08 Сәуір, 2014

«Қара алтын» өндіру көлемі артып келеді

477 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Елімізде өткен жылы мұнай өндіру жаңа рекордтық деңгейге (81,8 миллион тонна) жеткен. Бұл жөнінде Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дьяченконың жетек­шілігімен өткен «Мұнай-газ саласының 2013 жылғы ат­қарған жұмыс қорытындысы және орта мерзімді мін­деттер туралы» деп аталған Үкімет сағатында мәлімделді. Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиясында қойған негізгі тапсырмасының бірі – мұнай-газ саласын дамыту екендігін тіл­ге тиек еткен вице-спикер бұл са­ла жалпы экономиканың бас­ты флагманына айналғандығын ерек­ше атады. Және де басқа са­­ла­лардың дамуына өз ықпа­лын тигізіп келе жатқанына тоқталады. Бұдан кейін сөз алған Мұнай және газ министрі Ұзақбай Қарабалин қара алтынның экспорты 72 миллион тоннаны құрағандығын жеткізді. Оның айтуынша, газ өндіру 42 миллиард текше метр болса, тауарлық газ өндірісі 22,8 миллиард текше метрді, ал сұйытылған мұнай газының өндірісі 2,5 миллион тоннаны құраған. Жалпы, елімізде 14,3 миллион тонна мұнай өңделіп, газ транзиті 99 миллиард текше метрге жеткен. Мұнай өндіру Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарында жүргізіледі. «Шеврон», «Эк­сон­Мобил», «Лукарко» және Қаз­МұнайГаз компаниялары жобасы жүзеге асырылып жатқан Теңіз кен орнында мұнай өндіру рекордтық 27 миллион тоннаға жеткені ерекше аталды. Жобаны іске асырудағы 20 жыл ішінде еліміздің бюджетіне түскен төлемдер 61 миллиард доллардан асыпты. Ұ.Қарабалин Қарашығанақ жобасына да қатысты мәлімет бере кетті. «БритишГаз», «Эни», «Шев­рон», «Лукойл» және «ҚазМұ­най­Газ» компаниялары кірген бұл жобада 2013 жылы 12 миллион тонна сұйық көмірсутегі мен 17 миллиард текше метрден астам газ өндіріліп, бюджетке 12 мил­лиард доллар түскен. Ал «Шелл», «Тоталь», «ЭксонМобил», «Инпекс», «ҚазМұнайГаз» компа­ниялары қатысушысы саналатын Қашаған жобасында бірқатар кемшіліктер анықталыпты. Өткен жылы ғана «КонокоФилипстің» ор­нына қытайлық CNPC қосыл­ған­дығы белгілі. Министр мұн­да­­ғы мұнай қоры 2 милл­иард тон­надан асатынын, алайда, өзі­нің техника, технологиялық қиындықтары бойынша бірегей сана­латын Қашағанмен тек бра­зи­лиялық «Тупи» кен орнын салыс­тыруға боларын алға тартты. Ма­мандар бразилиялық кен орнының шығынын 200 миллиард долларға бағалаған. Өйткені, мұнайды аса тереңнен алуға тура келеді. Мұнай қоры жөнінен Қазақстан әлемде 12-орында болса, ал өндіруде 17-орында. Қазіргі кезде еліміздің барлық мұнай өндеу зауыттарында басталған жаңғырту үдерістері 2016 жылы аяқталады деп күтілуде. Соның нәтижесінде еліміз 2017-2022 жылдары сапалы бензин және дизель отынымен, сондай-ақ, әуе керосинімен толықтай қамтамасыз етілмек. Еліміздің әлемнің 30 еліне мұнай сататыны да ортаға салынды. 2013 жылы соның ең көп көлемі Италияға (27%), Қытайға (17%), Ни­дерландқа (13%), Францияға (9%) және Австрияға (7%) жөнелтілген. Министрдің мәліметіне қа­ра­ғанда, газ қорынан еліміз әлем­де 20-шы, ал өндіру жағынан 29-орында екен. Өткен жылы «Бей­неу-Бозой-Шымкент» газ құ­бы­рының бірінші кезеңі – «Бо­зой-Шым­кент» учаскесі іске қо­сылып, жылына 2,5 миллиард тек­ше метрге дейін газ өндіретін жобалық қуатына қол жеткізіліпті. Ағымдағы жылдың соңына дейін «Бозой-Бейнеу» учаскесінде қашықтығы 311 км құбырды салу аяқталады деп күтілуде. Жобаны іске асыру еліміздің оңтүстігіндегі ай­мақтарды газбен қамтамасыз ету­ге және 500-ден аса елді мекенді газ­дандыруға мүмкіндік бермек. Ақтау қаласында битум зау­ыты іске қосылса, жобаның құны 290 миллион долларды құрап, өндіріс көлемі жылына 400 мың тоннадан аса битум мен басқа да фракциялар болмақ көрінеді. Атырау облысындағы интеграцияланған газ-химия кешені жобасы бойынша жұмыс жалғасуда екендігімен бөліскен министр бірінші фазаны (полипропилен) іске асыру екі бағытта жүргізілуде – инфрақұрылым және өндірістік объектілер екендігін жеткізді. Сонымен қатар, Геологиялық атлас жасау, Каспий ойпатын зерттеулер бойынша «Еуразия» жобасын айқындау және мұнай шығару коэффициенті немесе КИН-ді анықтау жұмыстары жүзеге асатынымен бөлісті. Соңғысы бойынша еліміздің көрсеткіші 30 пайыз болса, бірқатар елдерде мұнай шығару коэффициенті 50 және одан жоғары пайыздық көрсеткішке ие екен. Бұдан басқа, Қазақстанның газ саласын дамыту тұжырымдамасы әзірленетін көрінеді. Үкімет сағатында Экологиялық мәселелер және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Александр Милютин қосымша баяндама жасаса, өзге депутаттар да өздерінің ой-пікірлерін ортаға салды. Оты­рысты қорытындылаған Мәжіліс Төрағасының орынбасары Сергей Дья­ченко айтылған барлық ұсыныс-пікірлердің негізінде Үкіметке ұсы­нымдар жобасы әзірленетінін жет­кізді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».