Үкімет • 06 Сәуір, 2022

Тұрғындарды мазалаған мәселе жүйелі шешілуге тиіс

221 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін

Кеше Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Палатаның жалпы отырысы өтті. Жиын барысында депутаттар өңірлерге сапары кезінде тұрғындардан келіп түскен өтініштерді қарау нәтижелері бойынша Үкіметтің ақпаратын тыңдады. Отырысқа Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған бірқатар Үкімет мүшелері арнайы келді.

Тұрғындарды мазалаған мәселе жүйелі шешілуге тиіс

Әр мәселенің артында адам тағдыры тұр

Отырыста Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы де­пу­таттардың өңірлердегі өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге атсалысуын күшейту жөнінде тапсырма бергенін атап өтті.

Депутаттар еліміздің барлық өңіріне барып, сайлаушылармен 1600-ге жуық кездесу өткізді. Олар түрлі әлеуметтік нысандарда, кәсіпорындар мен базарларда, шалғай елді мекендерде болып, еңбек ұжымдарының проблемаларымен танысты. Барлығы мыңнан астам мәселе жинақталып, Үкіметке жіберілді. Соның ішінде азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қымбаттауы, ауыз сумен және тұрғын үймен қамтамасыз ету, мектеп құрылысы, жол жөндеу, интернет сапасын жақсарту мәселелері бар. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, проблемалардың бәрі нақты әрі жүйелі түрде шешілуге тиіс. Оларды депутаттар жіті бақылауына алмақ.

«Әрбір мәселенің артында адам­дардың тұрмысы мен тағдыры тұр. Осыны әр депутат, министр мен жергілікті билік өкілдері терең түсінуге тиіс», деді Ерлан Қошанов. Сондай-ақ Палата спикері Пар­ламент пен Үкіметтің мәселелерді шешу бойынша жаңа форматтағы жұмы­сы алдағы уақытта да жүйелі түрде жал­ғасатынын айтты.

Бұдан кейін депутаттарға келіп түскен азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың қарау нәтижелері туралы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов баяндап берді.

«Қазіргі таңда Үкімет тарапынан Мәжіліс депутаттарымен тығыз байла­ныс­та жұмыс істеу дәстүрге айналды. Өздеріңізге белгілі, Үкімет Amanat фракциясымен партияның бағ­дарламасын іске асыру бағытында қоян-қолтық жұмыс істеп келеді. Депу­таттардың өңірге сапары алдында «Жаңа Қазақстан» тобымен кездесіп, бірқатар өзекті мәселені бірге қарағанбыз. Бұдан бөлек, Үкіметте Қазақстан халық партия­сының, «Ақжол» партиясының фракцияларымен жеке кездесулер өткізіп, сайлаушыларды толғандырып жүрген мәселелер бойынша нақты жұмыс бағыттарын айқындадық», деді Е.Тоғжанов.

Осы орайда Премьер-Министрдің орынбасары депутаттардың өңірлерге сапарлары барысында көтерілген екі мыңға жуық сұрақ Үкімет тарапынан жан-жақты сарапталып, қаралғанын жеткізді. Осы мәселелердің негізгі тақырыбы Үкіметке азаматтардан тікелей келіп түскен 1800 өтініште баяндалған талап-тілектермен сәйкес келіп отыр.

«Бұл өңір тұрғындары шешімін күтіп тұрған өзекті мәселелер. Оларға қатысты мемлекеттік аппараттың жан-жақты зерделенген шешімі қажет. Бұл сұрақтардың шешімі бүгінгі отырысқа қатысып отырған Үкімет мүшелері жұмысының күн тәртібіне енгізіліп, министрлердің өңірлерге сапарлары аясында нақты қаралады. Бұл бағытта депутаттық корпусты бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз. Осы орайда «Жаңа Қазақстанның күн тәртібі – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, табыс тапшылығын жою, жұмыс орындарын құру және инфляцияны тежеу» деген Мемлекет басшысының сөзі алдымызда тұрған негізгі міндет екенін атап өткім келеді», деді Е.Тоғжанов.

Басты бағыт – табысты арттырып, кедейлікті төмендету

Премьер-Министрдің орынбасары тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтарға кеңінен тоқталды.

