Қазақстан • 04 Сәуір, 2022

Қуатты армия – қауіпсіздік кепілі

847 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қаңтарда Қорғаныс министрлігінде сөйлеген сөзінде геосаяси жағдайды және өңірлік деңгейдегі қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыруды талап етті.

Қуатты армия – қауіпсіздік кепілі

Президент әскери-көлік авиация паркін толықтыру қажеттігін де баса айтты. 2022 жылға арналған қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу жоспарын қайта қарауды тапсырды. Мемлекет басшысы межелеп берген бұл тапсырмалар қаншалықты орындалып жатыр?

Рас, ғаламдық қауіпсіздік пен геосаяси ахуал күрделене түскен сайын Қазақстан армиясы да жоғын жоқтап, кем-кетігін түгендеуге кірісті. Әсіресе көрші елдер арасындағы күн санап күрделене түскен шиеленіс әскер саласындағы реформаларды қайта жаңғыртып, кей мәселелерді мықтап қолға алу қажеттігін ұқтырды.

Қоғамның Қазақстан армиясының әле­уе­тіне деген көзқарасы әрқилы. Көңілді күпті еткен сұрақтар да бар. Соның ең бастысы – «Ел басына күн туса, әскеріміз Қа­зақстанды қандай қару-жарақпен қор­ғайды? Еліміз қорғаныс қабілетін нығайтуға қаншалықты көңіл бөліп отыр? Біз­де қандай қару-жарақ бар? Армиямыз Кеңестің ескі-құсқысынан құтылып, үздік технология мен техникаға қол жеткізді ме?» деген сұрақтар. Көптің көкейінде жүрген осы мәселелерді еліміздің Қор­ға­ныс министрінің орынбасары, генерал-лейтенант Руслан Шпекбаев тәуел­сіз­дік­тің түпқазығы – мықты армия деген ұлт­тық мүдде тұрғысынан айшықтап берді.

Қазақстан Қарулы Күштерін тех­ни­калық жарақтандыру – әскердің жауын­герлік әзірлігі мен жауынгерлік қабі­летін арттырудағы аса маңызды басым­дық­тар­дың бірі. Тәуелсіздік алған жылдары еліміздің алдында жас мемлекеттің еге­мендігі мен тұтастығын қамтамасыз ете алатын төл Қарулы Күштерін құру мін­деті тұрғаны да анық. «Сол кезеңде Қазақстанда Кеңес армиясының көптеген әскери бөлімдері мен базалары, әскери-зерттеу нысандары мен полигондары орналасқан болатын. Сондықтан бізде мемлекеттің әскери мекемесін құруға қажетті мүмкіндіктер болды», дейді генерал Р.Шпекбаев.

Қазақстан армиясының тарихына қыс­қаша тоқталып өткен ол: «40-шы дер­бес Қызыл Тулы жалпыәскери армия­сы­ның құрамалары мен бөлімдерінің негізінде бізге Құрлық әскерлерін құруға мүмкіндік туды. Әуе армиясының аралас авиациялық корпусының негізінде Әскери әуе күштері, Әуе шабуылына қар­сы қорғаныс корпусының құрамалары мен бөлімдерінің негізінде әуе шабуы­лы­на қарсы қорғаныс әскерлері құрылды.

Мемлекет басшылығының дер кезін­де қабылдаған батыл шешімдерінің, сондай-ақ Кеңес Одағының Батыры, Ха­лық қаһарманы, Қазақстанның тұң­ғыш Қорғаныс министрі, армия генера­лы Сағадат Нұрмағамбетовтің мол тәжіри­бесінің арқасында Қарулы Күштер­ді кезең-кезеңмен реформалау жүзеге асы­рыл­ды» деп тәуелсіздік алған тұстағы ел әске­рінің алдында тұрған басты мәсе­ле­лер­ді тізбелеп өтті.

