Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Жоғарыдағы Бас қолбасшы бұйрығының қазақша толық мәтіні республика үні «Социалистік Қазақстан» газетінің 1945 жылғы 25 тамыз күнгі санында жарияланып, жарлықта аты аталып, түсі түстелген адамдардың құрметіне 23 күні сағат 22.00-де Мәскеудің Қызыл алаңында мерекелік салют ату жайлы үкім еткен екен.
Осындағы Бас қолбасшы Сталиннің марапаттау тізімінде жалғыз қазақ, моңғолиялық генерал Мүдәрісұлы Жайсаныптың аты аталыпты (Приказы Верховного Главнокомандующего в период Великой Отечественной войны Советского Союза: Сборник. – М.: Воениздат, 1975. С. 514–519). Өйткені бұл азамат Жапонияға қарсы кеңес-моңғол әскерлерінің біріккен майданында Моңғолия Әуе күштерінің бас қолбасшысы ретінде қатысқаны белгілі.
Осы орайда қазақ ұланы Жайсанып Мүдәрісұлы жайлы баспасөз беттерінде қадау-қадау жазбалар жарияланып жүр. Бірақ мұнда айтылған деректер ауызекі әңгіме желісінен алынғандықтан, нақты тарихи құжаттарға зәру едік. Жуықта қолымызға әскери тарихшы Б.Дабасүреннің авторлығымен 1984 жылы Ұланбатыр қаласында жарық көрген «Генерал Жайсанып» атты 100 беттік шағын кітапша келіп түсті. Бұл шығарма бұған дейін шектеулі құпиялық маңызға ие болуына байланысты көпшілік оқырманға жетпеген еді.
Ендеше жоғарыдағы кітапта жазылған тарихи құжаттарға сүйене отырып, қазақ генералының бұған дейін жалпақ жұртқа белгісіз болып келген өмір жолын тәпсірлеу тәсілімен баяндауды жөн көрдік: – 1927 жылы Моңғол Мемлекеттік Кіші Құрал Басқармасының шешімімен қошуын бастықтарының білім-білігін жетілдіру мақсатында, Мәскеу қаласында КУТВ-тың жанынан ашылған «Қошуын бастықтарын дайындайтын» біржылдық курсқа мамандар жіберу мәселесі қолға алынды, – деп жазады автор.
Мұндағы «қошуын» деп отырғаны – 1925 жылдан бастап, Моңғол елінде орнаған әкімшілік бірлік. Үлкен тарихшы Ислам Қабышұлы 1980 жылы Өлгей қаласында жарық көрген «Моңғолия қазақтарының тарихы» атты монографиясының 178-ші бетінде: «1925 жылы Моңғолияның Қобда өлкесіне бағынышты болған қазақтардың әкімшілік бірлігі ежелгі манжы-қытай тағайындаған үкірдайлық жүйеден қошуын болып өзгерді. Қазақтар мекендеген өлке алғашында: Шеруші, Қошақ, Ботақара, Шыбарайғыр, Байқадам атты бес қошуынға бөлініп, қошуын ішінен зәңгілер бөліп-бөліп басқарды. Мысалы, Ботақара қошуыны өз ішінен: Секел, Тайлақ, Қанкелді, Базазқұл зәңгісі болып бөлінді», дейді.
Сөйтіп, жоғарыдағы жаңадан орнаған әкімшілік бірліктерге кадр даярлау мақсатында: 1929 жылдың тамыз айында Қобда аймағына қарасты қазақ қошундарынан іріктеліп алынған қазақ жастары – Р.Жүнісхан, Д.Жеңісхан, К.Шәкірбай, О.Махабыл, Ө.Тоқтыбай, К.Шариптермен бірге М.Жайсанып та КУТВ-қа оқуға аттанады. 1930 жылы біржылдық курсты ойдағыдай бітірген Жайсанып елге қайтпай КУТВ-тың дайындық бөліміне қабылданады. Бұл оқу алғашқы «Қошуын бастықтарын дайындайтын» біржылдық курсқа қарағанда басқаша еді. Мұнда коммунистік партия тарихы, орыс тілі, математика қатарлы күрделі пәндер оқытылатын. Бұл жағдай бұған дейін ешқандай оқу-тоқу көрмеген Жайсаныпқа оңай болмаған тәрізді. Оның сыртында орыс тілін толық меңгеру мәселесі тағы бар. Сөйтіп, 1931 жылы КУТВ-тың дайындық бөлімін бітірген Жәкең Тамбов қаласындағы атты әскер училищесіне оқуға аттанады.
