Экономика • 10 Сәуір, 2022

Бюджет пен мұнай арасында байланыс бар ма?

1282 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мұнай бағасы қымбаттаса, Ұлттық қорға деген тәуелділік төмендейді. Үміт артқан осы жоспар тағы алыстап барады. Үкімет жиынында биылғы шығынды жабуға Ұлттық қордан 1,6 трлн теңге ақша алынатыны айтылды. Бұған дейін 2022 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өндіру деңгейі 87,5 млн баррель болатыны жоспарланған еді. Ендігі меже 85,7 млн баррельмен шектеледі.

Бюджет пен мұнай арасында байланыс бар ма?

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Бюджеттің бет түзер құбыласы мұнай бағасы екені белгілі. Ұлт­тық экономика министрі Әлі­бек Қуантыров Үкіметте өткен жиында мұнайды өндіру 2 млн баррельге төмендегенімен, жоғары баға есебінен өтемақы жүріп жатқа­нын айтты. Министрдің айтуын­ша, геосаяси жағдайдың шиеленісуі­не орай сыртқы экономикалық жағдайдың нашарлануына байланысты халықаралық қаржы ұйымдары осы жылы әлемдік ІЖӨ-нің өсу перспективаларының төмендеуін күтуде. S&P Global Ratings агенттігі 2022 жылы әлем­дік экономиканың өсу болжамын 4,2%-дан 3,6%-ға дейін түсірді.

«Мұнай нарығында жыл басынан бері мұнайдың Brent мар­касының орташа бағасы баррелі­не 98 доллар болды. Бұл ретте Дү­ниежүзілік қаржы ұйымдары 2022 жылы мұнай бағасын 74-105 доллар аралығында болжап отыр. Осыған байланысты макрокөрсеткіштерді нақтылау кезінде мұнайдың орташа жыл­дық бағасы барреліне 90 доллар деңгейінде айқындалды», деді Ұлттық экономика министрі.

Осыған байланысты Премьер-Министр кеңсесі басшы­сы­ның орынбасары Руслан Желді­бай әлеуметтік желідегі парақ­ша­сын­да жұртты сабырға шақы­рып, қыс­қаша түсініктеме беріп­ті. Яғни бұл қаражаттың барлы­ғы да халықтың жағдайын көтеруге ба­ғытталған. Бірінші кезекте қар­жылық құны 197 млрд теңгеге баға­ланған әртүрлі іс-шара іске асырылады. Осы қаражат шең­берінде жастарды қолдау, бизнес ашу үшін микрокредиттер беру, жалға алынған тұрғын үй төлемінің бір бөлігін субсидия­лау сынды жобалар жүзеге асырылады. Екіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына қосымша 238 млрд теңге бөлінді. «Қосымша қара­жат агроөнеркәсіптік кешенді суб­сидиялауға, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарына же­ңіл­дікпен кредит беру көлемін ұл­ғай­ту­ға жұмсалады. Үшіншіден, өңір­лерге қосымша 476 млрд тең­ге қаржы қарастырылды. Атал­ған шығыстардың негізгі бөлігі 271 млрд теңге немесе 57 пайызы батыс және оңтүстік өңірлерді дамытуға бағытталған. Бұл – аса маңызды шаруа. Себебі қуатты өңірлерсіз мемлекет болмайды. Ең бастысы, инфляцияның дең­гейінің өсуіне байланысты әлеу­меттік төлемдерді индекстеуге 110 млрд теңге жұмсалады. Сондай-ақ қаңтар оқиғасында зардап шеккен бизнеске, азаматтарға қар­жы қарастырылған. Яғни Ұлт­­тық қордың қаржысы тек аза­мат­тар үшін жұмсалады. Өз кезегін­де, әрине, Үкімет бюджеттің түсі­мін ұлғайту мақсатында жұмыс атқаратын болады», деп жазды Р.Желдібай.

Сарапшылардың айтқаны­на ден қойсақ, Үкіметтің бюджет мә­селесіне қайта оралуына мұнай өндіру деңгейінің төмендегені себеп болып отыр. Осы тұста 2021 жылдың бюджетіне ойша оралсақ, мұнай бағасы шамамен 60 доллар көлемінде белгіленген болатын. Ал 2021 жылы мұнай бағасы шамамен 100-120 доллар, доллар мен теңге дәлізі шамамен 370-430 доллар айналасында болды. Бұл қаржы мемлекеттік бюджеттің дербестігін көтеруге жететіндей-ақ қаржы болатын. Бірақ айналып келгенде, мұнай қымбат болса да жағдай қырық құбылып, Ұлттық қорға тағы да қол создық.

Осыған дейін ел бюджетіне мұ­найдан түсетін түсім өткен жыл­мен салыстырғанда 30 па­йызға артуы мүмкін деген пікір­лер көп айтылған. Бұған себеп те бар. Brent маркалы мұнай бағасы ұзақ уақыт бойы барреліне 90 доллардан жоғары болды. 2020 жылы пандемияға байланысты бюджет түсімі 40 пайызға арзандап кетті. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш керісінше, 30 пайызға өсті. 2021 жылдан бастап мұнай бағасы 90 доллардың айналасынан алыстаған жоқ.