Біздің «Бүгінде әскеріміз қалай жа­сақ­­­талған?» деген сұрағымызға Қор­­ға­ныс министрінің орынбасары: «Қазақ­стан­ның Қарулы Күштері 30 жыл ішінде 4 мыңнан астам заманауи қару-жарақ пен әскери техника түрлерімен қамтамасыз етілді. Қазіргі уақытта негізгі күш-жігер әс­кер­­лердің сапалық параметрлерін арт­тыру­ға, оларды қару-жарақтың, әскери тех­никаның және арнайы құрал­дар­дың соңғы үлгілерімен кезең-кезең­мен тех­ни­калық тұрғыда қайта жарақ­тан­ды­руға басымдық беріліп отыр», деп жауап қатты.

Генералдың айтуынша, қару-жарақ­­тың перспективалық үлгілерін сатып алуға қарамастан, Қорғаныс ми­нис­тр­лігі қол­даныстағы техниканы жаң­ғыр­туды да жүзеге асырып келеді. Қор­ғаныс ведом­с­твосының тапсырысы бойынша отан­дық кәсіпорындарда бронды техниканы (Т-72, БМП-2 және БТР-80) жөндеу мен жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Со­нымен бір­ге қару-жарақ пен әскери техникаға техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жұ­мыстары Беларусь, Германия, Ис­пания, Польша, Ресей, Франция және т. б. елдердің кәсіпорындарымен де оң жолға қойылған. «Осы жерде Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетін арттыру, әскери техниканы уақтылы жаңғырту мақсатында Қазақстан әлемнің қырықтан астам елімен белсенді ынтымақтастық жасайтынын айта кеткен артық болмас. Бұл салада әлеуетті әріптестердің тізімі үнемі кеңейіп отырады», дейді Р.Шпекбаев.

Генерал-лейтенант Руслан Шпек­баев­тың мәлімдеуінше, Мемлекет бас­шы­­сы­ның тапсырмаларын орындау мақ­са­тында қазіргі таңда жүк көтерім­ді­лігі 40 тоннаға дейін жететін А-400М ауыр әскери-көліктік ұшақтарын сатып алу жоспарланған. Ол сондай-ақ елі­міз­дің Әуе қорғанысы күштері қазір­гі заманғы 4++ буындағы Су-30СМ жой­ғыш­тары, өз тобында үздік саналатын С-295 әскери-көліктік ұшақтары, Zlin оқу-жаттығу ұшақтары, ЕС-145, Ми-171Ш тікұшақтары, Ми-35М көлік­тік-жауынгерлік тікұшақтарымен толық­ты­рыл­ғанын да жеткізді. Сонымен қатар келе­шекте Су-34 жойғыш-бомбалаушы, Су-39 шабуылдаушы ұшақтарын сатып алу жоспарланып отыр.

«Әуе шабуылына қарсы қорғаныс техникалары паркі де жаңартылуда. Бүгінде С-300ПС, С-200, С-125 зенит­тік-зымыран кешендері, отандық «Нұр» радиолокациялық стансалары жауын­гер­лік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйе­сінің, оның ішінде дәлдігі жоғары қарулардың мүмкіндігін арттыру үшін 2020 жылы Бук-М2Э зениттік-зымыран кеше­нінің дивизионы жауынгерлік қыз­метке кірісті.

Барлау, оның ішінде радиолокациялық барлау міндеттерін орындау, кедергілер кел­т­іру және тәуліктің кез келген уа­қы­тын­да жерүсті нысаналарына дәл соққы беру үшін Wing Long-1 екпінді-барлау, «Орлан-10Е» барлау, Skylark – 1Lex так­тикалық ұшқышсыз ұшатын аппарат­тары сатып алынды. Сондай-ақ түріктің Anka тектес дрондарын сатып алу мәселесі де қарастырылуда. Жалпы, әскерлерді ұшқышсыз ұшу аппараттарымен жарақ­тан­дыру қажеттілікке сәйкес жоспарлы түрде жүзеге асырылатын болады», дейді Қару­­лы күштердегі үздіктерге жеке-жеке тоқ­­талған генерал.

