екі әйелді жұмысқа алдым. Бүгінде цехымыз кеңейді, әжептәуір ғимарат сатып алдым, онда 27 тігінші, киім пішуші жұмыс істейді. Осы кезге дейін ешқашан қолына ине ұстамаған 19 адамды кәсіпке баулысам, олардың екеуі түрмеден жазасын өтеп шыққан жандар. Қазір біздің цехта 16 мүмкіндігі шектеулі азамат, екі түрмеден жазасын өтеп шыққан әйел, бір көпбалалы жалғызбасты ана тұрақты жұмыс істейді. Қазір олар тігінді жақсы меңгеріп алып, еш қорықпастан тапсырыстар алып жүр. Енді Ақтөбе облысының аудандарында шағын бөлімшелер ашып, жазасын өтеп шыққандар мен мүгедектігі бар жандарды жұмысқа алмақпын. Ақтөбедегі түрмелердің бірінен де шағын цех ашу ойымда бар», дейді Бағдагүл Мырзағұлова.
Айта кету керек, бүгінде Ақтөбе облысында 6 мың мүгедек бала, 27 мың ересек мүгедек бар. Өкініштісі, туабітті мүгедектігі бар сәбилер қатары жыл сайын көбеймесе, азайып жатқан жоқ. Өз күшімен жүріп-тұра алатын жандарды белгілі бір кәсіп түріне оқытып, жұмысқа қабылдайтын орталықтар көп емес. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстарды көбінесе кәсіпкер әйелдер қолға алған. «Green Tal» әлеуметтік шеберханасының негізін салушы, Әлеуметтік инноваторлар ассоциациясының жетекшісі Әмин Әскеровтің айтуынша, елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік жүгін мойнына көтеріп жатқан негізінен қыз-келіншектеріміз.
«Бұл жерде кәсіпкерлер қайырымды іс жасаудан өзара бәсекелес болуы керек. Сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту бойынша өңіраралық жақсы байланыстар орнауға тиіс. Біз өзара тәжірибе алмасып, қоғамға толыққанды мүше ретінде кіре алмай, жабығып жүрген жандарға қолдау көрсету жөнінде ортақ шешімге келгеніміз жөн. Қазіргі уақытта мемлекетіміз әлеуметтік кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге әзір. Арнайы заң да бар. Алайда осы заңның шикі тұстары көп. Бүгінде депутаттар да, Үкімет те әлеуметтік кәсіпкерлік заңын жетілдіруді мақұлдап отыр. Оның қамтылмай жатқан тұстары мен шикілігін анықтап, жетілдіру үшін жұртшылықтың көмегін күтеміз. Осы мақсатта, ең алдымен еліміздің әр өңіріндегі әлеуметтік кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйымдардың кеңесі керек. Ұсыныстар легін ел Үкіметі естуге әзір. Жақында мемлекет пен әлеуметтік кәсіпкерлер арасындағы диалог алаңы – республикалық Әлеуметтік инноваторлар ассоциациясы құрылды. Оған еліміздің кез келген азаматы мүше бола алады», деді Әмин Әскеров.
Әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысушы қыз-келіншектер ашатын көбінесе тігін цехтарынан өзге қандай тың кәсіп түрлері бар, осы кезге дейін қоғамда қай салаларды қамти алмай отырмыз? Жиынға қатысушылар басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерттеуді және еліміз бойынша осы салаға мониторинг жүргізуді ұсынды. Ең бастысы, әлеуметтік кәсіпкерлік нысандарына салық жеңілдігін беру.
Әлеуметтік кәсіпкерлердің алдында тұрған ең басты кедергі – өнім өткізу, маркетинг жұмысын жолға қою. Осы жағынан «Атамекен» ҰКП мамандары барынша қолдау көрсетіп, әлеуметтік кәсіпкерлік бағыты бойынша өңірлер арасында байланыс орнату мен тәжірибе алмасуды қолға алмақ.
Бүгінде әлеуметтік кәсіпкер болу оңай емес. Осы істі ұйымдастырушы жан төзімді, ақылы мол, психолог, жүрегі кең, патриот болуы керек. Өйткені оның соңында бірнеше денсаулығы нашар, әлжуаз адам тұрады, ісін лайықты атқара алмаған жанды жұмыстан шығарып жіберуге болмайды. Бірнеше жанның тағдырын мойнына алған кәсіпкер осы істі орта жолдан үзіп, тастап кете де алмайды. Сол себепті де осы салаға бірыңғай пайда табуды мақсат еткендер емес, қайырымдылық жасау арқылы қоғамды өзгерткісі келетіндер барады. Қоғамнан орын таба алмай жүрген әлжуаз жандарға көмек қолын созып, олардың бойындағы ашылмаған мүмкіндіктерін аша білу үлкен жүректі жандардың ғана қолынан келері анық.
Ақтөбе облысы