Бас кеңсесі Женевада орналасқан кеңестің құрамында 47 мемлекет бар. Оған мүшелікке үш жыл мерзімге бөліп сайлау арқылы жүреді. Ұйымға Африкадан – 13, Азия мен Тынық мұхиты елдерінен – 13, Шығыс Еуропадан – 6, Латын Америкасы және Кариб теңізі елдерінен – 8, Батыс Еуропа мен басқа елдерден 7 мемлекет кіреді.
Мүшелерді үшке бөліп, жыл сайын мерзімі жеткендерді алмастырып отырады. Мысалы, былтыр 18 мемлекет Кеңеске үш жылға сайланды. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Биыл жыл соңында тағы осынша ел қайта сайланады. Осылайша, жыл сайын ұйымға мүшелер ауысады.
Енді Ресей мәселесіне оралсақ. Солтүстіктегі көршіміз 2023 жылға дейін Кеңеске мүше. Қазіргі таңда Бас Ассамблеяда Ресейдің мерзімін жою жөніндегі мәселе қаралады. Кремль билігін мандатынан айыру үшін БҰҰ-ға мүше мемлекеттердің үштен екісі шешімді қолдауға тиіс.
Батыс дипломаттары алдағы дауыс беру кезінде Ресейдің БҰҰ Адам құқықтары кеңесінен шығарылатынына сенімді. Өйткені бұған дейін Бас Ассамблея Ресейдің Украинаға басып кіру әрекетін айыптаған екі қарар қабылдаған болатын. Бір құжатты 140, екіншісі құжатты 141 мемлекет қолдап дауыс берді.
АҚШ-тың Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілі Линда Томас-Гринфилд Reuters агенттігіне берген сұхбатында мұндай қадамның мақсатын түсіндірді. «Ресейге мұндай жазасыз әрекет етуді жалғастыруына және осындай іс-әрекетке баруына жол бермейтінімізді, адам құқығын құрметтейтінін айту маңызды», деді ол.
Ресей тарапы дауыс беруге қатысты өз пікірін білдірді. Рейтерс агенттігінің хабарлауынша, Кремль билігі қарарды қолдағандар мен қалыс қалғандардың әрекетін «дұшпандық қадам» деп қабылдайтынын ескерткен. Біріккен Ұлттар Ұйымындағы Ресейдің тұрақты өкілдігі әлем елдерін «Ресейге қарсы қарарды қабылдамауға» шақырған көрінеді. Өкілдік жіберген хабарламаны қанша елдің алғаны әзірге белгісіз.
«Айта кететін жайт, мұндай бастаманы қолдау ғана емес, сонымен қатар дауыс беру кезінде бейтараптық ұстану (қалыс қалу немесе қатыспау) дұшпандық әрекет ретінде қарастырылады. Сонымен қатар екіжақты қарым-қатынастарды дамытуда да, БҰҰ аясында ол үшін маңызды мәселелер бойынша жұмыс істеуде де әрбір елдің ұстанымы ескерілетін болады», делінген хатта.
Рейтерс агенттігі Ресейдің Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тұрақты өкілдігі хатқа қатысты түсініктеме беруден бас тартқанын жеткізді. Жалпы, бұған дейін Муамар Каддафидің шерушілерге қару қолданғанына байланысты Ливияны мүшелік құқығынан айырған еді.
Сондай-ақ әлемдік аренада Ресейді БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінен шығаруға шақырғандар көбейе бастады. Мәселен, OpenPetition.eu сайтында жарияланған петицияға 57 мыңға жуық адам қол қойған. Бұдан бөлек, БҰҰ Бас Ассамблеясына жолдаған видео үндеуінде Украина президенті Володимир Зеленский Ресейді Қауіпсіздік Кеңес құрамынан шығару қажет деп мәлімдеді.
Дегенмен Адам құқықтары кеңесіне қарағанда Қауіпсіздік Кеңесінің мәселесі қиындау. UNHRC мүшелігінен босату үшін БҰҰ-ға мүше 192 мемлекеттің үштен екісі қолдап дауыс беруге тиіс. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде мәселе басқаша. Бұл ұйымның міндеті – әлемде бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау, бітімгерлік миссиясын атқару, халықаралық санкциялар салу және ҚК қарарлары арқылы әскери іс-қимыл мәселелерін шешу.
Кеңес – БҰҰ құрамындағы негізгі алты мекеменің бірі саналады. Қауіпсіздік кеңесі БҰҰ-ға мүше басқа мемлекеттердің орындауы міндетті шешім шығаруға құқылы. Іргелі ұйымға мүше болған ел өзінің бастамаларын ұсынуға және мүддесін қорғауға, маңызды деп санаған мәселелерге әлемнің назарын аудартуға мүмкіндігі бар. Қысқаша айтқанда, Қауіпсіздік кеңесі – өз ұстанымының өзектілігін дәлелдеуге арналған бірегей алаң.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамында 15 мемлекет бар. Оның бесеуі тұрақты мүше. Атап айтқанда, АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания және Франция. Қалған тұрақты емес 10 мүшесі екі жыл сайын ауысып отырады. Қазіргі таңда Африкадан ұйымға Габон, Гана мен Кения, Азиядан Біріккен араб Әмірліктері мен Үндістан, Шығыс Еуропадан Албания, Латын Америкасынан Бразилия мен Мексика, Батыс Еуропадан Ирландия мен Норвегия сайланған.
