Коллаждарды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
«Ақынның орны – өз жүрегі»
Әбділда Тәжібаевтың ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығы туралы жазған «Шынайы талант» атты мақаласында үлкен жауапкершіліктің, әдебиеттегі ауыр жүктің белгісі байқалады. Қаламдастар ара, аға мен іні арасындағы сырластықтың, бір-біріне деген шексіз құрметтің, мойындаудың да үлгісі осы жазбада тұр. «Біз Мұқағалиды сәл де ұмытқан жоқпыз. Ұмыта да алмаспыз. Қайта арамызға түскен уақыт оның тұлғасын зорайта, асқақтата түсіпті. Жыры жалын ақын қазақ өлеңі өлкесіндегі бір асқарға – дара Алатауға айналғандай. Шынында да, ол қазақ өлеңдерінде Қасым Аманжолов сияқты дауылдай өртке тиген өлеңімен Өмірді шайқаған құдіретті тұлға, қайталанбас кесек құбылыс. Бәрі жадымызда: Оның поэзиямызға қалай келгені. Қалай жетіліп өскені, өршігені. Амал қанша, ол барынша толысып ауылын, астанасын ғана емес, төрткүл әлем қамын ойлай бастаған шағында, сырбаз сезіміне әлеуметтік қуатты ойды, терең пәлсафаны өзек етіп, жүрегінің түбіне кір жасырмай, барлық тұлғасымен толайым көрініп, зор ақындық даусымен жырлай бастаған уақтысында, поэзияның биік шырқауларын көрсететін деңгейге көтерілген кезеңінде үзіліп кетті». Тәжібаевтың таңданысы кейін бүкіл қазақтың поэзияға деген құрметі мен сеніміне, өлеңге деген шексіз махаббатына ұласып кеткендей болды. Мұқағали Мақатаевтың жыр жолындағы сапарына осы бір есті мақала септігін тигізгенін де оқырман жақсы біледі. «Ақынның орны өз жүрегі, таланты, қаламы көтерген биікте болса, Мұқағали Мақатаевқа өзі көтерілген асқар биікке лайық құрмет көрсетуге, өлмес, өшпес рухани, өнерлік ескерткіштер орнатуға тиіспіз. Иә, өлең өлмейді. Ендеше, өзі жазған ақын да өлмейді. Олай болса Мұқағали Мақатаев та көз жұмған жоқ. Қатарымызда. Күнбе-күн қасымызда. Әне, ол мұзбалақ қыранша дүр сілкініп, бүкіл залды бір өзі толтырып, жазық маңайды жарқырап, жарқылдап жыр оқып тұр». Әбділда Тәжібаев таңырқаған Мұқағали ақынның ғұмыры қысқа болғанымен, өлеңінің ғұмыры шексіздікке қарай жол тартты. Ол – сансыз жүректің шамын жаққан, үміт пен сенімнің ақыны, ұлттық поэзиямыздағы жарық жұлдыздың бірі болып қала береді.
Жана бер, Жұмекен жұлдызы
Мұқағали Мақатаевпен қатар шығып, жыр көмбесіне қатар шапқан Жұмекен Нәжімеденовтің талантын мойындау, бағалау – қазақ поэзиясының қасиетін білумен бірдей. Оның ұшан-теңіз мұрасы әлі де толық зерттеліп болған жоқ. Бұл – енді бүгінгі күннің, тіпті болашақтың еншісіндегі шаруа. Жұмекен поэзиясы хақында жазушы Әбіш Кекілбаев былай толғайды: «Мінбедегі тәмпіш мұрын жігіт өлең оқып емес, зікір салып тұрғандай, жұрт соған жаппай елітіп, тіл мен жақтан айырылып қалғандай. Ілгергі жақта шашы дудырап, құлағы селтиіп, үздіге тыңдаған Әбу ақын: «Айналайын-ай!» деп, айқайлап жіберді. Біздің қасымызда мейір қандырар иіс аңдыған жас бөлтіріктей ұзын мұрнын әуелете көтеріп, көзін ұясынан шығара адырайтып, ернін шүйіріп, еміне құлақ тосқан Қадыр Мырзалиев ләм-мим деместен тізесімен тіземді түртіп-түртіп қойды. Жастардың жаңа жинағын құрастырып жүрген Мұзафар Әлімбаев мінбеден түсіп келе жатқан бейтаныс жігітті сәл бөгеп: «Қарағым, басқа да жазғандарыңды қосып бізге әкеліп берші», деді. Кейін, расында да, сол жинақтың нағыз інжу-маржаны Жұмекеннің топтамасы болды». Міне, бұл Жұмекен ақынның аға буын алдындағы шынайы болмысы, өз кескіні еді. Сол шынайылықты ол өз поэзиясына алып келді. «Алатаудың қарынан әперейін балмұздақ» деген ақынға мына дүние тек өлең мен өмірдің арасы болып елестегендей. Шоқтығы биік поэмалар мен қатар үш роман жазып, жазушымыз деп жүргендердің өзін састырған Жұмекеннің жүрегі «Менің топырағым», «Менің Қазақстаным» деп жиі соққанға ұқсайды. «Оның Қазақстаны енді орнап келеді. Оның жұлдызы оның жырларын терең ұққандар көбейе түскен сайын биіктей береді. Ең шырқау биіктерден артында жүзеге асқан абзал мақсаты мен адал еңбегін қалдырған, рухани бекзаттық пен суреткерлік қайсарлықтың үлгісіндей ғұмыр кешкен Жұмекеннің жұлдызы жанбағанда, кімнің жұлдызы жанады?!
