Әлем • 04 Сәуір, 2022

Қазақстан – ЕО ынтымақтастығы нығая түседі

368 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Қазақстан Республикасы – Еуропалық одақ» ынтымақтастық комитетінің 19-шы отырысы өтті. Кездесуге Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко қатысты.

Қазақстан – ЕО ынтымақтастығы нығая түседі

Ал екінші тараптан Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің Ресей, Шығыс әріп­тестігі, Орталық Азия және ЕҚЫҰ бойын­ша басқарушы директорының орынбасары Люк Девинь тең төраға болды. Іс-шараға қазақстандық министрліктер мен ве­домстволардың өкілдері, сондай-ақ Еуро­па­лық комиссияның түрлі директо­рат­тарының қызметкерлері қатысты.

Отырыс барысында Қазақстан мен ЕО арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімнің іске асырылуы, сондай-ақ Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың 2021 жылғы Брюс­сельге сапары барысында қол жеткіз­ген уағдаластықтар сөз болды.

Саяси, сауда-экономикалық салалар­дағы ынтымақтастық, заң үстемдігі және адам құқықтары, сондай-ақ көлік, энер­гетика, білім, ғылым, қоршаған ортаны қорғау, климаттың өзгеруімен күрес сала­ларындағы өзара іс-қимыл талқыланды. Сонымен қатар Қазақстан мен ЕО ара­сындағы виза режімін жеңілдету мәселесі де қарастырылды.

Отырыстың бір бөлігі ЕО-ның Орта­лық Азия бойынша стратегиясы және Global Gateway стратегиясы шеңберіндегі Қазақстан мен ЕО ынтымақтастығына арналды.

Р.Василенко сөзінде Еуропалық одақ елі­міздің негізгі сауда және инвести­циялық әріптесі екенін атап өтті. Қазақ­стандағы сыртқы сауда мен тікелей шетелдік инвестициялардың шамамен 40 пайызы ЕО үлесіне тиесілі. COVID-19 пандемиясының кері әсеріне қарамастан өткен жылдары сауда-экономикалық қатынастар деңгейі өскен.

Отандық дипломат ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларының Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда-саттыққа кері әсерін тигізбеуінің маңызына тоқталды. Бұл ретте Қазақстан өкілі отандық экспортты, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін ЕО нарығына шығаруды дамыту мәселесіне тоқталды. Өз кезегінде ЕО тарапы санкциялар Қазақстанға бағытталмағанын нақтылап, қазақстандық экспорттың ЕО нарығына кіруін жеңілдетуге қолдау көрсетуге әзір екендігін жеткізді.

Қазақстан өкілдері «Еуропалық жасыл мәміле» бағдарламасы бойынша жасыл энергия саласындағы ынтымақтастықты жандандыруға, Еуропаның батарея және шикізат альянстарымен әріптестік орнату туралы бастаманы көтерді. Кездесулерде климаттың өзгеруіне қарсы күрес мәселе­леріндегі өзара іс-қимыл, атап айтқанда, Қазақстан Үкіметінің 2060 жылы көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөніндегі жоспарлары талқыланды.

Көлік мәселелерін талқылау барысында еуропалық тарап Транскаспийлік халық­аралық көлік бағыты (Middle Corridor) бойынша ынтымақтастыққа қызығушылық білдірді. Р.Василенко бұл теміржол бағытының артықшылықтары туралы айта келе, Middle Corridor ЕО-ның Global Gateway жаһандық бастамасының мақсаттарына сай келетінін атап айтты.

Тараптар саяси ынтымақтастық шең­берінде жоғары деңгейдегі сапарлардың маңызын атап өтті.

Министрдің орынбасары Қазақстан ЕО-мен ынтымақтастықтың басым бағыт­тарының бірі заң үстемдігі мен адам құ­қықтары мәселелеріне үлкен мән беретінін баса айтты. Осы тұрғыда ол еуропалық әріптестерін Мемлекет басшысының жаңа Қазақстанды құру бойынша елде іске асырылып жатқан ауқымды саяси ре­формалары туралы хабардар етіп, Пре­зиденттің халыққа Жолдауының негізгі тезистерімен таныстырды. Еуропалық тарап ел басшылығының саяси жаңғыру бағытына қолдау білдіріп, реформаларды жү­зеге асыруда қолдау көрсетуге ниет білдірді.

Адам құқықтары мәселелері бойынша диалог саласында парламентаралық ынты­мақ­тастықты жандандырудың маңызды­лығы атап өтілді. Сондай-ақ қазақстандық тарап құқық қорғау органдарына арналған түрлі тренинг пен семинарға қатысуға қызығушылық танытқан.

Тараптар «Орталық Азия – ЕО» фор­матындағы ынтымақтастық деңгейіне оң баға беріп, биыл өтетін бірқатар іс-шараны талқылады. Өңірлік қауіпсіздік, тұрақты даму, қоршаған ортаны қорғау және азаматтық қоғамды дамыту мәселелері маңызды бағыттар ретінде белгіленді.

Жалпы, Қазақстан – ЕО ынтымақтастық комитетінің кезекті отырысы жан-жақты пікір алмасуға және ортақ келісімді одан әрі іске асыру бойынша нақты қадамдарды белгілеуге, сондай-ақ биыл маусымда Фран­цияның төрағалығымен өтетін «Қазақ­стан – ЕО ынтымақтастық» кеңесінің 19-оты­рысына дайындық жұмыстарын жүргі­зуге мүмкіндік берді.

Комитет отырысынан кейін Р.Васи­ленко Еуропалық сыртқы байланыстар қыз­метінің бас хатшысы Стефано Санни­номен кездесіп, Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың Брюссельге сапарының қорытындылары бойынша екіжақты ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі әрі қарайғы қадамдарды талқылады.