Комиссия жұмысына мемлекеттік органдардың, «Атамекен» ҰКП өкілдері мен өңірлердің басшылары қатысты.
Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия биылғы 11 сәуірден бастап Ресей Федерациясы, Өзбекстан және Қырғызстан Республикаларымен құрлықтағы өткізу пункттерінде Қазақстан азаматтарының, азаматтығы жоқ адамдардың және шетелдіктердің Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасынан өтуіне қойылған шектеулерді алып тастау туралы шешім қабылдады.
Оған қоса, әуе қатынасы арқылы мемлекеттік шекараны кесіп өтуге қойылған барлық шектеулер алынып тасталады. Бұл ретте қазақстандықтар мен Қазақстан Республикасының аумағында тұруға ниеттенген шетелдіктерге ПТР әдісімен COVID-19-ға тестінің теріс нәтижесі бар анықтаманы немесе вакциналау паспорттары өзара танылған жағдайда коронавирусқа қарсы вакциналаудың, ревакциналаудың толық курсынан өткені туралы құжатты міндетті түрде ұсыну жөніндегі талап сақталады.
Ералы Тоғжанов өз сөзінде мемлекеттік шекараны ашу мәселесі Мемлекет басшысының тұрақты жеке бақылауында екенін жеткізді.
Отырыс соңында Ералы Тоғжанов әкімдіктерге коронавирус инфекциясына қарсы егу науқанын ерекше бақылауға алуды тапсырып, халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажеттігін атап өтті.