Осы орайда, 2017-2018 жылдары Қазақстан да БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болғанын, 2018 жылғы қаңтарда ұйымға төрағалық еткенін айта кеткен жөн. Осы мәртебелі мерзім кезінде еліміз жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға қатысты көптеген бастама көтергені есімізде. Қауіпсіздік кеңесіндегі Қазақстан басымдық берген бағыттың бірі – ядролық қаруды таратпау мәселесіне арналды.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелерінің ерекшелігі – вето қою құқына ие. Яғни 14 мемлекет қарарды қолдаса да, бес мемлекеттің біреуі оған қарсы шықса, құжат қабылданбайды. Кеңес құрылған 1946 жылдан бері 293 рет вето құқығы қолданылған екен.
Кеңес Одағы, кейіннен Ресей жалпы саны 143 мәрте дауысқа салынған қарарды қабылдамай тастаған. АҚШ мұндай құқығын 83 мәрте пайдаланған. Ұлыбритания 32 рет вето қойса, Қытайға 16 вето тиесілі. Франция 19 рет БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарына қарсы дауыс берген.
Вето мәселесіне бекер тоқталып отырғанымыз жоқ. Өйткені кез келген мемлекетті БҰҰ құрамынан да, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамынан да шығару үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қолдауы қажет.
БҰҰ жарғысында Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесін шығару жөнінде айтылмаған. Әйтсе де, мемлекетті БҰҰ Бас Ассамблеясы құрамынан Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысымен шығару жөнінде қарастырылған.
Жарғының 6-бабында: «Осы Жарғыда қамтылған Қағидаларды тұрақты түрде бұзған Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесін Қауіпсіздік кеңесінің ұсынысы бойынша Бас Ассамблея Ұйымнан шығарып жіберуі мүмкін» делінген.
Ендеше, Ресейді БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі құрамынан да, БҰҰ Бас Ассамблеясы құрамынан да шығару мүмкін емес. Өйткені Ресейдің вето қою құқығы болғандықтан, оны ұйымнан шығару жөніндегі кез келген құжатты қабылдатпайтыны айтпаса да түсінікті.
Немесе Ресей халықаралық аренадағы өзінің бүкіл күшінен бас тартып, өз-өзін шығару туралы қарарды қабылдауы қажет. Бірақ қазіргідей кезеңде де, келешекте де болуы екіталай.
Кейбір мүше мемлекеттер БҰҰ-да реформалар жүргізуге, әсіресе тұрақты мүшелердің геноцид жасаған кезінде вето қою құқығынан айыруға шақырып жүр. Бұл мәселенің БҰҰ қабырғасында талқыланып жүргеніне біраз уақыт өтті. Мәселен, 2005 жылғы Дүниежүзілік саммиттен кейін «Кіші бестік» (S5) деп аталатын Коста-Рика, Иордания, Лихтенштейн, Сингапур және Швейцария тұрақты мүшелердің геноцид, соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстарға қатысты мәселелерде вето қою құқығынан бас тартуға шақырды.
Дегенмен S5 ұйымы 2012 жылы таратылды, бірақ олар көтерген мәселе әлі күнге дейін күн тәртібінде тұр. Қазіргі таңда БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелері Франция мен Ұлыбритания ұйымға реформа жасау мәселесін қолдайды.
Таяуда журналистер осы мәселені Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакиден сұраған еді. Оның айтуынша, Ресейдің Кеңестегі тұрақты ұстанымы қиындық туғызады.
БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне реформа жасау мәселесі талқыланып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Көтерілген өзгерістің бірі – тұрақты мүшелер санын көбейту. Үміткер елдердің қатарында Бразилия, Германия, Үндістан, Жапония (G4 елдері) және Оңтүстік Корея айтылды. Сонымен қатар жартылай тұрақты мүше деген ұғымды енгізу туралы бастама көтерілді.
G4 елдері 2017 жылы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшелігіне сайланса, вето қою құқығынан айыруды көтеретінін мәлімдеді. Қазіргі таңда тұрақты мүше 5 мемлекет пен G4 елдері экономикасы дамыған әлемдегі 10 мемлекеттің ішіне кіреді. Сонымен қатар қорғаныс саласына мол қаржы құятын мемлекеттер тізімінде тұр.
Қорыта айтқанда, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесін кеңес құрамынан да, БҰҰ Бас Ассамблеясынан да шығару оңай шаруа емес. Алдағы уақытта ұйымға реформа жасалуы екіталай екенін ескерсек, мүлдем мүмкін емес дер едік.