Бір жылдары қазақтың ақын қыздары деген көк жүзіндегі шоқ жұлдыздай шоғыр болушы еді. Сол шоғыр «Қанша биік болса да, Күнге жеткен тау бар ма!?», деп өлең өрнектеген жыр анасы Мәриям Хакімжанованың саптағы сарбазындай, қолындағы қайраулы найзасындай жыр отын лаулатып жүретін. Қазір сол ақын қыздардың көбі арамызда жоқ. Тәубе дейтініміз, ізбасарлары өсіп келеді. Аяулы да ардақты алдыңғы толқынның көзіндей, айтқан сөзіндей болып арамызда жүрген, «Аққыз, ақ ана, ақ әже, Ақұштап. «Ақ Жайық», «Ақ желең», «Ақ шағала», Ақұштап» деп Қадыр ақын (Мырза Әлі) әспеттеген Ақұштап Бақтыгереева елордадағы Еуразия ұлттық университетінде болып, жұртшылықпен дидарласып, жырдан шашу шашты.
«Ақ Жайықтың ақ шағаласы» атанған ақберен Ақұштап туралы айтулы әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кенжеғали Мыржықбаев тебірене ой қозғады.Өнер биігіне ұмтылған жастар оның өлеңіне жазылған әндерді нақышына келтіріп орындады. Ондаған студент ақын жырын жатқа айтып, жиналған жұртты бір серпілтіп тастады.
Зал толы жұрттың алдына шыққан ақын «Ақ сөйлеп, адал күлетіндермен, Шындықты жақтап жүретіндермен, Сыйластық сырын білетіндермен – Танысқым келеді менің. Жаманға жағынбайтындармен, Жоқтыққа тарылмайтындармен, Арманнан арылмайтындармен – Табысқым келеді менің. Жанары мөлдірегендермен, Жүрегі елжірегендермен, Үмітке сендіре білгендермен – Достасқым келеді менің. Мұң-қайғы жеңбейтіндермен, Өсекке сенбейтіндермен, Наданға ермейтіндермен – Бас қосқым келеді менің», деп ағынан жарылып іргелі оқу орнының осындай әдемі кешті ұйымдастырғанына шынайы ілтипатын білдіріп, әсіресе, жастардың қанаттануына септігін тигізу мақсатында жұмыс істей бастаған «Кәусар» әдеби-танымдық бірлестігі туралы шынайы ілтипатын жеткізді, өткен ғасырдың 60-шы жылдары бұрынғы С.М.Киров, қазіргі Әл-Фараби атындағы университетте «Мұхтар Әуезов» бірлестігі болғанын, содан бүгінгі сөз зергерлері Әбіш Кекілбайұлы, Төлен Әбдікұлы, өзге де әдебиетіміздің белді де беделді өкілдері шыққанын тілге тиек етті. Өзінің Ақ Жайықта туып, Алматыда өскенін, 90-шы жылдардағы аласапыран заманда кіндік қаны тамған өңірге барып, жұртқа ұйытқы, жастарға үлгі болсам деген ниетін, ол нәтижесін бергенін тарата айтып, аққу жүзген Жайықтың тартылып бара жатқанын, Каспийге құятын сағасын құм басып, балықтың өзен бойлап жүзе алмай қалғанын, осының бәрі полигонның кесірі екенін ашына тұрып, ашық айтты. Қазақ жұртының бастан өткерген қасіреттерін термелей келіп, қазақ қыздары мен ұлдарының кей тұстағы намыссыздығын да назардан тыс қалдырмады. «Құдайдан сұрап алған Сағындық – Саша, Айнамкөз – Аня, Сәулетай – Света атанды. «Бұл қалай?» десең, «Ну, что?» дейді. Мен осындай ұрықсыздықпен күресіп келемін», деп 1986 жылғы көтеріліс туралы айтып, кеңес дәуірі дүрілдеп тұрғанда именбей «Мен – қазақпын!» деген Жұбан Молдағалиевтің рухына