Тарих • 03 Сәуір, 2022

«Қара жорға»: Аңыз бен ақиқат

1031 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Сан ғасырлық тарихын таңбалы тастарға қашап, ұшан-теңіз рухани байлығымен сахара мәдениетін қалыптастырған бабаларымыз сол дәуірде ұрпақтарына аманаттаған мәдени құндылықтарының басым бөлігін жылқыға қатысты етіп шығарған. Бұл сөзімізге «Ала көз аттың жүрісі», «Ақтабан», «Ақтаңгер», «Маңмаңгер», «Салкүрең», «Қос күрең» сияқты ән-күйлер дәлел бола алады. Бұл туындылардың қай-қайсысы да өзіндік ұлттық ерекшелікке ие, қазақтың тұрмыс-салтымен етене байланысып, ыстық ықыласпен өмірге келген шығармалар. Бұл тізімге қазір ел арасында дауға ілігіп жүрген «Қара жорға» биін де қосуға болады.

«Қара жорға»: Аңыз бен ақиқат

Жақында Ілияс Жансүгіровтің «Жолдастар» атты романын оқып оты­рып мынадай қызықты жайтқа ду­шар болдым. Біз «қазақтікі емес» деп кері итеріп жүрген «Қара жорға» тура­лы Жансүгіров кезінде тасқа таң­ба басқандай етіп жазып кетіпті. «Бір мезгілде жиындағы жігіттер қол шапалақтап Көкен деген жігітті күй тартуға сұрады. Көкен кедей үйдің ба­қа­нындай қатқан қара жігіт еді. Оның домбы­раға тартпайтын күйі жоқ. Орысша-қазақша күйдің бәрін тартады. Көкен домбыраны қолға алғаннан-ақ жігіттер ортасын ашып би­леуін сұрады. Көкен домбырасын бұрап алып ұшып түрегелді де «Қара жор­­ға­ны» шерте жүріп, өзі жорғалап би­леп кетті. Қымыздағы мәжіліс оған алақан соғып, айқайлап шала бүлінді де қалды.

Көкен домбыраны ойнатты, би­летті, ол шегін шерткен жоқ, өзі жұ­­­ды­рықтады. Қымыз ішкендер Көкен­мен бірге селкілдеп отыра алмады. Бір жақтан Ғазбекқара күрілдеп:

– Жәшік! Жәшік! – деп айқай салды.

– Жәшік! Жәшік! – деп мәжі­лістің бәрі шулап кетті. Белгібай бір жә­шікті алып кіріп еді, Көкен оны иығы­на қойып алып, орыстың «Кама­ринскаясын» шертіп, өзі домбы­раға биледі».

Ал бұдан артық қандай дәлел керек? Қазақтың фольклорынан бастап жазба әдебиетіне дейін жетік білетін Ілияс Жансүгіров «Қара жорғаны» көзсіздікпен өз шығармасына қосты дейсіз бе? Былайғы жұрт бұл биді моңғолдарға тән дейді. Осы пікірдің басын ашып алу үшін біз Моңғолияда туып-өскен, қазақ пен моңғолдың салт-дәстүрі мен әдебиетін жақсы бі­ле­тін ақын Сұраған Рахметұлына ха­барластық. «1940 жылдары бұл би­ді Моңғолиядағы ішінара қазақтар билегені рас. Бұл жөнінде бізден үл­кен ақсақалдар айтып отыратын. «Қара жорғаны» моңғолдар біздікі деп айтпай­ды, оларда «Жалам-Қар» деген би бар, қазақша мағынасы «Жалым жор­ға» деген сөз» деген шынайы сөзін айтты.

Либреттосын Мұхтар Әуезов жазған «Айман-Шолпан» операсында да «Қара жорға» биі туралы айшықты көрініс орын алады. Бұл жөнінде мына дерекке тоқталайық. 1934 жылы Қазақтың опера-балет
театры «Айман-Шолпан» операсында орындалатын қазақтың билерін сахналау үшін Өзбекстанның «Горли-Арни» этнографиялық ән-би ансамблінің бишісі Али Ардабутты Қазақстанға арнайы шақырады. Би шебері қазақ биін сахналаудан бұрын жергілікті қазақ халқының салт-дәстүрімен, тұрмыс-тіршілігімен танысады, сосын «Келіншек» пен «Қара жорға» күйінің әдемі ырғағына би дайындайды. Әне сол Ардабут қойылымда «Қара жорға» биін тұңғыш рет сахнаға көтереді, жұрт жақсы бағасын береді. Бұл да осы бидің тарихы хақындағы бір белгі.

