Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтырғы Жолдауында ветеринария жүйесін реформалау бойынша нақты міндеттер қойғаны белгілі. Атап айтқанда, орталық пен өңірлер арасындағы функциялар мен өкілеттіктердің аражігін нақты ажырату, процестерді цифрландыру және деректерді жинау мен беруді автоматтандыру, кадрларды даярлау және жалақыны арттыру секілді тапсырма берген еді.
Е.Қарашөкеевтің айтуынша, министрлік қойылған міндеттерді орындау үшін қазіргі жағдайға мұқият талдау жүргізген. Сөйтіп, ветеринария жүйесін реформалауға қажетті шаралар әзірлеген екен. Оларды дайындау барысында түрлі деңгейде сарапшылық талқылаулар өткізілген.
«Министрліктің бастамасымен 2021 жылы Қазақстан үшін Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымының халықаралық сарапшыларының екі миссиясы өтті. Оның қорытындысы бойынша, Қазақстанның ветеринария қызметін күшейту жөніндегі тиісті ұсынымдар айтылды.
Реформаларды енгізуді кезең-кезеңмен жүзеге асыру жоспарланған. Бұл ветеринариялық қызметтің тиімділігін арттыруға және болашақта оны жаңа заманауи деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ветеринария бойынша реформаларды әзірлеудің бастапқы кезеңінде нормативтік-құқықтық актілердегі қайшылықтарға, сондай-ақ ветеринариялық заңнаманың сол немесе өзге де нормаларын практикада қолданудың жетілмегендігіне талдау жүргізілді», деді ведомство басшысы.
Министрдің пікірінше, кейбір аумақтардағы әкімдердің карантинді және шектеу іс-шараларын уақтылы қолданбауы жергілікті жерлердегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауына әкеліп соққан.
«Ауылдық округтердің ветеринарлық мамандарында мал иелеріне әкімшілік әсер ету бойынша өкілеттіктері жоқ. Сондықтан олар ветеринариялық нормаларды бұзғаны және ветеринариялық іс-шараларды орындамағаны үшін жауапкершілікке тарта алмайды. Сол себепті олар аудан орталығындағы ветеринариялық инспекторларға жүгінуге мәжбүр. Бұл ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ветеринариялық заңнама талаптарын орындау процесін кешіктіреді.
Жергілікті атқарушы органдарда ветеринар мамандардың өзіне тән емес функцияларды жүзеге асыруы жоспарлы іс-шараларды жүргізудің мерзімі мен тиімділігін төмендетеді. Мүдделер қайшылығы және мал шаруашылығы өнімдеріне ветеринарлық-санитарлық сараптамаға лицензия беруге бақылаудың жоқтығы сапасыз өнімдерді өткізуге жол ашады», деді Е.Қарашөкеев.
Тағы бір маңызды мәселе – жергілікті атқарушы органдарда жоспарлы вакциналау тиімсіз жүргізілген. Өйткені әкімдіктер ветеринариялық препараттарды, жануарларды сәйкестендіруді жүргізуге арналған биркаларды және қан сынамаларын алу жүйелерін сатып алу және жеткізу мәселесінде министрлікке тәуелді. Сатып алу бойынша конкурстық рәсімдердің ұзақтығы, ветеринарларға қажетті препараттарды әкімдіктерге берудегі бюрократиялық жағдай да жұмыстың тиімді жүруіне кедергі келтіріп отыр.
«2022 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасында 33,3 млн бас мал тіркелді. Соның ішінде 8,3 млн ірі қара, 20,6 млн қой-ешкі, 3,4 млн жылқы, 649 мың шошқа және 250 мың түйе бар. Бірақ өңірлерге құлақ сырғаларының уақтылы жеткізілмеуіне байланысты базаға төлдерді тіркеу 2020 жылы жүзеге асырылмады. Соған байланысты министрлік «жасыл дәлізді» іске қосу арқылы оларды тіркеуге мәжбүр болды. Нәтижесінде, 2021 жылдың наурыз-мамыр аралығында қосымша 1,1 млн бас тіркелді. Қолданыстағы сәйкестендіру жүйесінің тиімсіздігі «жасыл дәліз» іс-шараларын үнемі жүргізуді қажет етеді», деді Е.Қарашөкеев.
Ведомство басшысы осындай келеңсіздіктерді жою үшін бірқатар өзгеріс ұсынып отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру үшін сырғаларды сатып алу функциясын жергілікті атқарушы органдарға беру жоспарда бар. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасына аудандық деңгейде түзетулер енгізуге арналған алгоритм және растайтын құжаттар тізбесі бекітілмек. Сондай-ақ тіркелмеген үй жануарларын енгізу де қарастырылады. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру базасының мобильді нұсқасын іске қосу да ойластырылып жатыр. Бұл жануарларды сәйкестендіруді және алдын алу шараларын уақтылы жүргізуге мүмкіндік береді.
«Дереу шешуді талап ететін өткір проблемалардың бірі – Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті вакциналарды сатып алуды өзі жүргізеді және оның қолданылуына бақылау жасайды. Уәкілетті орган бекіткен тізбеге енгізілген жануарлардың аса қауіпті ауруларының профилактикасы инфекциялық аурулардың 23 түрі бойынша республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Бұл препараттарды сатып алуды аталған комитет және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары, ал жеткізуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады», деді Е.Қарашөкеев.
Министр келтірген деректерге сүйенсек, 2021 жылы Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті сатып алған ветеринарлық препараттардың жалпы көлемі 136 млн дозаны құраған. Оның ішінде 13 отандық және 7 шетелдік препарат бар.