Р.Шпекбаев әскери-теңіз күштерін жарақтандыруда сүңгуірлер мен арнайы бөлім­шелерді даярлау үшін қажетті жаб­дықтар мен оқ-дәрілер сатып алынып жатқанын да айтты. Сондай-ақ корабльдер мен кемелерге жөндеу және техникалық қызмет көрсету жүргізіледі. Көпбейінді кеме құрылысы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары да қолға ал­ынған. 2021-2023 жылдарға арнал­ған мемлекеттік қорғаныс тапсырысы шеңберінде «Орал «Зенит» зауыты» акционерлік қоғамында тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар жүргізілуде.

Бұл жөнінде ол: «Қарулы Күштердің қалыптасу кезеңінде Құрлық әскерлері зама­науи БТР-80А, БТР-82А, «Кобра», «Арлан» броньды дөңгелекті машиналарымен, зымыран-артиллериялық, ауыр от шашқыш жүйелерімен, сондай-ақ радиоэлектронды барлау және күрес кешендерімен, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау машиналарымен, мобильді байланыс кешендерімен, жанар-жағармай жеткізу техникасымен жабдықталды.

Қарулы Күштерді байланыс құрал­да­рымен қамтамасыз ету мақсатында Қа­зақ­стан мен Израиль бірлесіп шыға­ра­тын қазіргі заманғы «Тадиран» радиостансаларымен жарақтандыру жос­парлы түрде жүзеге асырылуда. Осы мақсатқа бөлінген қаражат есебінен командалық-штабтық машиналар, сондай-ақ Т-72, БМП, БТР, «Кобра», «Арлан» жауынгерлік машиналары, арнайы басқару және аппараттық байланыс машиналары кезең-кезеңмен жаңғыртылуда», деді.

COVID-19 пандемиясы кезінде әскери-медициналық бөлімшелерді жа­­рақ­тан­ды­ру­ды шұғыл түрде өзгер­ту­ге тура келді. Мә­селен, 2020 жылы медициналық бө­лім­­шелердің мүм­кін­­діктерін арттыру үшін модульді дала­лық инфекциялық гос­пи­таль сатып алынды. 2020-2021 жыл­­дары екі мо­бильді ПТР-зертхана жет­­кізілді. Бұл осындай қызметтерді көр­се­ту­де денсаулық сақтау күштері жет­пейтін шалғай гарнизондарда әскери қыз­мет­шілер мен олардың отбасы мүшелерін диаг­­ностикадан өткізуге мол мүмкіндік берді.

Қорғаныс министрлігі Қарулы Күш­тер­дің мүддесі үшін бюджеттен тыс бала­малы қаржыландыру көздерін іздес­тір­генін де айта кеткен жөн. Мысалы, 2020 жылы жеке инвестицияларды тарту арқы­лы екі стационарлық ПТР зертханасы сатып алынды.

«Қорғаныс министрлігінің бастамасымен мемлекет-жекеменшік әріп­тестігі саласындағы заңнамаға қажетті өзгерістер енгі­зілді. Бұл бізге екі әскери қа­ла­шық­ты, екі әскери әуе айлағын, гос­пи­таль­дық-клиникалық кешенді және басқа да объектілерді салу жобалары бо­йын­ша жұ­мысты бастауға септігін тигізді. Жаңа те­тіктерді енгізу бюджет қара­жа­тын ай­тар­лықтай үнемдейтін болады.

