Соңғы жылдары сүйектен сәндік немесе геральдикалық бұйым жасау өнері айтарлықтай дамып келеді. Осындай сүйектен бұйым жасаушылардың бірі – астаналық ұстаз, Еуразия дизайнерлер одағының мүшесі – Асылбек Бегзанұлы. Бұл азамат халқымыздың сүйектен бұйым жасау дәстүрін дамытумен қатар, елордалық мектеп оқушыларына аталған өнерді үйретуде.
«Ертеде ел арасында жауырын сүйекке қарап бал ашатындар болғанын жақсы білеміз. Өйткені бұл сүйек басқа мүшелерге қарағанда, композициялық құрылымы мен формалық үйлесімі кең әрі адамның шығармашылық қиялын ұштайтын мәнге ие. Десек те, сүйектен бұйым жасау оңай емес. Оның өзіндік айла-тәсілі технологиясы бар. Шебердің қиялы мен ісі үйлескенде ғана толыққанды туынды туары хақ. Сүйектен сұлулық тудыру – қағазға немесе матаға сурет салу емес», дейді шебер.
Сүйекшілік өнерімен айналысқанына оншақты жылдың жүзі болған шебер 2018 жылы еңбек пәні ұстаздары арасында өткен қалалық байқауда «Орман бұғысы» атты жұмысымен бас жүлде алса, «Бейбітшілік құсы» атты туындысы Түркияда өткен халықаралық көрмеде «Үздік өнер» номинациясына ие болыпты. Сондай-ақ өткен жылдары Абайдың 175 және әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай республикалық еңбек пәні ұстаздары арасында ұйымдастырылған «Ғасыр толғауы» атты көрме кезінде, іріктеліп алынып, құрастырылған «Бабалар аманаты» атты альбомға туындылары жарияланыпты.
Қазіргі таңда шебер Нұр-Сұлтан қаласындағы Смағұл Сәдуақасұлы атындағы № 78 мектеп гимназиясында ұстаздық етумен қатар, ұлттық мұрамызды дәріптеп, сәндік-қолданбалы өнердің қыр-сырын болашақ ұрпақтың санасына сіңіріп, ағаштан, теріден, сүйектен түрлі бұйымдар, кәдесыйлар жасау ісін шәкірттеріне үйретіп жүр.