арнаған өлеңін оқығанда, қаумалаған жұрттың көзіне жас үйірілді. «Біреулер бастық көрсе қуанатын, Біреулер жалпылдайтын сұрап атын. Бір кезде жазушылар мінбесіне, Барады көтеріліп Жұбан ақын», деп алып, оның ішкі монологын беретін: «Желтоқсанның көргенше он алтысын, Бір күн бұрын батсамшы батар күнмен... Ұрпағыма халім бар не дер енді, Қорладыңдар бұл қазақ деген елді. Қыздарымды сүйретіп бұрымынан, Ит таласын деп пе едім немеремді... Деп үйреттің мәңгүртсің, бәрің надан, Тіл мен діннен айырылды елім, бабам, Кеше алаңда сабаған сенің тегің, Ал таяқты жегендер менің балам», деген ақберен Ақұштап: «Кетті залды ақынның өртеп демі, Әлі есімде – біреулер селт етпеді. 37 қуғынын көрген сорлы, Қол соғудан сескеніп, жер тепкені. Жұбан бөрі, өзгелер – қояндардай, Колбин жүзі сәл қанға боялғандай, Зал гуілдеп, бір кезде – жер солқ етіп, Ұйқысынан бар қазақ оянғандай», деп арнау өлеңінің соңғы нүктесін қойды.
Ақын бұдан кейін күні кеше арамыздан кеткен алып ақын Фариза Оңғарсынованың үлгісін ортаға салып, қыздар да өлмес өлең жазатынын, оны жыр сұңқары дәлелдеп кеткеніне дәйектер келтірді. «Сен ақын да болдың, ұрпақ өсірген қатын да болдың. Бұл да қазақ анасына тән қасиет», деген байламын мысалға келтірді.
«Бесік тербеп отырып өлең жазам», деген Ақұштап ақын туралы сіңлісі Маржан Ершуова академик Зейнолла Қабдоловтың «Орал десе көз алдыма Қыз Жібек, Мәншүк, Ақұштап келеді», деген сөзін еске түсіріп, ақын апасына сый-құрмет көрсетті. Айбатыр Сейтақ арнау өлеңін оқыды.Талантты қаламгер қыз Айгүл Кемелбаева кемел ойын ортаға салып, ұлт, рух дегенде Ақұштаптың жасандылықтан аулақ екенін атап айтты. Астананың бас ақыны атанған Серік Тұрғынбекұлы мына жалғаннан жарқ етіп жасын кеткен Төлеген Айбергеновтің «Оралып өткен алдымнан, Оралдан ұшқан көк қаршыға», деген екі жолын алға тартып, өзі «Жайсаң қызы қазақтың», деп жыр нөсерін төкті. Қаламгер Алтыншаш Жағанова бірі ақ, бірі қара түсті бола жүріп қазақ қыздар поэзиясының туын желбіреткен Фариза мен Ақұштап туралы толғамды ойын толымды етіп ортаға салса, жазушы Табыл Құлиясов ақын қарындасының ел мен жер тағдырына қатысты айтқан толғаныстарына қосылатынын, бұл әр кез ұлт зиялыларының жадында жүретін, ойынан кетпейтін толғақты іс екенін жеткізді. Сыншы Жұмаш Сомжүрек қазақ қыздар поэзиясында махаббат лирикасын Ақұштап қалыптастырғанына жыр жолдарынан мысалдар келтіре отырып баяндады.
Сонымен, ақын кеші жиналған қауымды айрандай ұйытып, қазақ өлеңін жеткізіп айтса жерімейтін тыңдаушы табылатынын ұқтырды. Оның үстіне ақберен ақын қыздың ұлт руханияты, тағдырлы жұртымыздың бүгіні мен ертеңі туралы тереңнен тамыр тартқан өлеңмен өрілген байламдары да тыңдаушыны жіпсіз байлап алғанына куә болдық.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан».
––––––––––––
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ.