Өмірде түрлі қызықтар бар. Өкінішке қарай кейде жұртшылықты таңдандырар емес, жаға ұстататындары да кездеседі. Атырауда Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Погодаев бұдан он жыл бұрын өлілер тізіміне енгізіліпті. Қалай? Не үшін? Бұл сауалдарға әзірге жауап жоқ. Ардагердің немересі Ольга Сбитневаның айтуынша, соғыс ардагері тірілер санатынан шығарылып тасталған.
– Бізге бұл халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінген кезімізде белгілі болды. Куәлікке белгі салып, орталықта бізге қызмет көрсеткен қыз мұндай анықтама ала алмайтынымызды айтты. Өйткені, Александр Иванович Погодаев мәліметтер базасында 2001 жылдан қайтыс болғандар санатында болып шықты, – дейді ардагердің немересі Ольга Сбитнева.
Ұлы Отан соғысының ардагері, ішкі істер қызметінің отставкадағы полковнигі, сонымен бірге, «Фронтовичка» еңбек ардагерлері хорының белді мүшесі саналатын Александр Погодаев әзірге өлілер санатында екенін әлі білмейді. Себебі, ол 2004 жылы жаңа жеке куәлік, шетелдік төлқұжат алыпты. Тіпті 2013 жылы жаңа пәтерге ие болған.
– Тірілер тізімінде жоқ адамға қалайша жаңа құжаттар берілген? – деген таңданысын жасырмайды ардагердің немересі О.Сбитнева. Бір қызығы өлілер санатына енгізілген соғыс ардагері А.Погодаев жақын арада 90 жасқа толғалы отыр.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.