Мені оятпай жұмысқа кетіп қалыпты, содан бақшаны өзім аралап, бір әңгелектің пісіп тұрғанын көрдім. Бірақ жұла алмадым. Себебі біздің үйде көкемнің (әкемді солай атаймын) рұқсатынсыз бір қауын да сабағынан үзілмейді, таңертең өзі аралап, піскенін алып шығады. Көкемді күттім. Түсте тынығуға келгенде алдынан жүгіріп шығып: «Көке, мен бір әңгелекті көріп қойдым, жейікші», дедім. Ол керзі етігін шешіп жатып: «Ә, анау төртінші арықтағы ма?» деді, мен көзім қиылып басымды изедім. Көкем: «Қазір ол ыстық қой, қайтесің, таңертең үзейік», деді. Мен көнбей қойдым. Әрі айналдым, бері айналдым. Кенжесінің қылығы жеңді ме: «Жүр, онда», деп әңгелекке қарай тартып тұрды. Тұра жүгірдім. Бірақ көкем таңда көрген сап-сары әңгелекке тоқтамай, содан әрі жатқан пәлекке (қауын-қарбыз атаулының жапырағы) қарай өтіп кетті. Түсінбей тұрып қалдым, ол: «Мына әңгелекті көрдің бе, енді сарғайып жатыр. Мен оның пәлегін қайыра ашып қойдым. Ол анау сен көрген сап-сары әңгелекке қарап толық піседі. Енді сарғайып жатқандары әбден піскендерін көрсе, тез жетіледі. Әйтпесе сазарып тұрып алады. Түстен кейін күн ысыса, ертең екеуін бірдей жейсің. Күте тұр», деді. Есек, сиыр көріп, менен бұрын жеп қоймасын деп қалқалаған сап-сарыны енді сарғайғаны тезірек көрсін дегендей, пәлегінен ашып қойдым да үйге қарай тарттым. Бұл жолы көкем менің соңымнан ерді. Ал таңертең әдеттегідей әңгелектің иісімен ояндым. Атып тұрып, масахананы түрсем, сап-сары екі әңгелек мені күтіп тұр екен.
Бір замандасым «Біз жоғалған ұрпақпыз» деді. Біз жоғалған ұрпақ емеспіз, біз – жетілмей жатып, толық аяқтан тұрмай тұрып үлгі болар арыстарымыз, барыстарымыз, қаймағымыз, бар нарымыз кей «әңгелекше үзілген» ұрпақпыз. Қазір қазақ қоғамы көшбасшыларға мұқтаж, кейінгіге ұрламай, біреуден тартып алмай, халықтың ақшасын жемей де күн көруге, өсуге, жетілуге болатынын көрсететін көшбасшыларға мұқтаж. Олар бар, бірақ тым аз. Қайтпек керек? Ертеңгі лек бізге мойын бұрғанда кері кетпей, алға жүру үшін өзімізден көшбасшы жасауға тиіспіз. Көшбасшы деген кім? Алдымен ол – ұл. Ол әрине отбасында қалыптасады. Біз «қыз, қыз» деп жүріп, сол қызға егелік ететін, елді бастайтын ұлдың жайын ұмыттық.
Қоғамның шынайы пердесін түрейік. Есектің жүгі жеңілдеген сайын жатаған келеді. Осы рас сөз. Жігіттің жауапкершілігі жоғалған заман. Біз қазір ұлды алақанға саламыз, аялаймыз, ол қателік істесе де маңдайынан сипаймыз, аузына тамақты өзіміз саламыз. Айналамнан күнде көріп жүрмін. «Қыз – жат жұрттық» дегенді тұп-тура түсінетіні сонша, оны кеудеден итеріп, шеттетіндер бар. «Кетесің де қаласың ғой ертең» деп бетіне басатындар да бар. Сөйткен қыз не істейді, өз күнін өзі көреді, тырбанады, талпынады, қолдау дегенді күтпейді, өзіне сенеді. Өмір көреді, қайралады, жігерленеді. Ал өз басын өзі алып жүре алмайтын, үйден аттап шықпаған, шықса да шешесінің етегіне жабысып жүретін жігіттер үйленген жарын да шешесіне айналдырып алады. Содан не болады? Әйелі бала-шағасын шұбыртып әркімге алақан жайып жүреді немесе сол өзінің өмірін тәрк етіп «еркекке айналады». Айналамызды мұндай мысалдар көп. Бір танысымыз екі жұмысына қосымша үшінші жұмыс іздеп жүргенін, себебі күйеуінің 2,5 жылдан бері жұмыссыз үйде жатқанын, мардымсыз екі жалақысының жетпейтінін жеткізді. Ал бір әйел редакциямызға: «Мен жалғыз өзім үш баламды, күйеуіммен қоса бағып отырмын. Күйеуім 9 жыл болды, жұмыс істемейді. Жақында қор ашылыпты ғой, содан көмек алып бересіздер ме?» деп хабарласты. Айтпақшы, күйеуі бір үйдің ерке баласы екен, әйтпесе дені сау, аяқ-қолы балғадай.
Бәрі де сол үйдегі қарапайым еңбектен, жұмысқа салып өсіргеннен басталады. Кез келген істі үйіріп әкететін іскер жігіт те жастайынан жұмыстың көзін тапқан ұлдан шықпай ма? Жоқ демеймін – бар, бірақ көбіміз ұлдың басынан жауапкершілігін алып қойғанбыз, жүгін жеңілдетіп тастағанбыз. Дәл осы жұмысы жоқтық аздырып тұр. «Ақ отауыңды тігіп береміз, тек отаудың иесі – сенсің, үйдегі бүкіл тәртіп пен тәрбиеге сен жауап бересің!», «Ту көтерер келді деп қуанғанбыз, әйелге қарап емес, ерге қарап елін, тегін таниды» деген жүкті жеңілдетіп алғанбыз. «Тегіңді сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле, ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле» деген сөз бар қазақта. Ұлт, ұлт деп жүріп тегімізден айырылып қалмайық, тексіз ұлттың түкке керегі жоқ.
...Бар болғаны, қазақ қоғамының шынайы пердесін түргенде «қос әңгелекті» қатар көргім келеді...