Қоғам • 11 Сәуір, 2022

Қазақстандықтар Президенттің жұмысын оң бағалады

362 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі наурыз айында жүргізген әлеуметтік зерттеудің нәтижелерімен бөлісті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстандықтар Президенттің жұмысын оң бағалады

Сауалнама нәтижелеріне қарағанда, респонденттердің 70%-ы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне оң баға берді.

Сұралғандардың 67,4%-ы Президентке деген қарым-қатынасы жақсарғанын мойындаған.

Көпшіліктің (42,1%) пікірінше, Президент, ең алдымен, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге назар аударуы керек. Бұл ретте отандастарымыздың 41,4%-ын жалақы, зейнетақы және жәрдемақы деңгейін көтеру мәселесі толғандырса, 35,3%-ы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді қолдап отыр. Сұралғандардың 35,5%-ы халықаралық байланыстарды нығайту қажет деп санайды.

Сауалнамаға қатысқандардың төрттен бір бөлігі (26,3%) Қасым-Жомарт Тоқаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске ерекше көңіл бөлгенін қалайды. Сауалнамаға қатысушылардың жартысынан астамы (56,7%) Президент қызметінің негізінде қауіпсіздік, әлеуметтік әділеттілік (35,9%), тұрақты экономикалық даму, әрбір отбасының амандығы, қоғамдағы достық пен келісім (26-28%) мәселелері болуы тиіс деп есептейді.

Сондай-ақ сауалнама нәтижелері халықтың 20,5%-ы Үкіметке, ал 15%-ы жергілікті атқарушы органдарға үміт артатынын көрсетті. Парламентке (Сенат, Мәжіліс) деген сенімі – 14,1%-ды құрады.

Сауалнамаға қатысушылардың 34,3%-ы үшін ең маңызды құндылық - тәуелсіздік.

Айта кетсек, әлеуметтік зерттеу 15-24 наурыз аралығында жүргізілді. Сауалнамаға 1863 респондент қатысты, олар: 18-50 жас аралығындағы тұрғындар, интернет пайдаланушылары. Сауалнама Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен елдің 14 облысында жүргізілді.