Қоғам • 03 Сәуір, 2022

Эскимостардың кінәсі

379 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ауызекі тілде сөйлегенде қысқарған сөздердің орыс тіліндегі нұсқасына көбірек жүгінетініміз баршаға мәлім. Әсіресе түрлі күрделі атауларды, министрліктер мен мемлекеттік, қоғамдық, үкіметтік емес ұйымдардың қысқартылған атауларын айтқанда атымызға қамшы салдырмаймыз. Тіпті қазақ тілінің сойылын соғып жүрген журналистердің өзі осыған келгенде «айтуға жеңіл», «үйренген ауыз» дегенді желеу етіп, жалпақшешейлік танытып жүр.

Эскимостардың кінәсі

Өткенде Индустрия және инфрақұры­лым­дық даму министрлігінің ұйытқы болуы­мен БАҚ өкілдері арасында іс-шара өтті. Басқосудың бас тақырыбы қазақша болғанымен МИИР деген қысқартылған нұсқасын сол күйі қалдырған. «Қазақша ИИДМ болуы керек емес пе?» деген сұра­ғы­мыз­ға іс-шараның басы-қасында жүргендер «МИИР деген құлаққа жағымды естіледі, оның үстіне бәріне түсінікті» деген сырғытпа жауаппен құтылды. «Жағымдылығын» желеу, «түсініктілігін» тілге тиек етіп жүрген мұндай сөздер күнделікті қолданысымызда жетіп артылады. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі АҚДМ-ды МИОР, Ішкі істер министрлігін ІІМ емес МВД дейміз, СЦК, ЦОН, ЖК, УК... осылай кете береді. Орыс тіліндегі осындай сөздер мысықтабандап сөзді­гімізге еніп, ақырындап «бас тақыры­бы­мызға» айналып бара жатқанын көбіміз аңғара бермейміз. Аңғарсақ та астарына үңіліп, қаупін сезіне қоймаймыз, салдарын сараптамаймыз. Ал шынтуайтына келгенде, бір кездері «құлаққа жат естілетін» БҰҰ, ТМД, МӘМС секілді қысқарған сөздерді бүгінде еш қиындықсыз айтуға, түсінуге үйреніп кеттік емес пе?

Кез келген тіл өзінің сөздік қорын байы­ту­да туысқан тілдердің лексикалық қорын пайдалануы бұрыннан бар тарихи үрдіс. Да­мыған тілдерде де өзге тілден енген сөз­дер көптеп кездеседі. Тіпті туысқан емес елдердің де тілдік қорын пайдалануға болады. Мәселен, ағылшын тілінің сөздік қорында көптеген тілдің сөздері кездеседі. Тіпті суахили тілінен де алынған сөзі бар. Тіл мамандарының айтуынша, ағылшын тілінің өзінде белсенді қолданылатын 400-ге жуық түркі тілдес сөз бар екен. Ал орыс тілі­нің тұтас бір қабаттары кезінде түркі лек­си­касының негізінде қалыптасқан. Сон­дық­тан да тіл оқшау, ешкіммен байланыспай дамымайды. Керісінше әрқашанда өзге тілдермен байланысқанда ғана, басқа тілдерден сөз алғанда, қорын толтырғанда ғана дамиды. Алайда...

Неміс лингвисі Лео Вайсгербердің «Ана тілі – бұл ерекше құндылық. Әрбір ана тілінің өзінің тағдыры бар. Тілдің тағдыры сол тілде сөйлейтін қауымдастықтың тағдырына тікелей бағынышты» деген сөзі бар. Тіл мен елдің тамырын тұтастырған қазақ халқы «Тіл тағдыры – ел тағдыры» деп бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген.

Рас, қазақ тілі – бай тіл. Әрі ғалымдардың айтуынша, төл сөзге тұнып тұрған тіл. Қазақ тілі түркітілдес тілдердің ішінде өзінің түп тамыры мен тұнықтығы бұзылмаған таза тілдердің бірі. Яғни тіліміздің мәдени ядросы сол күйінде сақталған. Түркі текті тілдің жарқын үлгісі. Мәселен, жазушы Герольд Бельгер Мұхтар Әуезовтің тілдік қорын санап, мысалға алып, қазақ тілі бай деп тамсанып отыратынының өзі не тұрады?! Алайда жаһанданудың жетегінде жүріп тіліміздің тамырынан ақырындап ажырап бара жатқаны алаңдатады. Технология тіліне табынып кеттік. Жоғарыда келтірген мысал – соның бір ғана көрінісі. Тіл тазалығын таразылағанда Міржақып Дулатұлы да «Қазақ тілі бай, таза іргелі жұрт тілі деп бәріміз де айтамыз… Бірақ құр бай, таза деумен тіліміз өздігінен сақталып, әдебиетіміз өрбіп кете ала ма? Қай жұрттың тілі болса да түу басында біздікі секілді таза да, бай болған. Бірақ олар көрші жұрттардың сөзі қосыла-қосыла, жүре бұзылған. Біздің қазақ тілі бұрын ылғалсыз таза болса да, бұл кезде басқа жұрттармен араласа бастадық, басқа жұрттардың оқуын оқыдық…Қазақ тілін сақтаймыз, балаларымызды қазақша болсын дегенде бұлардың бәрінің негізі «Тіл құралы» екенін ұмытпасқа керек» деген еді.

«Әлемде 6 мыңдай тіл бар болса, күн са­йын бір тіл құриды» дегенді жиі естіп, көп айтамыз. Алайда бір тілдің жоқ болып кетуі тұтас ұлттың жойылып кетуімен тең келетін үлкен апат екенін ескере бермейміз. Ғалымдар кез келген тіл өзінің ішкі ресурсымен дамитынын алға тартады. Бұл пікірге қатысты зерттеушілердің өзіндік пікірі де бар. Яғни тілдің құрығанына тілдің өзі кінәлі емес, оның құрығанына сол тілде сөйлейтін қауымдастық кінәлі. Осы жөнінде ой қозғағанда профессор Нұргелді Уәлиевтің «Эскимос тілінің құрып кетуіне эскимостардың өздері ғана кінәлі» деген сөзі еріксіз еске түседі. Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының «Ұлттың сақталуы мен жоғалуына себеп болатын – халықтың өзі. Тілі жоғалған ұлттың өзі де жоғалады» деген тағлымы да еске түседі осындайда. Ендеше, эскимостардың күйін кешпес үшін, ең алдымен, тіл тазалығына ерекше мән берген жөн.