Әйтсе де, бұл бағытта да бірқатар проблема туындаған. Атап айтқанда, ветеринар мамандардың функционалдық міндеттерін орындауына кедергі келтірілген. Биыл отандық өндірушілермен бір көзден тікелей шарт жасасу заңнамада көзделмеген. Вакциналарды сақтауға мүмкіндік жоқ болғандықтан, бюджет қаражаты тиімсіз пайдаланылған.
Осыған байланысты министрлік Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті мен оның ведомствалық бағынысты ұйымдарынан мемлекеттік сатып алу функцияларын алып тастауды ұсынады. Сондай-ақ ветеринариялық препараттар мен диагностиканы сатып алу бойынша бірыңғай дистрибьютор құруды жоспарлап отыр.
«Ветеринарлық препараттар бойынша Бірыңғай дистрибьюторды құру отандық өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттар жасасуға, сондай-ақ қазақстандық өндіруші зауыттарға өндіріс, технология трансферті бойынша биологиялық өнеркәсіптің әлемдік көшбасшыларымен тікелей келісімшарттар жасауға мүмкіндік береді және елдің инвестициялық тартымдылығын арттырады. Отандық ветеринарлық препараттар мен диагностикумдардың қауіпсіздігін, сапасын жедел бағалау, сондай-ақ ветеринарлық препараттарды тіркеу және бақылау рәсімдерін оңайлату проблемасы шешіледі. Ауыл шаруашылығы министрлігі жүйесінде препараттарды сатып алуды жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері толығымен жойылады», деді ведомство басшысы.
Бұдан бөлек, министрлік ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру мобильді қосымшасын әзірлемек. Бұл бағдарлама жануардың биркасын сканерлеуге және жүйеге деректерді енгізуге мүмкіндік береді. Мобильді қосымша офлайн режімде де жұмыс істейді.
Сонымен қатар ветеринарлық препараттарды қолдануды реттеуге арналған жаңа ақпараттық жүйе әзірленеді. Ветеринария саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалау автоматтандырылмақ.
«Ветеринария процестерін цифрландыру және автоматтандыру статистикалық деректердің дұрыстығын қамтамасыз етеді. Ветеринарлық дәрігерлерді қағазбастылықтан босатады. Экспортқа/импортқа рұқсат беру құжаттарын алу кезінде мерзімдер мен бюрократиялық әуре-сарсаңды қысқартады. Бақылаудағы объектілердің орнын ауыстыру мен айналымын бақылауды күшейтеді. Субсидиялар мен жеңілдікті кредиттер алу кезінде сыбайлас жемқорлық пен алаяқтық тәуекелдерді төмендетеді», деді Е.Қарашөкеев.
Ведомство басшысының айтуынша, аграрлық сектордағы ең төменгі жалақы алатын мамандықтардың бірі – ветеринарлар. Мал дәрігерлерінің орташа жасы 40-55 жасты құрайды. Қазіргі таңда салада жоғары білікті жас кадрлар жетіспейді. Мысалы, коммуналдық ветеринарлық кәсіпорындардың орташа айлық жалақысы өңірлерге байланысты 80 мыңнан (Қызылорда облысы) 206 мың теңгеге дейін (Павлодар облысы).
Жалақы мәселесін шешу үшін коммуналдық ветеринарлық кәсіпорындар көрсететін ақылы қызметтер көлемін ұлғайту керек. Осы мақсатта ақылы қызмет түрлерінің тарифтері бекітіледі. Министрдің айтуынша, тиісті заңнамалық базаны қабылдай отырып, келесі жылдан бастап коммуналдық ветеринарлық кәсіпорындар ветеринар мамандарының лауазымдық жалақысына 50 пайыздық қосымша үстемеақы және зиянды еңбек жағдайлары үшін мемлекеттік коммуналдық мекемелердің базалық лауазымдық жалақысына 140 пайыздық қосымша ақы төленеді. Сондай-ақ сауықтыру жәрдемақысы ретінде 2 лауазымдық жалақы берілмек.
Үкімет сағатында депутат Ерлан Барлыбаев ауыл шаруашылығына қатысты өзекті мәселелермен бөлісті. Оның айтуынша, кейінгі жылдары адамдарға берілетін жануарлардың жіті және созылмалы жұқпалы аурулар көбейген.
«Барлық жерде құтыру және бруцеллез ауруларының өршуі байқалады. Бұл аурулармен күресте оң динамика жоқ. Мысалы, 2020-2021 жылдары бруцеллез ауруының саны 2 пайызға өсті. Сонымен қатар сібір жарасы сияқты аурулар 6 есе, лептоспироз – 5 есе, анаэробты энтеротоксемия – 5 есе, вирустық диарея және инфекциялық ринотрахит 113 пайызға артты. Импорттық асыл тұқымды мал басын әкелу жөніндегі бағдарламаларды іске асыру да көптеген проблемалар туғызғанын айта кетен жөн. Елге инфекциялық ринотрахеит, блютанг, нодулярлық дерматит, Шмаленберг ауруы және вирустық диарея сияқты аурулар келді», деді Е.Барлыбаев.
Депутаттың айтуынша, ветеринарлық инспекцияның қызметін сапалы жаңа деңгейге көтеру керек. Қазіргі таңда Қазақстанда 2010-2012 жылдары пайдалануға берілген құны 14,6 млрд теңгені құрайтын 114 ветеринарлық зертхана жұмыс істейді. Сондай-ақ Е.Барлыбаев ветеринария саласына қатысты бірқатар ұсынысын айтты.
Жиын барысында депутаттар саланың өзектілігін талқылап, ведомство басшысына сұрақтарын қойды. Соңында Үкіметке, Ауыл шаруашылығы министрлігіне, облыс әкімдіктеріне ұсыным жасады.