Жанады. Жанғанда қандай!». Қазақ әдебиетін ұшы-қиыры жоқ шексіз аспан десек, сол аспанда Жұмекен Нәжімеденов атты бір шоқжұлдыз бар, ол түн сайын жиі жарқырайды, мәңгі жануға қуаты бар екенін көрсетеді. Жана бер, Жұмекен жұлдызы!
Жырларында арғымақтар кісінеген
Біз поэзия падишасы атаған ақын Фариза Оңғарсынова Ғалым Жайлыбайдың «Тобылғыжарған» атты кітабына былай деп алғысөз жазыпты: «Өткенде ұшақ ішінде қолыма түскен газеттен «Ақ сиса» атты поэманы оқыдым. Авторы ақын Ғалым Жайлыбай екен. Қазір поэма жазатындар азшылық қой, бірақ менің айтпағым бұл емес. Айтқым келгені – мен поэманы өте сүйсіне оқыдым. Әсерлендім, ақынның қалам қуатына тәнті болдым. Ал Ғалымның мына «Тобылғыжарған» өлеңдер жинағының қолжазбасын бір деммен оқып шығып, көңілім көтеріліп қалды. Ғалым ақынның әр өлеңі астарлы ой, тегеурінді теңеулерге толы. Мен Ғалым Жайлыбай ақынның қазақ сәйгүлікке салар «қаз мойын қасиетті құрама еріндей» жақұт жырлары оқырманына ой салып, көңіліне қуаныш ұялататынына сенемін» дейді ақын апамыз. Ол күткен сенім ақталды, Ғалым Жайлыбай поэзиясы «Тобылғыжарғаннан» кейін де қазақ оқырманына бірнеше таңдаулы жинақтар ұсынды. Соның бәрінен даланың иісі бұрқырап, арғымақтардың дүбірі естіліп жатты. Поэма сынды үлкен жанрда оның қаламы жұрт сүйіп оқитын туындыларды жаза алды. Кешегі Ғабеңнің, Ғабит Мүсіреповтің «Саңырау еститіндей, соқыр көретіндей етіп жаз» деген ұстанымы осы Ғалым Жайлыбай ақынның шығармашылықтағы қуатына лайық келетін сөз дер едім. Оқып көрсеңіз «Қара орамал» да, «Ақ сиса» да, «Сұлубайдың әні» де үлкен ойларды, ауыр тағдырды арқау еткен бағасы биік поэмалар. Кешегі күні Фариза Оңғарсынова талантын мойындаған Ғалым Жайлыбай – қазіргі әдебиетіміздегі санаулы саңлақ ақындардың бірі. Оның таланты – даланың шексіздігіндей деп батыл айтуға хақымыз бар. Жырында арғымақтар кісінеген ақынның әр өлеңінде адам тағдыры бар. Жазғаны оқылды, бағаланды, әр жүректе жатталды. Өлеңге керегі де осы биіктік емес пе?!
Тыныштықбектің сөздегі суреті
Қаламгер Қуанышбай Құрманғалиевтың Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылығы туралы жазған пікірі де көкейге қонымды. «Тегінде, Тыныштықбек кітабы шықпай-ақ, баспасөз беттерінде жарияланған алғашқы жырлары арқылы-ақ есімі жалпақ елге танылған ақын. Ел назарын ерекше аударатындай бұл ақын өлеңдері несімен ерекше?! Осы жөнінде ой бөлісіп көрелік. Сұрақ жауабын қайтарудың төте жолы да осы ғой. Алдымен ауыз толтырып айтар түйін: Тыныштықбек ақынның қазақ жырының бағына туған дара талант иесі екендігі. Оның өлеңдері арқылы қазақ поэзиясының пайым-парасаты жаңа көркемдік биікке көтеріліп отыр». Бұл жылы сөздерден кейін қазақтың кәдімгі таланттарды бағалайық дейтін ұстанымына ішің жылиды. Біліп айтып отырғаны, талантты мойындау туралы түсінігі бір жерден шығады. «Нағыз ақындық нақыш: сөзбен салынған сурет, таптырмайтын теңеу, орамды айтылған ой, селт еткізетін сезім, қиюы келіскен ұйқас, тосын түйін – жаңаша жазатындығын жазбай танытатын осындай-осындай шеберліктің шынайы белгілері Тыныштықбектің әр өлеңінде өріп жүр. Кітабының кез келген бетінен кездеседі, іздеп әуре болмайсың. Анық ақындықтың сыр-сипаты да осы болса керек, шамасы. Қыр асып, айдалада, қой қорада сақманда жүрген бозбаланың сүйген қызымен сырттай сырласқан сәтін ақын қалай айшықтаған десеңізші!». Иә, қазақ өлеңіне өзгеше жұпар иіс әкелген ақын Тыныштықбек Әбдікәкімұлының шығармашылығы – дара тұрған бір әлем. Оны зерттеудің өзі даралықты қажет етеді.