Созақ аудандық полиция қызметінің қызметкерлері Ақжар көлінің маңында заңсыз аң аулап жүрген екі ер адамды ұстады.
Олар Ордабасы және Төлеби аудандарының тұрғындары екені анықталды.
Тәртіп сақшылары «Охотзоопром» өкілдерімен бірлесіп заттай дәлел ретінде браконьерлерден екі аңшылық мылтық, үрлемелі қайық, сондай-ақ 18 қаз және 8 үйрек ұшасын тәркіледі.
«Күдіктілер Созақ ауданына аң аулауға келгендерін мойындады, бірақ оларда бұған рұқсат болмаған. Қазіргі уақытта ұсталғандарға қатысты ҚК-нің 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Тәртіп сақшылары күдіктілердің басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын анықтайды», дейді ТҚК ПД баспасөз қызметі.