«Сұрақтардың негізгі блогы нақты табысты арттыруға, кедейлік дең­гейін төмендетуге бағытталған. Өздері­ңізге белгілі, пандемия, жаһандық эконо­микалық дағдарыс халық кірісінің төмен­деуіне әсер етті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әзірленген Халық табысын арттыру бағдарламасында азамат­тар кірісін көтеруге бағытталған нақ­ты шаралар қарастырылған», деді Е.Тоғ­жанов.

Спикердің айтуынша, біріншіден бюд­жет саласы және квазимемлекеттік сек­тордың 1 млн-нан аса қызметкерінің, сон­дай-ақ мемлекеттен қолдау алатын биз­нес­тің 2,8 млн жұмысшысының жала­қысын көтеру қажет. Екіншіден, эконо­ми­каның барлық саласында жаңадан ашылатын 2 млн жұмыс орынының табысын арттыру керек. Соның ішінде бұ­рын сырттан әкелінген, өндірісте сұра­нысқа ие тауарлардың 19 түрі бойын­ша жаңа кәсіпорындар құру жоспары бар. Фармацевтика, биотехнология, IT-тех­нология және мұнай-химия саласында шикізаты жоғары 5-ші және 6-шы дең­гей­де өңдеуге негізделген өңдеуші өнер­кәсіпті дамыту арқылы іске асырылады.

Үшіншіден, ірі кәсіпорындар айналасында шағын және орта бизнес бел­деуін құру арқылы кәсіпкерліктен түсетін табысты арттыру көзделеді. Бұл бүгін көтеріліп отырған сұрақтар емес. Талай елдің көкейінде жүрген мәселелер. Төр­тіншіден, «Бақытты отбасы» секілді жоба­лар арқылы көпбалалы және мүгедек бала тәрбиелеп отырған аналарға жыл сайын 20 мың жұмыс орнын құру қажет. «Жас­тар практикасы», «Бірінші жұмыс орны» жобалары және гранттар беру арқы­лы 160 мың жасты жұмысқа тарту қарас­тырылған.

«Әлемдегі геосаяси жағдайды ескере отырып Импортты алмастыру бағдар­ла­масы әзірленді. Тізімге 88 мың жаңа жұмыс орнын құру мүмкіндігі бар 444 импортты алмастыру жобасы енгізілді. Ауыл­ шаруашылығы өндірісі тиімділігін арттыру мақсатында 5 жыл ішінде 4,5 трлн теңгеге 934 инвестициялық жоба іске асыру жоспарланып отыр.

Қоғам жиі назар аударатын мәсе­ле­лердің бірі – экология. Бүгінгі таңда бұл бағытта экобелсенділермен бірлесіп 485 іс-шараны қамтитын 17 жол картасы іске асырылып жатыр. Оның ішінде «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы аясында 16 ірі өнеркәсіптік объект эмиссияларды 20-дан 30 пайызға дейін төмендету бойынша міндеттемелер қабылдады.

Сонымен қатар бүгінде 204 қала мен ауданның 134-інде қалдықтарды бөлек жинау, ал 96 елді мекенде сұрыптау енгізілді. Жалпы, қалдықтарды қайта өңдеу үлесі 21 пайызға жетті. Алдағы уа­қытта оларды кәдеге жарату үлесін 34 па­йызға дейін, ал өнеркәсіптік қал­дық­тарды кәдеге жарату үлесін 46 пайыз­ға дейін арттыру міндеті тұр», деді Е.Тоғ­жанов.

Сондай-ақ Премьер-Министрдің орын­­басары депутаттық корпустың назар­­ындағы басым бағыттардың бірі әлеу­мет­тік салаға тоқталды. Оның айту­ын­­ша, халықты әлеуметтік қамсыз­дан­ды­руға 4 трлн теңге қарастырылған. Бұл был­тырғы сомамен салыстырғанда 230 млрд теңгеге артық.

Үкімет басшысы инфляция дәлізінің 8-10 пайыз деңгейінде өзгеруіне байланысты зейнетақы мен жәрдемақы мөл­шерін тағы 4 пайызға индекстеу көзделіп отырғанын жеткізді. Осылайша, барлық әлеуметтік төлемдер 2021 жылмен салыс­тырғанда 9 пайызға, ал ынтымақты зей­нет­ақы мөлшері 11 пайызға артпақ. Мұн­дай әлеуметтік төлемдер 4,2 млн адамды қамтиды. Бұл мақсатқа нақтыланған бюджет аясында қосымша 111 млрд теңге қарастырылған.

