Спорт • 07 Сәуір, 2022

БАҚ лига: Оныншы маусымы мәресіне жетті

402 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елордада футзалдан Қазақстан БАҚ өкілдері арасындағы BAQ liga чемпионатының Х маусымы мәресіне жетті. Төрт айға созылған дүбірлі додаға барлығы 13 команда қатысып, «Қазмедиа» орталығы чемпион атанды.

БАҚ лига: Оныншы маусымы мәресіне жетті

2021 жылы 5 желтоқсанда басталған футзалдан BAQ liga чемпионаты биыл «Қазақ радиосының» 100 жылдық мерейтойына арналған болатын. Әр жексенбі сайын елорда журналистерінің басын қосқан BAQ liga чемпионаты «А» және «В» лигаларына бөлінді. Чемпионның тағдыры соңғы турға дейін белгісіз болып, бас жүлдені «7 арна» командасы мен «Қазмедиа» орталығы сарапқа салды. Нә­тижесінде, чемпиондық ойын «Қазмедианың» пайдасына шешіліп, 4:1 есебімен жеңген олар тұңғыш рет BAQ liga чем­­пионы атанды. 2-орын «7 арнаға» бұйырса, «National Geographic Qazaqstan» командасы үздік үштікті түйіндеді. Ал «В» лигасында «Еуразия+ОРТ» командасы жеңімпаз атанып, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұжымы күміспен күптелді. Үшінші орын «Kazaknews.kz» командасына бұйырды.

Сондай-ақ үздік ойыншылар да марапатталды. Команда капитандары арасындағы дауыс беру нәтижесінде «Қазмедиа» ойыншысы Азат Құмарбек «А» лигасының, «В» лигасында «Еуразия» бірінші арнасының қызметкері Жандос Манашев үздік деп танылды. Ал былтырдан бастап тағайындалған Амангелді Сейітхан атындағы арнайы жүлде биыл «Хабар 24» редакторы, «Қазмедиа» қақпашысы Қанат Базылханға бұйырды.

Марапаттау рәсіміне Пар­ламент Сенатының депу­таты Нұр­төре Жүсіп, Парламент Мә­жі­лісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, «7 арна» бас директоры Ерлан Игісінов, «Қазақ радиолары» ЖШС-ның бас директоры Ернұр Бурахан, Мемлекеттік хат­шылығы меңгерушісінің орынбасары Ержан Байтілес және «Хабар» агенттігі АҚ басқарма төр­ағасы Берік Уәли қатысты.

Айта кетейік, байрағын 2016 жылдың 10 желтоқсанында желбіреткен BAQ liga – Қазақ­стан БАҚ өкілдерінің басын біріктіріп, редакциялар ара­сында көпір орнатып, әріптестік татулықты арттыруға бағыт­талған жоба. Бес жылдың ішінде BAQ liga аясында БАҚ өкілдері арасында 10 футбол маусымы, 2 волейбол маусымы өтіп, оған барлығы 70-тен астам редакциядан 1000-ға жуық БАҚ қызметкері қатысты.

Енді БАҚ лиганың шағын футболдан жазғы чемпионаты мамыр айында басталады.

Соңғы жаңалықтар