Қазіргі таңда қаңтар оқиғаларын арнайы прокурорлардың басшылығы құрған ведомствоаралық жедел-тергеу топтары тергеп жатыр. Бұл жөнінде Президенттің өзі арнайы тапсырма берген болатын. Бүгінде аталған топтардың өндірісінде 262 қылмыстық іс қаралып жатса, оның 44-і терроризм, 47-сі жаппай тәртіпсіздік бойынша тергелуде.
Е.Қилымжановтың мәлімдеуінше, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырып, қатысқаны үшін күдікті деп танылған 547 адамның қазір 269-ы қамауға алынған. Ал ел көлемінде тергеліп жатқан 3 702 қылмыстық істің басым бөлігі ұрлық, тонау және қару-жарақ ұрлығына қатысты болып отыр.
«Мемлекет басшысының ауырлататын мән-жайлар болмаған кезде жазаны жеңілдету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында прокурорлар бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларды тағайындауда. Бүгінгі күні кінәсін мойындап, залалды өтеген 135 азаматтың бас бостандығы шектеліп, қоғамдық жұмыстарға тартылды», дейді Е.Қилымжанов. Сондай-ақ қару ұрлау және сақтауға байланысты ауыр қылмыс жасап, залалды өтемеген 17 сотталушы бас бостандығынан айырудың нақты мерзімін арқалаған.
Ресми мәлімдемесінде Бас прокуратура өкілі егер азаматтар заңсыз сақталған қаруды, оқ-дәрілерді және жарылғыш заттарды өз еркімен тапсырса, қылмыстық жауапкершіліктен босатылатынын да ескертіп өтті. Алайда мұндай азаматтардың іс-әрекеттерінде қылмыс құрамы болмауы керек және құқық қорғау органдары анықтаған жағдайлар ерікті түрде тапсырылған болып саналмайды.
Қаңтар қырғыны кезінде Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қоғамдық тәртіпті сақтап, қызметтік борышын орындау кезінде 19 қызметтегі және болашақ офицерлердің ерлікпен қаза болғаны баршаға белгілі. Солардың бірі – Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын күзетуге қатысқан подполковник С.Қайыров. Құқық қорғаушының өлімі қаңтар оқиғасы кезінде асқан қатыгездігімен есте қалған еді. Подполковниктің денесі ғимараттың төбесінен табылған. Тергеу кезінде қылмыскерлердің оны зорлық-зомбылықпен өлтіргеннен кейін іздерін жасыру үшін денесін өртеп жібергені анықталған. Қырыққа да толмаған офицердің артында қара жамылған отбасы мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды.
«Қылмыскерлер Алмалы аудандық полиция басқармасы мен «Көк Төбе» телемұнарасын басып алмақ болған кезде стратегиялық объектілерді қорғаған қызметкерлер – Қамбетов, Асылханов және Алмасов оқтан қаза тапты. Ал Талдықорған қаласы алаңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп тұрған Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің әскери қызметшісі Амановқа 10 қылмыскер шабуыл жасаған. Қатыгездікпен жасалған ауыр соққының салдарынан 18 жастағы қарусыз жауынгер жедел жәрдем автокөлігінде есін жимастан қаза болды», деді Е.Қилымжанов. Ол сондай-ақ «Қасіретті қаңтарда» қаза болғандардың барлық фактілері бойынша тергеу мұқият жүргізіліп жатқанын, тергеу нәтижелері нақты анықталғаннан кейін жарияланатынын айтты.
Сонымен қатар арнайы прокурорлар күштік құрылымдардың жекелеген басшыларына қатысты тергеуді жалғастыруда. Бүгінде қаңтар оқиғалары кезінде қызметтік борыштарын орындамаған полиция департаментінің екі және ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментінің үш басшысы күдікті ретінде ұсталған. Жалпы, қызмет бабындағы әрекетсіздік бойынша 9 қылмыстық іс қозғалған.
Бас прокуратура өкілінің мәлімдеуінше, биыл 1-2 сәуірде Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары мен Алматы әуежайындағы Желілік полиция бөлімінің басшысы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. «Басқаларға қатысты қазір дәлелдемелерді жинау және талдау жүргізілуде», деді ол.
Арнайы прокурорлардың қоғамдық резонанс тудырған 10 жағдайды тергеп жатқанын жеткізген Е.Қилымжанов: «Бұл істер бойынша 9 лауазымды адам ұсталды. Оның 8-і Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері болса, біреуі – тәртіп сақшысы», деп мәлімдеді.