«Қара жорғаны» әуелдегі қазақ­тар «Қара жорға» күйінің ырға­ғымен билегені рас. Жалпы би өнері адамзаттың пайда болуымен бірге дамыды десек, «Қара жорға» күйі мен биі қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқанын бидің өзі дәлелдеп тұр. Ал мына бір дерекке назар салсақ, бұл бидің тарихы тіпті арыға кетеді. Тарихшы Қанат Өскенбаев қатарлылар құрас­тырған «Қазақстан мәдениетінің атласы» атты кітапта: «Ресейге барғанда ондағы мұрағаттардан «Қара жор­ға» биінің элементтеріне, қимыл қозғалысына ұқсайтын сурет­терді таптық» деп жазады. Бұл дәйектеме аталған биді тек Қытайдағы және өзге шет мемлекеттердегі қазақтар арасына ғана емес, күллі жер бетіндегі қазақ халқы арасына кең тарағанын айғақтайды. Қазақ биінің ескі үлгі­лерінен «Қылыш биі», «Садақ биі», «Бақсы биі» сияқты билер бар. Күндер­дің күнінде осы билердің біреуі ел арасында ұмытылып жатса, оны да біздікі емес деп танымасқа саламыз ба? Аталған халық билері ежелгі бабаларымыз өздері өмір сүрген кең тынысты өмірді көрнекі би арқылы бізге жеткізгісі келгенін баяндап тұрмай ма? Қытайдың Шанхай қаласынан шы­ғатын суретті журналдың 1983 жыл­ғы бір санында Хан пат­шалығы тұсында қазақтың (Ол кезде атқа мін­ген көшпенді дей­ді) халық биі Ханзу ордасының тоғы­зыншы тарма­ғына енгізілді, аты – жылқы биі» де­ген дерек ұшы­расады. Олардың «Жыл­қы биі» деп отырғаны «Қара жор­ға» болуы әбден мүмкін. Естуге қара­ған­да, осыдан бір жарым ғасыр бұрын Қы­тайдағы Алтай аймағы өңірін­де өткен үлкен аста бес жүз қара жорға­мен та­бақ көтеріп, қонақтарға ет тартқан екен.

«Былғары етік қос табан,

Қонышын қайырып тастаған.

«Қара жорға» биімен,

Тойдың басын бастаған.

Жұдырығы тоқпақтай,

Жауырыны қақпақтай.

Тізгін іліп тісіне,

Табақ-табақ ет тартқан»

деп жырлаған ақындар осы бидің ырғағына алғаш рет сөз жазған деседі. Мұхтар Әуезов қазақтың би өнері туралы көзқарасында:«Бiздiң қазақ халқы дарынды, өнерпаз халық, ән, күй сынды мұрамызда шек жоқ. Ал қазақ халқынан қалған би өнерінен мұра өте аз. Жаңа ұрпақ осы бидi қолға алғаны жөн. Менiң байқауымша осы өнерге талпынып жүрген Шара сияқты жастар бар. Одан бiр нәрсе шығатынын сеземін. Ал қай өнердi алсақ та, опера болсын, музыка театры болсын, оның бәрi бисiз болмайды. Қазақтың мидай даласы...Көкпарды көз алдыңызға елестетiп көрiңiз. Бәй­генi көрдiңiз бе? Жорғаның жүрi­сiн көрдiң бе? Мiне, осының бәрi қимыл-қозғалыс» дейтін сөзіндегі «Жорғаның жүрісі» осы «Қара жорға» биі болмасына кім кепіл? «Астана ақшамы» газетінде жарияланған журналист Нәзира Байырбектің бір мақаласында бұл би туралы тағы бір дерек келтіріледі. «Тағы да бишi, Қазақ КСР-нiң халық әртiсi, Қазақ КСР Мемлекеттiк сыйлығының иегерi Шара Жиенқұло­ва­ның сөзiне сүйенудi жөн көрдiк. «Домбыра тарт десе, бәлсiнiп отырып алатын немесе жұрт арқасы қыза бастаса, қас қылғандай жоқ боп кететiн Жұмабай да табылды. «Қара жорға», «Келiншек», «Айжан­қыздарды» дөңгелеткенде өзiңнiң де қалай дөңгеленiп кетке­нiңдi бiл­мей­сiң», – делiнедi ғұмыр­нама бетте­рiнде. «Өмiрiм менiң – өнерiм». «Жа­зу­шы» баспасы 1992 жыл. 15-бет.) Әрине, «Қара жорға­ны» ақтап алу үшін осындай деректер молынан та­бы­­лады. Бірақ бізге керегі өзімізге бөтен­д­ігі жоқ өнерге мұрын шүйіріп қарамау ғана.

Қытайдың Санжы облысы Құ­тыби ауданындағы жартас су­рет­терінде «Қара жорға» биі­­нің қи­мы­­лы­на ұқсас суреттер кез­деседі. Бұны сол елдегі мәде­ниет­танушы ға­лымдар сөз жоқ «Қара жорға» биінің тасқа қашалған нұс­қасы деп таныды. Шыны керек, біздің жан-жаққа шашылып қалған мұраларымыз жетерлік. Отыз жылдың өзінде олардың көбін жинап, елге қайтарып, тіпті өзіміздікі етіп тәуелдей алмай келеміз. Құдды ел арасына кең таралған әндерді «Халық әні» деп атағанымыз сияқты, жұрт жабыла билеген билерді де «Халық билері» деп өзімізге тәуелдейтін уақыт жетті. «Қара жорғаны» моңғолдар біздікі демесе, әрине, ол енді біздікі болмай қайтсін?!