Әлем • 03 Сәуір, 2022

ЮНЕСКО-ның Мәдени мұра тізіміндегі 53 нысан қираған

1786 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Батыстың бірқатар бұқаралық ақпарат құралы Украина сар­баз­дарының Киев ауданын толық азат еткенін хабарлады. Ресей сарбаздары Украинаның солтүстік бөлігінен жаппай кетіп жатыр. Түркия қоршауда қалған Мариуполь қаласынан бейбіт тұрғындарды эвакуациялау үшін кемелерін ұсынды. Бүгінгі мақаламызда демалыс күндері Украинадағы ахуалдың қалай өзгергені туралы айтпақпыз.

ЮНЕСКО-ның Мәдени мұра тізіміндегі 53 нысан қираған

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр Facebook желісінде Киев облысы ресейлік әскерлерден толығымен азат етілгенін мәлімдеді. «Ирпень, Буча, Гостомель және бүкіл Киев облысы басқыншыдан азат етілді», деп жазды А.Маляр. Дегенмен бұл туралы президент Зеленскийдің әкімшілігі ресми хабарлаған жоқ.

Әйтсе де, әлеуметтік желілерде Ирпень, Буча, Гостомель қала­ла­ры көшелерінен видеолар жария­лана бастады. Онда Украина сар­баз­дары соғыс өрті шарпыған өңір­лерді аралап жүр. Бұдан бөлек, Чер­но­быльдегі атом электр стансасында Украина туы қайта көтерілді.

Сондай-ақ Украина тарапы Изюм қа­ласынан айырылып қалға­нын мәлім­деді. Ресей шаһарды ба­сып алғаны туралы 24 наурызда хабар­­­­­лаған еді. Бұл қалада кескі­лес­кен ұрыс жүріп жатқанын бір­қатар бұ­қаралық ақпарат құралы жария­лаған болатын.

Азат етілген аймақтардан тара­тылған кадрлар жан шошытады. Өліп жатқан бейбіт тұрғындардың мүр­­десі әр жерден кездеседі. BBC арна­сы Киевтің батысындағы Жито­мир бағытындағы жолда өлген­­д­ердің көп екенін хабарлады. Мәс­е­лен, 200 метр қашықтықта жур­на­листер 13 адамның мүрдесіне кезіккен.

«Көліктің жанында әбден күйген қалдықтар жатыр. Солардың бірі ер адам екенін анықтау қиынға соғады. Оның саусағында неке жүзігі бар. Көліктің ішінде (дәлірек айтқанда, көліктің қалған қаңқасында) әйелдің жанып кеткен денесі жатыр. Оның аузы ашық. Ол ақырғы сәтке де­йін ай­қайлаған секілді», деп жаза­ды оқиға орнына барған BBC журна­листері.

Қаза болғандар – Иовенко отбасы. Максим мен Ксения 7 наурыз­да Киев маңындағы әскери қақты­ғыстан қашып бара жатқанда ресейліктер оларды атып тастаған. Бұл сәт Украина сарбаздары ұшыр­ған дронның видеосына жазылып қалған көрінеді. Иовенко отбасы мінген көлікте олардың алты жасар ұлы мен қарт анасы да болған екен. Ресей сарбаздары оларды тұтқынға алып, кейін босатқан. Құдай сақтап, бала мен қария аман қалған. Бүгінде олар қауіпсіз аймаққа жеткізілген.

Түркия Ресей әскерлері қор­шауға алған украиналықтарды Мари­у­польден эвакуациялау үшін кеме беруді ұсынды. Қазіргі таңда қалада қиян-кескі ұрыс жүріп жатыр. Шаһар қоршауға алына бас­­та­ғалы ондағы тұрғындардың көп­шілігі шығып үлгерген еді. Бірақ бүгінде қалада 150 мыңға жуық тұр­ғын қалған. Қаладағы гуманитар­лық апатты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

New York Times газетінің хабар­лауынша, АҚШ әкімшілігі НАТО одақтастарымен келіссөз жүр­гізіп, Украинаға Кеңес Ода­ғынан қалған танктерді беру мәсе­лесін талқылап жатыр. Бұл туралы басылымға Ақ­үйдің ресми өкілі хабарлаған. Газет келтірген мә­ліметтерге сүйенсек, танктер жа­қын арада беріледі. Бірақ нақты қа­шан, қанша көлемде екені жөнінде ресми өкіл ештеңе айтпа­ған. Жалпы, Польшада 500-ден астам модернизацияланған және жаңар­­тылмаған Т-72 танкі бар. BBC арна­сының пайымдауынша, сөз Польша туралы болуы мүмкін.

Украина президенті Володимир Зеленский америкалық Fox News телеарнасына сұхбат берді. Сұхбат барысында Зеленский бірқатар маңызды мәселе туралы сөз қозғады. Атап айтқанда, Украина өз терри­ториясын саудаламайтынын, аумақ­тық тұтастық пен егемендік мәселесі талқыланбайтынын мәлімдеді.

«Шындықтың жеңісі – Ук­раи­на мен украиндықтардың жеңісі. Мәселе соғыстың қашан аяқта­ла­тынында. Бұл терең сұрақ. Бұл ауыр сұрақ. Украин халқы жеңістен басқа еш нәтижені қабылдамайды», деді Зеленский.

