Аймақтар • 11 Сәуір, 2022

Сәтбаев каналынан су босатылды

312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Табиғатты қорғау мақсатында Сәтбаев атындағы каналдың №112 су жіберу құрылғысынан Шідерті суармалы арнасына су босатылды. Жуырда газетімізде жарық көрген «Апатты «қолдан жасап» алмасақ игі» деген мақалада павлодарлықтардың суды молынан босату жөніндегі тілегі жазылған-ды. Қуанышқа орай, шаруалардың ұсынысы ескеріліп, биыл 120 млн текше метр су жіберілмек!

Сәтбаев каналынан су босатылды

Жайылымға жайылған судың ырзығы мол. Әсіресе, өңірдің шаруалары үшін үлкен игіліктердің көзі. Арна суы Екібастұз өңірі мен Ақтоғай ауданы аумағындағы көлтабанды шабындықтардан күзде мол пішен қорын дайын­дауға мүмкіндік береді. Түптеп келгенде, экологиялық маңызы бар шараның шарапаты өңір экономикасының алға басуына оң әсер ететіні сөзсіз.

Облыстық жер қойнауын пай­да­лану, қоршаған орта және су ре­сурстары басқарма­сының басшысы Айге­рім Қабылтаеваның айтуынша, бұл шара өңірдің экологиясына, жайылымдар мен жануарлар әлеміне оң ықпал етеді. Яғни қоршаған ортаның балансын қалпына келтіруге және өзенге жақын орналасқан аумақ­тағы экологиялық тепе-теңдікті сақтауға, сондай-ақ көл­дерді толтыру мақсатында жү­зеге асырылады. Бұл ретте, жыл сайын шабындықтардағы шөптің шығымдылығы артып, мал азығы сапасының артқанын атап өткен жөн.

Естеріңізге салсақ, соңғы жылдары республикалық бюджеттен суды босатуға қарас­тырылған қаражат қысқарып, сәйкесінше Шідерті суармалы арнасына жіберілетін су­дың көлемі күрт азайған еді. Су мөл­­шерінің кем болуы – жет­кі­­лікті мөлшерде мал азығын да­­йындауға кедергі келтіретін әрі өңір флорасы мен фаунасы­на зиянын тигізетіні айтпаса да түсінікті. Бұл мәселені жер­гі­лік­­ті қоғам белсенділері ми­нис­тр­лік деңгейінде талай мәрте кө­­теріп, ақыры дегеніне жетті. Ендігі жерде бұл мәселе жыл сайын көтеріле бермей, қажетті су мөлшері тұрақты түрде боса­тылып тұрса игі. Бұл – пав­ло­дар­лықтардың тілегі.

 

Павлодар облысы