Көп айтылып жүрген мына бір мәселе туралы аз-кем сөз қозғасам деймін. Ол – халықтың сауаттылығы жайындағы әңгіме. Біздің кәсіподақтардың дені негізінен жұрттан ақша жинаумен ісі бітетін сияқты болып көрінеді. Олардың жетекшілері, мәселен, ешуақытта кәсіпорын, мекеме басшысына қарсы шықпайтыны тағы аян. Басшыға бағынышты адам қалай батыл сөйлейді, кімнің мүддесін қорғайды дейсің. Бұл арада мен кәсіподақ жетекшілерінің ісіне жаңашыл рух керек екенін баса айта отырып, жалпы осыдан туындайтын еңбек дауларына қатысты әңгімені қозғауға мәжбүрмін.
Мысалы, қазір мұндай жайсыз фактілерді еліміздің қай өңірінен болсын кездестіреріңіз хақ. Кісі жұмысқа алынуын алынады-ау, бірақ соңынан сол тағдырлардың өз жұмыстарына лайықты қаржыға қол жеткізе алмай зар еңіреп, әр есікті бір сығалап жүргенін көреміз. Мұндай сорақылық, әсіресе, жастардың еңбекке деген құлшынысын әлсіретеді, кей жағдайда жұмыстан босап қалып жатады. Солардың ішінен дипломмен жұмыссыз жүрген мамандарды да жиі кездестіресіз. Қоғамдағы мұндай қырсыздық белең алмас үшін алдағы уақытта не істеу керек деген сұрақ туады. Кәсіпорын-компаниялар, мекемелер мен ұйымдар бос орындар туралы құзырлы орындарға ақпарат бермейді, ал мұның соңы қолдан жасалған сенделіске ұласа ма деп тұжырасың. Айта берсең, өңірден бұл мәселеге орай небір ойлар туындай береді.
Елбасының қоғамды еңбекпен қамту бағытындағы жиырма нақты тапсырмасы сол жағдайларды көптің талқысына сала отырып, ортақ шешім қабылдауға итермелейді. Жұмыстың үлкен-кішісі болмайтыны сияқты аймақтағы қай нәрсенің де өзегі еңбекпен көркейері сөзсіз. Соның арасынан азды-көпті біз жастарды еңбекпен қамту, олардың құқықтық сауаттылығына қатысты бірер ойды ортаға салып көрдік. Өзінің адал еңбегіне нәпақасын өзге бір пысықайлар жолдан жымқырып кетпеу үшін құқықтық сауаттылық қай жастағыларға да қажет деп есептейміз. Көршілес Қытайда балаларға 1-сыныптан бастап «саясат», «құқықтану» сабақтары өтетінін естігенде, таң-тамаша қалдым. Титімдей сәбиге ол неге керек деп ойлауыңыз мүмкін ғой. Бірақ оның ар жағында келешектің қамы жатқанын, өзіңді өзің қорғай білу сияқты мәселе тұрғанын біріміз білсек, бірімізге әлі қызық.
Екінші бір жағынан Президенттің еңбек туралы пайымдары үлкен-кішінің бәрінің діттеген ойынан шыққан мәселе. «Мен не бітірдім, не істедім?» деп кәдімгідей алаңдаған егде кісілердің дегбірсізденген күйін көргенде, ерекше толқып кетеді екенсің. Олар қиындықты да, жоқшылық пен жалқаулықты да бәр-бәрін тек еңбек майданы жеңерін тілге тиек еткенде, ата-бабаларымыздың кейінгі өсиет етіп қалдырған адал тірлік хақындағы асыл мұралары сананы тағы да отты сәулемен толтырады. Екінші және үшінші дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, шаруа қожалығының жетекшісі Жұма Құсайыновтың баспасөз бетіндегі: «Нарын топырағында туып-өстік, ғұмырымыздың саналы бөлшегі де осында өтіп келеді. Кезінде «Забурын» кеңшарының №1 фермасында аға шопан болып еңбек еттім. «Мал өсірсең қой өсір, табысы оның көл-көсір» демекші, ондаған жылдар бойына қой шаруашылығымен шұғылданып, қиындықтарды жеңіп, біраз жетістіктерге де қол жеткіздім, еңбегімнің жемісін көрдім. Тұтастай алғандағы шаруашылықтың, қала берді ауданның табысына өзіндік үлесімді қостым», деп басталатын ақсақалдық тебіренісін оқығанда, мұның өскелең ұрпақ үшін таусылмас ғибрат екеніне көзім жетті.