Сондай-ақ ол НАТО туралы сөз қозғап, Украина ұйымға кіре қал­ғанда одақ әлдеқайда күшейетінін атап өтті. Бұдан бөлек, Зеленский АҚШ-тан тағы да зымырандар мен ұшақтар сұрады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтары жөніндегі Жоғар­ғы комиссариаты Украинада 3 257 бей­біт тұрғынның қаза тауып неме­се жарақат алғанын хабарлады. БҰҰ келтірген деректерге сәйкес
1 267 адам бақиға аттанған. Украи­наның Донецк және Луганск облыс­тарының бақылауындағы аумақта 358 адам өмірмен қоштасып, 772 адам жараланған.

Литва үкіметі бұдан былай Ре­сей­ден газ сатып алмайтынын хабар­лады. Аталған елдің мұндай шешімге келуіне Кремльдің жанар­май ақысын рубльмен төлеуді талап етуі мен Украинаға басып кіруі се­беп болған. Литваның энергетика ми­нистрлігі сәуір айынан бастап Ресей­ден газ импорты толығымен тоқта­тылғанын мәлімдеді. Енді қажет­ті көгілдір отын Клайпеда теңізі тер­миналы арқылы сұйытыл­ған күйде жеткізілмек.

«Біз «Газпромнан» газ сатып алатын Еуропалық одақ елдерінің арасынан алғашқы болып осындай қадамға барып отырмыз. Бұл – көп жылғы мақсатты энергетикалық сая­саттың және дер кезінде қабыл­дан­ған инфрақұрылымдық шешім­дердің нәтижесі», деді Литваның энер­гетика министрі Дайниус Крейвис.

Сарапшылардың айтуынша, ресми Вильнюстің Ресейден газ алудан бас тартуына таңғалудың қажеті жоқ. Өйткені Литва мұндай қадамға баруға ертеден кірісіп кет­кен. Мәселен, 2014 жылы Клайпеда теңізі терминалы ашылған еді. Жо­ба­ның жалпы құны 101 млн еуроға жетті. Сондай-ақ бұдан бөлек норвегиялық Hoeg LNG компа­ниясына жыл сайын 56 млн еуро төлеп отыр. Бұл қаражат Inde­pendence кемесінің өтемі ретінде беріледі. Осы Independence арқылы Вильнюске сұйытылған газ жеткізіледі. Былтыр Литва газдың үштен біріне жуығын «Газпромнан» сатып алған. Дегенмен бұл кейінгі кезде Ресейден келетін көгілдір отынға тәуелділікті айтарлықтай төмендетті. Енді міне, «Газпромнан» мүлдем бас тартып отыр.

АҚШ сауда министрлігі Ресей мен Беларусьтегі аэроғарыш, теңіз, электронды салаларға қатысы бар 120 компанияға санкция салды. Ақ үйдің коммуникациялар жөніндегі директоры Кейт Бедингфилд жаңа шектеулер Ресейдің қорғаныс, ғарыш және теңіз секторларын әлсі­ретуге бағытталғанын атап өтті. Ақүй тарапы санкция салынған ком­панияларды экономикалық және стратегиялық тұрғыда Ресей үшін маңызды деп есептейді.

«АҚШ үкіметінің анықтамасына сәйкес бұл ұйымдардың әрекеті ұлттық қауіпсіздік немесе сыртқы саясат мүдделеріне қайшы келеді», де­лінген сауда министрлігінің құжа­тында.

Украинада ЮНЕСКО мәдени мұра деп таныған 53 нысан қираған. Бұл туралы France Presse агенттігіне ұйым өкілі мәлімдеді. Ұйым спут­никтен түсірілген суреттерді, Ук­раина билігінің деректерін үздіксіз тексеріп отырған көрінеді. Алайда ЮНЕСКО өкілдері қираған мәдени мұралар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады. Ресей Украина жеріне басып кіргелі бері Киев, Харьков және Чернигов облыстарында 29 ғибадат орны, 16 тарихи ғимарат, төрт ескерткіш пен төрт мұражай бүлінген немесе толықтай қираған.

Ресей басып алған Украинаның бірнеше қаласында қарсылық акциялары өтті. Киев билігі ресейлік сарбаздар бейбіт тұрғындарға оқ атқанын айтып айыптады. Әсі­ре­се Энергодар қаласында сарбаз­дар бейбіт шерушілерге оқ жаудыр­ған. Соның салдарынан 4 адам қаза тапқан. Жалпы, Ресей әскер­лері наурыз айы басталғанда Еуро­падағы ең ірі атом электр стансасы орна­ласқан Энергодар қаласын бақылауға алған еді. Содан бері онда қарсылық акциялары бірнеше рет өтті.

Сонымен қатар Ресейде де со­ғысқа қарсы шерулер өтті. Елдің 17 қаласында болған наразылық акция­лары кезінде полиция 200-ге жуық демонстрантты ұстаған. Құқық қор­ғаушылардың айтуынша, Санкт-Пе­тербургтегі наразылық акциясын түсіріп жатқан екі журналистің жұ­мы­сына курсанттар кедергі келтірген.

The Guardian басылымы Украи­надағы жан шошытарлық тағы бір оқиға туралы жазды. Газет кел­тірген мәліметтерге сүйенсек, Ресей сарбаздары өз күштерін қайта топтастыру кезінде балаларды қал­қан ретінде пайдаланып, әскери тех­никаның алдына отырғызып қой­ған. Мұндай деректерді Киев және Чернигов қалаларының маңын мекен­деген тұрғындар айтқан.

«Балаларды қалқан ретінде пайдалану оқиғалары Сумы, Киев, Чернигов, Запорожье облыстарында тіркелген», дейді Украинаның адам құқықтары жөніндегі омбудсмені Людмила Денисова.