Заман талабы бейбіт уақытта жақсы жабдықталған, дамыған қос мақсатты ком­поненттердің болу қажеттігін де көр­сетіп берді. Мысалы, әскери химик­тердің қатысуымен азаматтық инфра­құ­рылымды дезинфекциялауға техника, шашыратқыштар және басқа құ­рал­дар әскерлерді жаппай қырып-жою қару­ларынан қорғау үшін тек ұрыс ала­ңын­да жұмыс істеуге бейімделгені белгілі болды. Қорғаныс министрлігі оны қыс­қа мерзімде азаматтық міндеттерді орындауға бейімдеу үшін едәуір күш жұм­сады», дейді Р.Шпекбаев.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қа­за­қ­станға 50-ге жуық қорғаныс өнер­кәсіп кешені мұраға қалған екен. Олар – әскери-теңіз күштеріне, танктерге, атыс қару­ларына, зымыран жүйелеріне, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің компоненттеріне, қару-жарақ өндірісіне арналған кешендер. Осыған орай ойын білдірген генерал: «Қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамытуда шетелдермен әскери-техникалық ынтымақтастық са­ла­сын­дағы саясаттың да маңызы зор. Бүгінде Қазақ­стан аумағында «Қа­зақ­­стан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның ал­дың­ғы қа­тарлы шетелдік компаниялармен бір­лескен кәсіп­орындары жұмыс істейді. Олардың қатарында түріктің «Aselsan» компаниясымен бірлескен электронды-оптикалық құрылғыларды шығару, «Eurocopter» француз-неміс компаниясымен бірлескен – ЕС145 тікұшақтарын шығару және техникалық қолдау көрсету өндірістері де бар», деді.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары отандық қорғаныс өнеркәсібі әскерде сұранысқа ие өнімдерді өндіруде ай­тарлықтай жетістіктерге жеткенін атап өткен генерал: «Бірінші кезекте пат­рон шығару, кеме жасау, әуе шабуы­лына қарсы қорғаныс құралдарын, оп­ти­калық-электронды құрылғыларды, бронды танктерді шығару және жөндеу қызметтері бар. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тар алдағы уақытта да жалғаса береді», деді.

Оның айтуынша, Қазақстанның қор­­ға­ныс-өнеркәсіп кешені оптикалық-элек­тронды барлау құрал­да­рын, брон­дал­ған дөңгелекті машиналарды және бронды транспортерлерді, байланыс құ­рал­дары мен автоматтандырылған бас­қару жүйелерін, ЕС-145 тікұшақтары мен 200 тонналық әскери корабльдерді, ірі калибрлі пулеметтер мен атыс қаруы пат­рон­дарын және әскери қызметшілерге ар­нал­ған жарақтар мен киім-кешек түр­ле­рін шығарады.

Ел Президенті отандық қорғаныс-өнер­кәсіп кешенін дамытуға, еліміздің кәсіпо­рындарында әскери техниканы жөн­деуге және оларға қызмет көрсету қажет­тігіне баса назар аударды. Кәсіп­орын­дарда техникалық қызмет көрсету және бронды танктер, автомобиль техникасын, сондай-ақ дүркіндетіп оқ ататын реактивті жүйелерді жаңғырту жұмыс­та­ры ұйымдастырылған.

«Соңғы кездегі сын-тегеуріндер мен қауіп-қатерлерді ескерсек, заман талабына сай және әлемдік стандарттарға сәйкес келетін, елдегі әскери қауіпсіздікке кепілдік бере алатын армияның сапалы жаңа келбеті қалыптасып келеді. Бүгінде Қазақстанның жоғары кәсіби, ұтқыр Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қол­басшы қойған тапсырмаларды кез келген жағдайда орындауға қабілетті» деген Р.Шпекбаев сөзін «Қорғаныс ми­нис­трлігі жауынгерлік әзірлікті ұдайы сақтап тұруды, халықаралық қауіп­сіздікті қамтамасыз етуді, ішкі саяси тұрақтылықты сақтауды, азаматтардың мем­лекетті қорғауға саналы көзқарасын қалыптастыруды көздейді» деп түйін­деді.

ТҮЙІН. Әскери қару-жарақ, соның ішінде шабуылдаушы, барлаушы және тактикалық дрондарды қоса алғанда, ұшқышсыз ұшу аппаратын өндіру бойынша Түркия елі қазіргі таңда әлемдік көшбасшылардың үштігіне енгенін дүйім жұрт біледі. Түркі әлемінің бұл салада үздік технологияға баса көңіл бөлуі бекер емес. Әскер әлеуетін қауіпсіздік кепілі деп білетін Қазақстан да осы қатардан табылса деген ниет біздікі.