Аймақтар • 07 Сәуір, 2022

Майраның мектебі

499 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Соңғы уақытта Павлодар облысында қазақтың дәстүрлі ән-күй өнерін жаң­ғыртуға көп көңіл бөлінуде. Өткенде өңірде алғаш рет қылқобыз үйірмесі өз жұ­мысын бастаса, жақында еліміздегі тұң­ғыш Майра мектебі есігін айқара ашпақ.

Майраның мектебі

Облыстық «Шаңырақ» халық шығарма­шылығы орталығының басшысы Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, басты мақсат – қазақтың дәстүрлі ән өнерін және Майра Шамсутдинованың әншілік өнерін насихаттау, өскелең ұрпаққа үйрету, балалар шығар­машылығын дамыту. Үйірмеге аймағымызға белгілі жезтаңдай әнші, республикалық дәс­түрлі әншілер мен термешілер арасындағы байқаулардың жеңімпазы Салтанат Қисатова  жетекшілік етеді.

Үйірме жұмысының басты ерекшелігі – қатысушылар баян аспабымен ән айтуды үйре­неді. Жасыратыны жоқ, бүгінде өңірде баянмен ән айту дәстүрі кенже қалған. «Шаңырақ» орталығы олқылықтың орнын толтыруды көздеп отыр.

– Майраның біздің өңірге сіңірген еңбегі орасан зор, оны жаңғырту – біздің міндетіміз. Бұл – республикадағы алғаш рет ашылайын деп жатқан мектеп. Осы мектептің аясында көптеген жас өнерпаз, өнегелі жас Майраның әндерін меңгеріп, өнерін жалғастыруға мүмкіндік алады, – деді Жа­рқынбек Амантайұлы.

Майра Шамсутдинова 1890 жылы Павлодар қаласында дүниеге келген. 13 жасынан гармон тартып, ән салған. Әміре Қашаубаев және Иса Байзақовпен бірге Баянауыл, Қоянды жәрмеңкелерінде өнер көрсеткен. Қазақ әндерімен қатар татар, орыс әндерін де нақышына келтіре орын­даған.

Жоғарыда қылқобыз үйірмесінің ашыл­ғанын жаздық. Оған балалар мен жасөспірімдермен қатар, ересектер де қатыса алады. Аз уақыттың ішінде келу­шілердің қатары артқанын атап өткен жөн.  «Шалқыма» үйірмесінің жетекшісі, дәстүрлі әнші Бөкен Жігердің айтуынша, қатысушылар ең бірінші кезекте сауа­т ашу күйлерін үйренеді. Кейін ынтасы болса, күрделі туындыларды үйрене алады. Үйірмені онлайн режімде де өткізуге мүмкіндік бар екенін атап өткен жөн.

 

Павлодар облысы