«Әлеуметтік саладағы өзекті мәселе­лердің бірі – аз қамтылған отбасылардың жағдайы. Біз күнкөріс деңгейі кедейлік шегінен төмен отбасыларға атаулы әлеу­меттік көмек көрсетеміз. Бүгінде осындай көмекті 95 мың отбасы алып отыр. Аза­маттардың талап-тілектері ескеріліп 2020 жылы атаулы көмекті тағайындау меха­низмі өзгертіліп, 25 табыс түрлері мен әлеуметтік төлемдер алынып тасталды.

Көмек алушыларды еңбекке ынталан­дыру тәсілдері енгізілді. Егер еңбек­ке қабілетті азаматтар ұсынылған жұмыс­тан бас тартса атаулы көмек 6 айға тоқта­тылады. Бұл атаулы әлеуметтік көмектің масылдыққа айналуына жол бермеуге бағытталған. Атаулы көмек – табысы жан жақты тексеріле отырып, тұрмысы кедейлік шегінен төмен отбасыларға ғана тағайындалатын мемлекеттік қолдау.

Бұл ретте Үкімет тарапынан мемле­кеттік қолдауды қажет ететін отбасылар­ды тұрақты қамқорлыққа алып, қажет кезінде проактивті форматта көмек көр­сету үшін мемлекеттік органдардың 20 цифр­лы қосымшасын интеграциялау ар­қылы Отбасының цифрлы картасы әзірленеді», деді Е.Тоғжанов.

Осы орайда, Е.Тоғжанов Екібастұз қала­сындағы резонансты оқиғаны тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл жағдай аз қам­тылған отбасыларды қамқорлыққа алудың проактивті форматын енгізу қажет екенін көрсететінін жеткізді.

«Мүгедектігі бар адамдарды оңалту қызметімен қамтамасыз ету мақсатында 2021-2023 жылдары республикалық бюджет есебінен 12 оңалту орталығын са­лу жоспарланған, оның 5-еуінің құры­лы­сы былтыр басталды. Сондай-ақ «Қам­қор­лық» жобасы аясында аутизммен сырқат­танатын және басқа да психикалық ауыт­қулары бар балаларға арналған 8 күндізгі орталық ашу жоспарлануда. Осындай 17 орталық былтыр ашылып, қолданысқа бе­рілді», деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Еңбек даулары азаймай тұр

Бұдан кейін мінбердегі спикер еңбек қатынастарына тоқталды. Оның сөзіне сүйенсек, еңбек дауларын шешу бо­йынша жедел шаралар кешені жүзеге асырылған. Мәселен, жыл басынан бері 140 проблемалық кәсіпорын анықталып, оның 91-інде мәселе шешілді. 49 кәсіп­орында әлі де мәселе бар. 800-ден аса заң бұзушылық жойылып, 10 мыңға жуық қызметкердің құқығы қорғалды.

«Екіншіден, 200 кәсіпорында 2,7 мың­нан аса жұмыскер жалақысы бойын­ша берешекті өтеу қамтамасыз етілді. Үшін­шіден, 1 млн-нан аса жұмысшының жала­қысы 5-тен 50 пайызға дейін көте­рілді. Қызмет көрсетуші компаниялар қыз­меткерлерінің  жалақысы негізгі ком­пания қызметкерлерінің орташа жала­қысының 70 пайызына теңестірілді.

Соңғы кездегі еңбек жанжалдары – ең­бек қатынастарын реттеуде жұмыс бе­рушілер өкілдерінің қатысуы жеткіліксіз екенін айтқым келеді. Олардың ұжым ісінен оқшаулану проблемалары бар еке­нін көрсетті. Осыған байланысты Үкі­мет жанынан Жұмыс берушілер бірлес­тіктерінің қызметін жаңғырту жөніндегі жұмыс тобы құрылды», деді Е.Тоғжанов.

Үкімет басшысының орынбасары ден­саулық сақтау саласы бойынша кө­терілген мәселелер жөнінде де әңгіме­леп берді. Спикер келтірген мәлімет­терге сүйенсек, 1,5 млн ауыл халқы меди­циналық сақтандырумен қамтылмаған. Бұл мәселені шешу үшін қала мен ауыл тұрғындары арасындағы медициналық көмекке қолжетімділік теңсіздігін қысқарту мақсаты тұр.