Сарапшы Бейсенбек Зиябеков Ұлттық экономика министрі Әлі­бек Қуантыровтың «Бізде жоғары баға есебінен өтем­ақы жүріп жатыр» деген пікіріне назар аудару қажеттігін айтты. Еліміз мұнай, темір, көмір, астық тәрізді шикізат ресурстарын шетелге тек доллармен сатады. Мұнай бағасының бір жыл бойы бюджетте белгілеген шектен қымбат бағаны ұстап тұруы бюдждеттің қосымша ты­ныс алуына мүмкіндік беру­ге тиіс еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Үкімет мәсе­лені шешу үшін тағы да Ұлт­тық қорға қол салды, мұнай баға­сы­на тәуелді екенімізді жасыра алмадық. «Біз мұнайдан басқа темір, көмір, астық экспорттаймыз. Оның бәрі шетелдік валютамен сатылады. Былтыр доллар бюджетте белгіленген 60 доллардан әлдеқайда жоғары болды. Демек министр айтып отырғандай, бюджетке жоғары баға есебінен өтемақы беру мә­се­лесінде айқындылық болса, бюд­жеттің Ұлттық қорға деген тәуел­ділік деңгейі төмендеп, бюджет­тің тапшылығы шикізат экс­порты­ның жоғары баға есебінен толықтырылып отырар еді», дейді Б.Зиябеков.

Оның айтуынша, 1990 жылдары шетелдік инвесторлармен арадағы келісімшарттардың бізге тиімсіз тұстарының зардабы тым ауыр болып шықты. Соның ең бас­тысы, мұнай-кен орындарын­дағы қазақстандық үлестің тым аз­ды­ғы. Ашығын айтқанда, біз мұнай түсімімен емес, сол шетел­дік ком­панияллардың мемлекетке тө­­леп отырған салығымен бюджет­ті толықтырып отырмыз. «Мұнай бағасына қатысты бюджетке жоғары баға есебінен өтемақы беру мәселесінің мемлекеттік деңгейде ашық айтылуының өзі жетістік. Осыған дейін шетелдік компаниялардың жыл сайын қанша баррел мұнай игеретіні туралы мәліметтер ашық айтылмайтын. Тіпті мұнайдың бізге тиесілі сегментінен түсетін түсімнің өзі алдымен шетелдік корреспонденттік шоттарға аударылып, содан кейін Ұлттық қорға түседі. Біз елімізден кетіп жат­қан мұнай экспорты туралы мәлі­меттерді солардың берген дерек­­тері арқылы біліп отырамыз. Үкі­­мет алдағы уақытта мұнай түсі­­мі, баға айырмашылығы тура­лы мәліметтердің Ұлттық қорға түсу тетігін ойластыруы керек. Сол кезде ғана баға айырма­шы­лы­ғындағы өтемақы туралы мәселе ашық айтылады», дейді Б.Зиябеков.

Яғни бюджетті талқыла­ған кезде негізгі экономикалық па­ра­метрлерді сақтауға барынша басымдық берген маңызды. Мысалы, мемлекеттік қарыздың шекті мөлшері ІЖӨ-нің 25 пайызынан, Ұлттық қор арқылы бюджет тапшылығын қаржыландыру ІЖӨ-нің 2 пайызынан аспауға тиіс. Сол кезде Ұлттық қорға деген тәуелділікті кезең-кезеңімен азайтып, мұнай бағасындағы қысқа мерзімді құбылмалыққа қарсы тұрып, бюджетті мазалай беруді тоқтатамыз.

Қаржы сарапшысы Айбар Олжаевтың айтуынша, шетелге экспорттап отырған мұнайымыз бренд маркасына жатпайды. Сондай-ақ мұнай мен теңгенің байланысын тұрақты деуге болмайды. Оның теңгеге әсері де тым сезімтал емес. Қазір Brent (Brent Crude Oil) бағасы 107,59 доллар болса, бізде шығарылатын CPC (Caspian Pipeline Consortium) маркалы мұнайдың 80 пайызы Каспий құбыры арқылы Новосібірге барып, ары қарай әлемдік биржаға кетеді. Егер, Brent (Brent Crude Oil) маркалы мұнай 127 доллар болса, CPC маркасы 70-80 доллармен сатылуы мүмкін. Brent (Brent Crude Oil) бағасы 107,59 болса, CPC 50-60 доллардың айналасында. Демек мұнайымыз әу бастағы бағадан қатты алыстап кеткен жоқ. А.Олжаев түсіндіріп өткендей, елімізге қатысты санкциялар жоқ болса да географиялық-логис­тикалық шығындарға тәуелдіміз. Мұнай бағасы әлемдік нарық­та қымбаттаса да біздің мұнай бұрынғы бағада сатылады», деп түсіндірді А.Олжаев.

Тіпті Ұлттық қорға түсетін мұнай түсімінің де белгілі бір трансфері бар. Басқаша айтқанда, мұнайдан түсетін түсімнің бәрін алуға Ұлттық қордың да құқы жоқ. Шетелдік қаржы көздерінен елге келген мұнай түсімі Қаржы министрлігі мен Ұлттық банк ар­қы­лы реттеледі. Қысқасы, тең­геге қатысты проблема осы екі институттың қалыпты қызметіне көбірек тәуелді.

«Бұл мұнай қымбаттаса мұ­найдан түсетін пайда да өседі, пайдаға батып қаламыз» деген пікірдің тек аңыз екенін көрсетеді. Мұнай түсімінің Ұлттық қордан артылған мұнай түсімі трансфері сол қорды басқарып отырған ком­­паниялардың активтеріне ай­на­лады. Демек қымбат мұнай бағасы мен Ұлттық қор немесе бюджет арасында тікелей байланыс жоқ», деп түйіндеді А.Олжаев.

 

АЛМАТЫ