Аймақтар • 08 Сәуір, 2022

Ағаш егу акциясы

941 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жасылдандыру мақсатында жыл сайын көктем мезгілінде Тараз қаласында тиісті жұмыстар атқарылады. Биыл да көне шаһарда «Менің қалам – менің аулам!» акциясы ұйымдастырылды. Қала тұрғындары бір күнде 7 мыңнан астам көшет отырғызды. Бұл сауапты іске қалада тұрып келе жатқан түрлі сала мамандары да атсалысты.

Ағаш егу акциясы

«Сәуір болмай, тәуір болмас» дегендей, күн жылып, нағыз көк­тем орнаған шақта тұрғындар шаһардағы үйлердің іргелеріне, аулаларға, сондай-ақ көше бойла­рына көшеттер отырғызып, қаланың гүлденуіне үлес қосты. Мәселен, осы күні Сабалақов көшесіндегі облыстық көпбейінді аурухананың маңына мекеме қызметкерлерімен қатар көше тұрғындары да жиналып, 200 түп қарағаш еккенін көруге болады. Сол сияқты қаладағы №2 аумақтық округте орналасқан мекемелер мен көпқабатты тұрғын үйлерге округ басшысы Ескер Бұралқиев әкімдіктен бөлінген көшеттерді үлестіріп, ағаш отырғызатын аумақты қазуға жәрдемдескенін де атап өткен жөн. Аталған акцияда қаладағы №15 шағын ауданның №1, №5 және №25 үй тұрғындарының сұранысымен аулаға 152 түп тал жеткізілген. Бұл ретте қала тұрғыны Абай Өміртай ұрпақтар сабақтастығының өзі осы тал отырғызудан басталатынын айтады. Сондықтан да қала бойын­ша бастау алған бұл игі істі ке­йінгі ұрпаққа үлгі болады деп есеп­тейді.

Аталған акция аясында жер­гілікті Aulieata-media жа­уап­­кершілігі шектеулі серік­тес­тігінің ұжымы облыстық Aq jol газетінің 100 жылдығына орай Б.Момышұлы атындағы «Же­­ңіс» саябағына 100 түп терек отырғызды. Сонымен қатар аймақ­­тағы ата басылымда әр жылдары еңбек еткен Елен Әлімжан, Тұр­сынхан Толқынбаев, Қуаныш Иембердиев, Болат Жаппаров, Баймахамбет Ахмет сияқты ардагер журналистер де келіп, жас­тармен жүздесті. Aq jol газе­тінің 100 жылдық тойы жыл басынан бері кең көлемде аталып өтуде. Мерейтойдың жалғасы бол­ған бүгінгі акцияға шөберемді ерте келдім. Қарап отырсам, ата газетте сол кездегі Жамбыл қала­сына алғаш келген жылдан бастап еңбек етіппін. Одан бері де 52 жыл зулап өтті-ау», дейді жазушы, ардагер журналист Елен Әлімжан.

Ал Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев шаһарда бас­тау алған «Менің қалам – менің аулам» атты акциясының негізгі мақсаты – қала тұрғындарын тазалыққа шақырып, көктемгі ағаш отырғызу маусымына тарту болғанын жеткізді. Өз сөзінде әкім қаладағы еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін акцияға үн қосып отырғанын айтты.

Жалпы, акция барысында тұрғындар әл-Фараби көшесінің бойына, №1 көпбейінді аурухана аумағы мен «Астана» шағын ауданының маңына 300 түп тал отырғызды. Сол сияқты, «Есе­нин» скверіне, Сүлейменов кө­шесі бойына, «Төңкеріс», «Теле­орталық» тұрғын алабтарына және Абай даңғылының бойына 300 дарақ егілді. Акция барысында «Барысхан» тұрғын алабы, Құрманбетов, Қызылқайнар, Қуа­нышбаев, Алматы көшелері де қамтылды. Сонымен қатар «Әулие бұлақ» аумағына, «Қара­су» шағын ауданына да 300 көшет егілді. Тал егу үрдісі Әйтеке би, Қазыбек би көшелерінде де жалғасын тапты. «Қарасу-2» каналының бойы мен «Самал» шағын ауданында 200 түп тал отырғызылса, «Бәйтерек» шағын ауданы және №3 лицей мектеп аумағына 500 көшет егілді. Жалпы алғанда көне шаһардағы әрбір ауданда, әрбір көшеде мың­даған түп тал егіліп, тамыр жайды.

 

Жамбыл облысы