1934 жылы атты әскер училищесін ойдағыдай тәмамдаған Жайсанып Мүдәрісұлына Моңғол үкіметі Оренбург қаласындағы ұшқыштар даярлайтын училищеге оқуға келген моңғол жігіттеріне аудармашы-ұстаз болу міндетін жүктейді. Бір қызығы, алғыр жігіт аудармашы-ұстаз болып жүріп-ақ әскери ұшқыш мамандығын игеріп алады. Бұл мектепті 1937 жылы бітірген Жайсаныпты ұшқыштар училищесінің комиссары И.Д.Кобякин шақырып алып: «Сіздің ұшу тәсілін игерудегі шеберлігіңіз бен орыс тілін еркін меңгеруіңіз біз үшін аса маңызды. Сондықтан туысқан моңғол мамандарын даярлау ісіне қажет боласыз» деп училищеге үйретуші-ұшқыш ретінде жұмысқа қабылдап, Қызыл Армияның лейтенанты шенін бергізеді. Жайсаныппен бірге ұшқыштар мектебін бітірген: Гомбожав, Г.Жигжид, С.Лхамсүрэн, М.Осор, Л.Чогсамжав тағы басқа ұшқыштар еліне аттанып кетеді.
Шығыста жапон миллитаристерінің қаупі күшейген 1939 жылдың қаңтар айында ұшқыш Жайсаныпты маршал Чойбалсын Моңғолияға шақырып алып, ұшқыштар дайындайтын мектеп ашу жайлы тапсырма беріп, ең әуелі эскадрилия бастығына тағайындайды. Лейтенант шенін капитанға көтерді. Көп кешікпей Әуе қорғаныс күшін басқару міндетін жүктейді. 1939 жылы наурыз айында Мемлекеттік Кіші Құрал Басқарамасының шешімімен ұшқыштар мектебін Қорғаныс министрлігінің қарауына беріп, әскери ұшқыш дайындау ісіне Жайсаныпты жауапты етіп тағайындайды. Арада үш ай өткен соң қазақ баласын Әуе күштері қорғанысының бас қолбасшылығына тағайындап, полковник шенін береді. Әскери тарихта екі жылдың ішінде (1937-1939) лейтенант шенінен тіке полковник шеніне көтерілген адам аз шығар. Кешікпей 1939 жылдың мамыр айының 11 күні Халқын-гол майданы басталады. Майданға Моңғолия әуе күштеріне қосбасшылық жасаған Жайсаныпқа Моңғол Халық Республикасының тәуелсіздік алғанына 18 жыл толу датасына орай 1939 жылдың 11 шілде күні сол тұста генерал-майор дәрежесімен бірдей «бригада командирі» атағы беріледі. Осыған қарағанда бұл тұлға кеңестік дәуірде «генерал» атағын алған алғашқы қазақ азаматы болуы ғажап емес.
Нәтижесінде, бригада командирі Жайсаныпқа мемлекеттің шығыс шекарасына қауіп төндіріп тұрған Жапония миллитаристеріне соққы беру тапсырмасы жүктеледі. Осы бір ауыр міндетті орындау барысында оған кеңестік тәжірибелі әскери ұшқыштар Шорков, Комендатов, Курбатов, Семенов, Виноградов тағы басқалар көмекке келеді. Тарихта «Халқын-гол майданы» деген атпен белгілі бұл майданда тарихта тұңғыш рет Жайсанып жауға қарсы түнгі әуе шабуылын ұйымдастырды.
Осы шайқасқа қатысқан ардагер ұшқыштың естелігінде, түнгі шайқасқа әзірлік аяқталғаннан кейін полк майдан антын көтерді. Барлығымыздың атымыздан Әуе күштерінің бас қолбасшы Жайсанып: «Жау жағадан алған қазіргідей қиын кезде Отан алдында ант береміз. Моңғол Халық Республикасының тәуелсіздігін, бір уыс топырағы мен бір ұрттам суын қасық қанымыз қалғанша қорғаймыз. Моңғол Халық Армиясының жауынгері ретінде, қару-жарағым мен қасымдағы жауынгер жолдастарымды жауыз жаудың оғынан қорғаймын!» деп күңірене оқыды. Қолбасшымен бірге полк командирі З.Бор, комиссар Т.Шағдырсүрен, штаб бастығы А.Дағба, партия ұясының бастығы Г.Бямбыжабтар да ант берді. Ант беру рәсімі аяқталған соң, Жайсанып Мүдәрісұлы сөз сөйлеп, көпшілікке соғыс жағдайын мәлімдеп, күллі құрылымды қатаң тәртіпке шақырды. Ант берген күннің түнінде шабуылға кірістік. Ең әуелі барлығымыз шашымызды тақырлатып алдырып, әскери құжаттарымызды үйге қалдырдық. Матадтан Хамырдабаға дейінгі 300 шақырымға
2 сағатта ұшып жеттік. Жайсанып түңгі шабуылға аттанған 9 ұшақты үш-үштен жіктеді. Бірінші топқа өзі басшылық жасады. Екінші топты орыс ұшқышы Комендатов басқарса, үшінші топты З.Бор басқарды, деп жазыпты (Б.Дабасүрен «Генерал Зайсанов», Ұланбатыр – 1984 ж. – 34 бет).
Халқын-гол майданы кезінде Қызыл Армия тарапынан Моңғол әуе қорғанысына И-15 маркалы жоюшы ұшақ беріледі. Бұл ұшақпен ең әуелі Жайсаныптың өзі ұшып көріп, басқаларды үйреткен екен.