Біреудің ала жібін аттап көрмеген, ешқашан жеңіл пайда табуды іздемеген, өмір бойы қарапайым еңбек етіп, бақытын қарапайым еңбектен тапқан осындай жандарды бүгінгі күннің басты қаһарманы тұту идеясын мұнан кейін де жалғастыра берген жөн. Елбасы ең өзекті мәселе, түпкі мақсат – қоғамымыздың ертеңі болар бүгінгі ұрпақты осы сәттен бастап еңбек етуге жұмылдыру, оның әлеуметтік те саяси мәнінің зор екендігін ұғындыру болып табылатынына тоқталған болатын. Оған қоса, Мемлекет басшысы тұтастай қоғам болып өркениет көшіне ілесу үшін ең алдымен бойкүйездіктен, басқа да жат қылықтардан, масылдықтан құтылуымыз басты шарт екенін қадап тұрып жеткізді. Сондай-ақ, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда әлеуметтік заңнамалардың ауқымды арқауы құрылды десек, мұндай маңызды салалар қатарына Елбасы спортты қосқан болатын.
Атырау облысы Туризм, денешынықтыру және спорт басқармасы бұқаралық спортты дамытуға, саламатты өмір салтын қалыптастыруға барынша мойын бұрып, бұл мақсатта көптеген игі істердің ұйытқысы болып жүр. Халықтың барлық топтарын спортқа тартуға қол жеткізу – өмір талабына айналып отырған басым бағыттың бірі. Соңғы бір-екі жыл бедерінде Атырауда ескек есу базасы, Балықшы, Геолог елді мекендерінде спорттық кешендер және Исатай ауданының Аққыстау ауылында, сондай-ақ, Қызылқоға ауданының Миялы, Сағыз елді мекендерінде спорттық кешендер, Атырау мемлекеттік университетінде спортзал пайдалануға берілген. Халықаралық талапқа сай орталықта жүзу бассейнінің іске қосылуы – барша қалалықтардың мақтаныш сезімін туғызар оқиға. Мұнда оқушылардың спортпен шұғылдануына барлық жағдайлар жасалған.
Құрманғазы және Индер аудандарының орталықтарындағы, Атырау қаласының «Нұрсая» шағын ауданындағы спорттық кешендер де халықтың игілігіне жұмыс істейтін материалдық құндылықтар болып табылады. Облыстық деңгейдегі 10 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі тегін қызмет көрсетсе, кешкілік жастардың спортпен тегін шұғылдануы да назардан тыс қалмаған. Үздіктерге көрсетілетін демеушіліктің жылдан-жылға арта түсуі көңіл марқайтады. Жоғары және орта білім беру ошақтарында студенттер мен оқушыларды спортқа тарту мақсатында өтетін түрлі спорттық шаралардың маңызы жоғары. «Дені саудың – жаны сау» демекші, денсаулығы мықты ұрпақ тәрбиелеу үшін өңірде мұнан да басқа қыруар жұмыстар атқарылуда. Соңғы үлгідегі спорт кешендерінің бой көтеруі ынта-жігері бар адамға тіршілік айнасын жайып салып тұрғандай әсер қалдырады.
... Қай қалаға барсаң да құрылыста, басқа да ауыр салаларда еңбек етіп жүрген өзге ұлт өкілдерін – өзбектерді, қырғыздарды, т.б. көресің. Көресің де, іштей тәубе дейсің. Қазақтың осылай бөтен елде бір үзім нан үшін сенделгенін көрген жоқпыз. Демек, өзгелер Қазақстанға құмартқанға қарағанда, мұндағы тіршілік олар үшін жұмаққа бара-бар болғандықтан-ау деп ойлайсың. Әлгі жұмыс іздеп келгендердің арасында жасы да, жасамысы да жүреді. Қарты босқан жұртқа қарап, кең-байтақ Қазақ елінің бүгінгі марқайған келбетіне, халқын тығырықтан алып шыққан Елбасы барлығына мың мәрте шүкіршілік етесің. «Еңбек деген байлық бар, Ерінбеген жететін. Жалқаулық деген жебірді, Жермен жексен ететін», деп ақын жырлағандай, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін жасасақ, әр қазақтың төрінде еңбек әні шырқалуын тілеу бәрімізге ортақ мұрат. Тіршілік бесігі еңбекпен тербелген қоғамның ертеңінен бүгінгі қол жеткен межеден де асатын биіктікті көргің келеді.
Асхат БЕКЕНОВ,
Мәжіліс депутаты.