«Осы мақсатта биыл ауыл тұрғын­да­рын, оның ішінде бірінші кезекте балаларды кешенді профилактикалық тексеруден өткізу басталады. Екіншіден, 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 420 ме­дициналық мекеме салу, ауылдық дәрі­хана пункттерін құру жүзеге асыры­лады. Үшіншіден, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелерін нақты шешу мақ­сатында 20 ауданаралық перзентхана, 17 диагностикалық орталық ашылады.

Төртіншіден, кадр тапшылығын азайту мақсатында дәрігерлердің орта медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. 2022 жылы тапшы мамандықтар бойынша гранттар саны 43 пайызға ұлғайтылды және медицина қызметкерлерінің жауап­кер­шілігін сақтандыру көзделіп отыр. Осы шаралар нәтижесінде 2025 жылға қарай ауылдық елді мекендерді консуль­тациялық-диагностикалық көмекпен қам­ту 47-ден 100 пайызға дейін жеткізіледі», деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Мектептерді жаңғырту жалғасады

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2025 жылға дейін 1000 мектеп салынады. Үкімет басшысының орынбасары бұл үш ауысымды және апатты мектептер проблемасын шешуге және демографиялық өсімнен туындайтын оқушы орындарына тапшылықты жоюға бағытталғанын атап өтті.

«2025 жылға қарай сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледжде білім алу 100 пайыз тегін болады. Жоғары оқу орындарына берілетін гранттар саны 75 мыңға дейін ұлғайтылады. Оның ішінде техникалық және ІТ салаларға гранттар 60 пайызға дейін өседі. Сонымен қатар экономикаға нақты қажетті кадр­лар даярлауға басымдық беріледі. Бү­гінде тәжірибесі және таңдаған маман­дығына сұраныстың аздығынан жас­тар­дың жұмысқа орналасу мүмкіндігі шектеліп отыр. Бұған қоса Қазақстанда 129 мамандық жойылып барады, 95-і трансформацияға ұшыраған, 239 жаңа мамандық пайда болды. Осыған орай, халықаралық тәжірибеге сәйкес жұмысқа тұрудың тиімді жолы ретінде Павлодар облысының 15 колледжі базасында Жа­ңа кәсіптер атласы әзірленіп, тәжіри­бе­ден өтті. Нәтижесінде, кадрларға қажет­ті­лік­тің 17 өңірлік картасы әзірленіп қолда­нысқа енгізіледі. Сондай-ақ мектептер­де 7 сыныптан бастап мамандық таңдауға бау­литын «педагог-кәсіптік бағдар беруші» маманы енгізіледі», деді Е.Тоғжанов.

Сонымен қатар колледждер жанынан студенттерге тәжірибе жинақтауға мүм­кіндік беретін 100 шағын кәсіп­орын құру іске асырылып келеді. Осын­дай тәсіл сәтті іске асқан Ақтөбе қала­сын­дағы Экономика, бизнес және құқық кол­ледждің 188 студентінің 144-і оқуын оқи жүріп жұмысқа орналасқан. Жоғары оқу орындарында студенттердің мамандығы бойынша жұмысқа орналасуына жәр­дем­десетін 100-ден аса Карьералық орталық құрылады.

«Мәдениет және спорт 2025 жылға де­йін ауылдық жерлерде 259 мәдениет үйін салу және жөндеу жұмыстарымен 1241 мә­дениет нысанын қамту жоспарланған. Бұл өте қажетті бағыт. «Ел іші – өнер кені­ші». Сондықтан ұлтымыздың өнеге­лі өнерін заманауи мәдениетпен ұштас­ты­рып, елдегі өнерлі жастарды қолдау үшін бұл жұмыстарға ерекше көңіл бө­леміз. Сондай-ақ тұрғындарды спорт кешен­дерінің жетіспеушілігі алаң­датады. Шын­дығын айтқанда бұл қуан­тарлық жағ­дай. Көпшіліктің дене шынық­­тыруға деген қызығушылығының артуы­ның нақты көрсеткіші деп білемін. Был­тыр 21 млрд теңге кәсіпқой спорттан бұқа­ралық спортқа қайта бағытталды. Қара­жат негізінен балалар спорт секция­ларын қаржыландыруға және спорт инфра­құ­ры­лымын салуға жұмсалды.

