Қазақстан • 07 Сәуір, 2022

TIKA өкілдеріне «Бозоқ» ұлттық паркін құру жобасы таныстырылды

221 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

ҚР МСМ ҚК «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен (TIKA) бірлесіп, 2022 жылғы 7 сәуірде Түркияның мәдениет және туризм министрлігінің қатысуымен ғылыми-практикалық семинар өткізді, деп хабарлайды Egemen.kz.

TIKA  өкілдеріне «Бозоқ» ұлттық паркін құру жобасы таныстырылды

«Бозоқ» ұлттық паркі жобасы аясында Ғылым күніне арналған семинар «Түркі тарихи-мәдени мұрасын репрезентациялау мен зерттеудегі жаңа бағыттар» тақырыбымен өтті.

Семинардың мақсаты ортағасырлық тарихты зерттеудің өзекті мәселелерін талқылау, тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қайта құру және танымал ету бойынша халықаралық тәжірибені зерделеу болды.

Түркия мен Қазақстан арасындағы өзара қарым-қатынас достыққа, бауырластыққа және сенімге негізделген. Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастық жаңа тарих кезеңінде екі мемлекеттің саяси және сауда-экономикалық қатынастарды ғана емес, мәдени-гуманитарлық байланыстарды да кеңейтуге және тереңдетуге ұмтылуымен ерекшеленеді. Аталған үдерістерге түркітілдес халықтардың тарихи тамыры мен мәдени құндылықтарының ортақтығы объективті түрде ықпал етеді.       

д

Екі ел ғалымдарының бірлескен ынтымақтастығы тарихи-мәдени мұраны зерттеу, сақтау және репрезентациялау мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарады.

Семинар жұмысына Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Арғынбеков қатысты. Мақсат Арғынбеков «Бозоқ» жобасы еліміздің тарихи-мәдени байлығын дамыту және сақтау үшін перспективалы саналатынын және оны Үкімет тарапынан Мәдениет және спорт министрлігі белсенді қолдайтынын атап өтті.

  «Бозоқ» музей-қорығының директоры Сәуле Бурбаеваға ашық аспан астындағы «Бозоқ» ұлттық паркін құру жобасын таныстырды.

Түркия Республикасы Мәдениет және туризм министрлігі коллекциялар басқармасы филиалының директоры Азиме Евренсел «Бозоқ» жобасы өзінің бірегейлігімен таң қалдыратынына назар аударды. Тарихи-мәдени мұраның байлығын сақтап қана қоймай, сонымен қатар қарапайым адам үшін өзінің алғашқы келбетін қалпына келтіретін мұндай ауқымды жобалар бүкіл әлемде өте сирек кездеседі.

Қазақстандағы ТІКА үйлестірушісі Хикмет Өзденоулу Түркия тарапынан жобаны іске асыруда ынтымақтастыққа дайындығын білдірді. Хикмет Өзденоулдың ұсыныстарының бірі – тәжірибе алмасу үшін Түркияның музей ісінің жетекші мамандарын Қазақстанға жіберу.

д

Семинар жұмысында Қазақстанның музей қызметкерлері үшін Түркия Республикасының жетекші мәдени және ғылыми орталықтарына тағылымдамалар ұйымдастыру, Түркия Республикасының алдыңғы қатарлы ғылыми және музей орталықтарының реставрациялаудағы, консервациялаудағы халықаралық жұмыс тәжірибесін зерделеу, мәдени мұраны таныстыру саласындағы жетістіктермен танысу мәселелері көтерілді.

Іс-шараға ҚР БҒМ ҒК Мемлекет тарихы институтының, Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің, К.А. Ақышев атындағы археология ҒЗИ, Ә.Х. Марғұлан атындағы археология ҒЗИ өкілдері қатысты. «Бозоқ» жобасын іске асырудың басты аспектілері және ашық аспан астындағы музейлерде тарихи-мәдени мұраны репрезентациялау жөніндегі ұсынымдар талқыланды.

д

Қазақстан стратегиялық серіктестердің бірі ретінде Түркия Республикасымен жан-жақты ынтымақтастықты нығайтуға үлкен мән береді.