Сондай-ақ Е.Қилымжанов әлеуметтік желілерде «қамауда отырғандарды қинап жатыр», «тергеудің рұқсат етілмеген әдістерін қолдану әлі де жалғасуда» деген мағынадағы жарияланымдардың толастамағанын айта келіп, «ешқандай зорлық-зомбылықтың қолданылмайтындығын» хабарлады.
«Бұл ретте біз бұрын қолданылған бұлтартпау шараларын жеңілдету жөніндегі жұмысты жалғастырудамыз. Прокурорлар ұсталған және күдікті адамдардың туыстарымен кездесулер өткізеді, олардың дәлелдерін мұқият тексереді және осыны ескере отырып, бұлтартпау шараларын өзгерту туралы шешімдер қабылдайды. Жеке басын, денсаулық жағдайын және басқа да жағдайларды ескере отырып, 275 адамға қамауда ұстау бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үй қамаққа алуға және жеке кепілгерлікке ауыстырылды. Бүгінде барлық қылмыстық істер бойынша 733 адам қамауда отыр. Санитарлық норма, тамақтану, дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету тиісті деңгейде қамтамасыз етілген», деді ол.
Сөз соңында Бас прокуратура өкілі әлеуметтік желілерде әлі күнге дейін жалған ақпарат таратудың азаймай отырғанын айтып, ресми дереккөздерге ғана сенуді және жалған мәліметтерді таратпауға шақырды. Оның мәлімдеуінше, жалған ақпарат таратуға қатысты қазір 11 қылмыстық іс тергелуде.
Ал Тергеу департаментінің басшысы С.Әділов қаңтар оқиғаларына қатысты ішкі істер органдарының негізгі міндеттерінің бірі – ұрланған қаруларды іздеу екенін атап өтті. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыскерлерден 1 386 қару-жарақ алынған болса, оның 154-і автомат, 419-ы тапанша, 166-сы – жарақаттайтын қару, 70-сі – арнайы мылтық, 30-ы – гранатомет. Бұдан бөлек 22 479 оқ-дәрі тәркіленіп алынған.
«Қылмыскерлер заңсыз айналымға түскен қаруды кез келген сәтте бейбіт халыққа қарсы пайдалана алады. Осыған орай ІІМ қаруды өз еркімен тапсыру және күдіктілер, атыс және суық қаруды заңсыз сақтау, сатуға қатысты қандай да бір ақпаратты ұсыну қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастырып келеді», дейді министрлік қызметкері. С.Әділовтің хабарлауынша, 120 қаруды өз еркімен тапсырған азаматтардың ешбірі жауапкершілікке тартылмаған.
ІІМ-нің мәліметіне қарағанда, қазіргі уақытта ішкі істер органдары тергеушілерінің өндірісінде 2 961 қылмыстық іс бар. Бұл істер бойынша қаңтар оқиғалары кезінде ауыр және аса ауыр қылмыс жасаған 176 күдікті күзетпен ұсталған. Ал бұрын күзетпен ұсталған 245 адам жасалған қылмыстың ауырлығын және жеке басының мінездемесін ескере отырып, қамаудан босатылған.
Қылмыстық істер бойынша 1 700 жеке және заңды тұлға жәбірленуші ретінде танылса, 13 мыңнан астам азаматтан куә және жәбірленуші ретінде жауап алынып, 2 400-ден астам сараптама тағайындалған.
«Полиция органдарының жұмысы ең алдымен, зардап шеккен азаматтарға, бизнес өкілдеріне жәрдем көрсетуге және келтірілген залалдың орнын толтыру бойынша шараларға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді. Осы мақсатта азаматтардың және кәсіпкерлік нысандардан ұрланған мүлікті табу және алу бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде», деген ІІМ өкілі полиция қызметкерлерінің қаңтар қырғыны кезінде қолды болған 338 млн теңгенің мүлкін анықтағанын да хабарлады. Оның ішінде 12 көлік, 319 тұрмыстық техника, 189 зергерлік бұйым, 286 ұялы телефон, 546 киім-кешек пен 16 млн теңге қаржы да бар.
«Тергеу нәтижелері бойынша сотқа 323 адам қатысып, 209 қылмыстық іс сотқа жолданды. Сотталғандар саны – 152. Оның ішінде 133 адамның бас бостандығы шектелсе, 17-сі бас бостандығынан
айырылды», деді С.Әділов.