Сондай-ақ майдан қолбасшысы Г.К.Жуков генерал Жайсаныптың түнгі шабуылын қолайлы деп көріп Қызыл Армияның 57-ші корпусына «түнгі әуе шайқасына іріктелген ұшқыштарды қатыстыру» жайлы ресми хат түсіреді. Нәтижесінде, бұған дейін сан соғысты бастан кешірген кеңестік ең таңдаулы 21 ұшқыш іріктелінеді. Осылардың 11-і КСРО Батыры еді. Олар: А.И.Гусев, Н.С.Герасимов, С.И.Грицевец, В.В.Зверев, С.П.Денисов, И.И.Душкин, П.Т.Коробков, И.А.Лакеев, Я.В.Смущкевич, В.И.Шевченко, Г.П.Кравченко.
Сөйтіп, 1939 жылы Халқын-гол майданында кеңес-моңғол әскерлері жеңіске жеткеннен кейін, қазан төңкерісінің 22 жылдық мерекесі күні (11 қараша) Ұланбатыр аспанында Жайсанып пен кеңестік ұшқыш Жаров екеуі халыққа әуе шайқасын көрсетеді. Одан кейін 1945 жылы 9 мамыр күні Екінші дүниежүзілік соғыстың жеңіс мерекесіне орай орталық алаңға жиналған қарақұрым халықтың көзінше генерал Жайсанып пен орыс ұшқышы П.А.Бобко әуе шайқасынан этюдтер көрсетіп, соңында Жайсанып өзі жекедара бочка тарту, әуеде шыр айналу, тік шаншылу сияқты керемет көріністерді халыққа тамашалатады.
Моңғол Халық Республикасы Министрлер Кеңесінің 1944 жылы 28 сәуір күнгі 52-ші қаулысымен Жайсаныпқа ресми түрде әскери жоғары шен «генерал-майор» беріледі. Нәтижесінде, қазақ азаматы 1945 жылғы Квантун армиясына қарсы жорыққа генерал шенімен қатысып, майданда көрсеткен ерлігі үшін Бас Қолбасшы Сталиннің марапатына ие болады.
Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Ж.Мүдәрісұлы 1948 жылы Ю.Гагарин атындағы әуе күштері академиясына оқуға барады. 1951 жылы командалық штаб басқарудың жоғары дәрежелі № 744500 дипломын алады. Қобда беті қазақтары үшін үлкен тарихи мереке 1950 жылы ұлттық Бай-Өлке аймағы орнауының 10 жылдық тойы белгіленеді. Осы той үстінде Бай-Өлке топырағына алғаш рет ұшақ қонады. Темір пырақ иесі – осы өлкенің төл түлегі генерал Жайсанып Мүдәрісұлы еді.
Жәкең жарықтық 1967 жылы 19 қараша күні Ұланбатыр қаласында дүниеден өтті. Марқұм генералдың қазасы жайлы бай-өлкелік тарихшы Шынай Рахметұлы: «генерал Жайсанып Мүдәрісұлы аурухана қабырғасына сүйеніп тік тұрған күйінде қайтыс болды. Қыран шыңда өледі деуші еді. Құрметті қарауыл сапқа тұрып, үкімет басшылары бастарын иіп, мүрдесі «Катюшаның» тұғырына қойылып, оркестр ойналып, әлденеше дүркін зеңбірек атқылап, Ұланбатырдағы «Алтын бесік» зиратына жерленді» деп жазыпты.
Батыр атамыздың өмірден өткені жайлы Моңғолия үкіметі мен партиясының орталық органы «Үнэн» (Ақиқат) газетінің 1967 жылғы 20 қарашадағы санында басылған қаралы хабарда: «М.Зайсанов жолдас 1910 жылы Бай-Өлке аймағының Ұланқұс сұмынында кедей малшы қазақтың отбасында дүниеге келген. Ол – еліміздің тәуелсіздігі мен социализм ісі үшін саналы өмірін арнаған біздің қарт жауынгерлеріміздің бірі. Моңғолия Халық Армиясында 25 жыл еңбек етіп, қатардағы жауынгерден генерал-майор дәрежесіне көтерілді» деп белгілепті.
Екі дүркін (1939, 1945) майданда Моңғол әуе күштеріне қолбасшылық жасаған қазақ генералы «Соғыс Қызыл Ту» орденімен 3 дүркін, «Соғыс Даңқы» орденімен және «Алтын Жұлдыз» орденімен 2 дүркін, КСРО Жоғары Кеңесінің Төралқасының Жарлығымен «Жауынгерлік Қызыл Ту» орденімен марапатталса, Жайсаныптың ерлік даңқын есте сақтау үшін Монғол Халық Армиясының 60 жылдық датасына орай Бай-Өлке аймағы Ұланқұсын сұмындық 11 жылдық орта мектебіне Жайсанып Мүдәрісұлының аты берілді.