Нәтижесінде, 275 мыңнан астам бала мем­лекеттік тапсырыс бойынша тегін сек­циялармен қамтылған. 41 дене шынық­тыру-сауықтыру кешені пайдала­нуға берілді. Қазіргі күні 2025 жылға дейін спорт инфрақұрылымын дамыту­дың кестесі әзірленуде, оған сәйкес елді мекендерде 115 спорт нысанын салу жос­парланып отыр», деді Е.Тоғжанов.

Премьер-Министрдің орынбасары коронавирус пандемиясы денсаулықтың маңызын көрсеткенін атап өтті. Осы орайда, саламатты өмір салтын дамыту бағдарламасын іске асыру арқылы денсаулық саласына жұмсалатын 300 млрд теңге қаражатты үнемдеуге болатынын жеткізді.

Инвестициялық жоба саны – 747

Бұдан кейін Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев өнеркәсіп, көлік, құрылыс және жер қойнауын пайдалану салаларын дамыту үшін қабылданып жатқан нақты шаралар туралы баяндады. Ведомство басшысының айтуынша, жалпы сомасы 20 триллион теңге болатын 747 ин­вес­тициялық жоба жасақталған. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда, 135 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құрылмақ.

Министр сонымен қатар құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық саласында, баспанамен қамта­масыз ету мәселесінде ауқымды шаруа тынды­рылғанын атап өтті. Сондай-ақ ауылдық жерлерден мамандардың кетуін азайту үшін қызметкерлеріне үй салған жұмыс берушілерге субсидия төлеу жүйесі енгі­зілетінін жеткізді.

Бұдан бөлек, қалаларда ғимараттардың тығыз және ретсіз салынуы сияқты күр­делі проблеманы шешу жасалған нақты қадамдарға тоқталды. Көлік саласын да­мыту шеңберінде жүйелі өзгерістер жө­нінде де әңгімелеп берді. Министр автожол жобалары тақырыбын да қозғады.

«Ел халқын толғандыратын маңызды мәселенің бірі автожолдарды салу және жаңғырту жобаларын аяқтау болып отыр. Әлеуметтік маңызды барлық жобалар Ми­нистрліктің тұрақты бақылауында. Барлығын мерзімінде аяқтауды жоспарлап отырмыз», деді Қ.Өскенбаев.

Келесі қосымша баяндаманы Ауыл ша­руашылығы министрі Ербол Қарашө­кеев жасады. Ведомство басшысы агро­өнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі дағдарысқа қарсы бірқатар жүйелі және жедел шараларға тоқталды. Министрдің сөзіне сенсек, өңірлерге арзандатылған дизель отыны жөнелтіле бастаған.

«Жалпы, көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге нарықтық құнынан 12-15 па­йызға төмен бағамен 400,2 мың тонна бө­лінді. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 20 мың тоннаға артық. Отандық та­уар өндірушілер тұқым материалымен қамтамасыз етілді. 2,3 млн тонна тұ­қым немесе жоспардың 100 пайызы қамтыл­ды. Сұрып жаңарту мақсатында Ресей Фе­де­рациясынан тұқым материалын жет­кізу мәселесі пысықталды. Келіссөз­дер жүргізіліп, тұқымдарды шығаруға са­лынған шектеулер алынып тасталды.

Минералды тыңайтқыштарға келсек, Үкімет қолдауының арқасында диқан­дардың қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында отандық минералды ты­ңайтқыштарды өндірушілермен уағда­ластыққа қол жеткізілді. Бұл ретте аммиак селитрасының бағасы 200 мың теңгеден 160 мың теңгеге дейін төмендетілді», деді министр.

Ведомство басшысы агроөнеркәсіптік кешен саласында субсидиялаудың жаңа тетігі 2023 жылы енгізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, көкөністер мен қант қызылшасын өндіру мен өңдеу жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыруға қосымша 8,3 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражат заманауи суару жүйелерін сатып алуға, қажетті инфрақұрылым тартуға жұмсалмақ.

«Сондай-ақ ауыл халқының табысын арттыру жөніндегі жобаның ауқымын ұлғайту аясында өз бизнесін ашу және ісін жаңа бастаған кәсіпкерлердің қыз­ме­тін кеңейту мақсатында ауылдық елді мекендер мен шағын қалалардың тұр­ғын­дарына микрокредит беруге 40 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бұл ең кемінде 8 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, жалпы отырыста депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжатта атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша заңнамалық актілердегі олқылықтарды, коллизиялар мен қайшылықтарды, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық көріністеріне ықпал ететін нормаларды жою көзделген.