Облыстың Білім басқармасының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды жоба бойынша ШҚТУ алаңында өңірдегі 27 мектептің 9-11 сынып оқушыларына білім беріледі. Бұл жобаның қолға алынуына тағы бір себеп – соңғы жылдары Ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру кезінде бейінді пәндер ретінде физика мен математиканы таңдайтын талапкерлер саны тым төмендеп кеткен. Мұның өзі техникалық мамандардың азаюына әкеліп соғуы мүмкін.
Осы мәселені шешу үшін университет ректоры Жасұлан Шаймардановтың бастауымен бірнеше жылдан бері облыс мектептерінде инженерлік сыныптар құру жұмысы жүргізіліп келеді. Демалыс кезінде балалар университет базасында физика мен математика пәндерін тереңдете оқиды. Нәтиже жаман емес, білім беру сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Желілік инженерлік мектептің ашылуына орай жоғары оқу орны шаңырағында облыс мектептері директорларының қатысуымен «дөңгелек үстел» өтті. Бұл іс-шараға олардың ресейлік әріптестері де онлайн режімде қосылды.
– EKTU Educational Academy желілік инженерлік мектебі Д.Серікбаев атындағы университеттің әлеуетін пайдалана отырып, оқушыларға тереңдетілген білім беріп жатыр. Мақсатымыз да айқын: физика-математикаға қабілеті бар оқушылардың білімін тереңдету. Сабақтың 50 пайызы офлайн режімде өтсе, 50 пайызы – онлайн, – дейді аталған университеттің академиялық қызмет бойынша проректоры Жадыра Түсіпханқызы.
Айта кетсек, желілік инженерлік мектепте кез келген бала оқи алмайды. Ол үшін шәкірттер арнайы сынақтан өтуге тиіс. Мәселен, оқушы тестілеуде 70 ұпайдан жоғары алса, тегін оқытылады. Ал 50 мен 69 аралығында ұпай жинаса, ақылы түрде оқиды. Ең тиімдісі, инженерлік желілік мектепте білім алған түлек университетке оқуға автоматты түрде қабылданады. Жоба 2025 жылға дейін жоспарланған.
Университетте желілік мектеп базасында сабақ беретін мұғалімдерге арналған курстар да ұйымдастырылған. Біліктілікті арттыру курсы ақылы түрде болғанымен, нәтижелі жұмыс атқарған мұғалімдерге сыйақы да қарастырылған.
Бүгіндері EKTU Educational Academy жұмыс жоспарлары келісіліп, мектеп құрамына оқушыларды және мұғалімдерді іріктеу басталады. Желілік инженерлік мектеп аясында оқушылар инженерлік математика, физика бойынша күшейтілген даярлықтан өтеді, қолданбалы ғылыми жобаларды іске асырады, олимпиадаларға қатысады, демалыс кезінде оларға университеттің ғылыми-зерттеу және зертханалық базасы ұсынылады. Сонымен қатар жоғары сынып оқушылары жазғы мектеп аясында Бұқтырма су қоймасының жағалауындағы «Простор» жазғы лагерінде дайындықтан өтеді.
Желілік инженерлік мектептің ашылуы ерекше форматта өтті. Себебі әдеттегідей лента қию, ұзын-сонар баяндамалар болған жоқ. Әркім өз тілегін қысқа да нұсқа білдірді. Сонау Мәскеудегі жоғары оқу орындарының ұстаздарына дейін жылы лебіздерін білдіріп, көмекке әрқашан әзір екендерін жеткізді.
Жиын соңында Тарбағатай, Катонқарағай, Зайсан аудандары мен Курчатов, Риддер қалаларынан келген ұстаздар, мектеп директорлары университет ішін аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Шығыс Қазақстан облысы