
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы жарияланған «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазіргі заманда бәсекеге қабілеттіліктің басты факторының бірі барынша цифрландыру екеніне назар аударып: «...отандық ІТ-секторды дамытып, күшейте түсу де маңызды. Елімізге жас, білімді әрі ынталы мамандар керек. Цифрландыру жөніндегі ұлттық жобаның аясында кемінде 100 мың жоғары білікті ІТ маман даярлау қажет», деген болатын. Astana IT университетінің бүгінгі аяқ алысы, жүзеге асырып отырған іс-шаралары Президент айқындаған басымдықпен толықтай үндесуде.
Астанамыздың әсем де көрікті орны – ЭКСПО аумағында орналасқан университет алғашқы оқу жылын IT саласының 6 білім бағдарламасы бойынша 600-ден астам студентті қабылдаудан бастаса, қазіргі уақытта бакалавриат бойынша 11 білім бағдарламасы бойынша 3 мыңнан астам болашақ маман тәлім алуда. Әлемдік трендке сәйкес келетін оқу бағдарламалары мемлекеттік стандартта қаралған біліктілікпен қатар, IT компанияларын ашу мен бизнесті басқару бойынша заманауи орнықты кәсіпкерлік құзыреттерін жасақтайды.
Бұған қоса университет жанынан колледж ашылып, 25 оқушы ІТ саласы бойынша орта арнайы кәсіптік білім алуда. Колледж шәкірттері үшін қысқартылған біріктірілген бағдарламалар бойынша оқуға мүмкіндік жасалған. Бұл – түлектер кәсіби біліктілік пен дағдыларға толы сапалы біліммен еңбек нарығына шығады деген сөз.
Университетте оқыту IT компанияларының практикалық міндеттерін ескере отырып, жобалық тәсілдің озық әдістері мен технологиялары негізінде жүзеге асырылады. Бұл студенттердің әлемде қалыптасқан озық технологиялармен танысу арқылы жоғары білікті маман ретінде кез келген маңызды міндетті шешулеріне мүмкіндік берері сөзсіз.
Тағы бір жетістігіміз – 2021-2022 оқу жылынан бастап жасанды интеллект, үлкен деректер және цифрлы трансформациялану саласында кәсіби білім беруге бағытталған «Есептеу ғылымдары», «Деректерді қолданбалы талдау» және «Жобаларды басқару» білім бағдарламалары бойынша жастар магистратурада білім алуда. Бұдан басқа елімізде алғаш рет Smart city және FinTech бірлескен магистрлік бағдарламалары дайындалды. Биыл компьютерлік ғылымдар бағдарламасы бойынша PhD докторантураға қабылдау басталады. Бұл – білім алушыға еңбек нарығында ерекше сұранысқа ие алдыңғы қатарлы пәнаралық білім алуға мүмкіндік береді.
Болашақ мамандардың сапалылығы – білім алушының ІТ саласына бейімділігіне тікелей байланысты. Сондықтан, жоғарыда аталған мамандықтардың ерекшелігіне байланысты талапкерлер арасынан ағылшын тіліне жетік, үздік, дарынды жастарды іріктеу – оқу орнымыздың басты қағидасы. Осыған орай Astana IT университетінің болашақ студенттерін еліміздің мектеп, колледж оқушыларына арналған олимпиадалар, ғылыми-инновациялық жобалар байқаулары арқылы іріктеп, оларға ішкі гранттарды тағайындау дәстүрге айналған. Атап айтқанда, 9-12 сынып оқушыларына арналған бағдарламалау бойынша AITU iCode олимпиадасына 13 мыңнан астам оқушы, мектеп, колледж түлектеріне арналған ағылшын тілі бойынша AITU iQyn олимпиадасына 3 мыңға жуық адам қатысқан. Бұдан басқа университетке оқуға түсу үшін талапкерлер арнайы AITU Excellence Test қабылдау емтихандарын тапсырады. Сондай-ақ жалпы орта білім беретін мектептердің бітіруші сынып оқушылары үшін университетке түсу бойынша қолайлы жағдай жасау мақсатында Foundation бағдарламасы ашылған. Samsung корпорациясымен бірлестікте ашылған IT-мектепте 7-11 сынып оқушылары бағдарламалау тілдері, роботтехника, т.б. IT салалары бойынша қосымша білім алса, университетіміздің Құзыреттіліктер және жетілдіру орталығында мемлекеттік қызметшілер, педагогтер, бизнес өкілдері цифрлы дағдыларын жетілдіреді.
Осылайша, Astana IT университеті қосымша, техникалық және кәсіптік, жоғары және жоғарыдан кейінгі білім, ересектерге білім беру жүйелерін қамту арқылы үздіксіз білім беру тұжырымдамасын белсенді жүзеге асырып отырғанын атап өткіміз келеді.
Университет Білім және ғылым министрлігі және басқа да ұйымдармен бірлесіп, студенттер арасында бағдарламалау, киберқауіпсіздік және басқа да тақырыптар бойынша Bilim Hackathon, AITUHackday, AITU Project Challenge, Rubik CTF сынды республикалық олимпиадалар, хакатондар, жобалар байқауын ұйымдастыруда. Аталған байқаулардың басты идеясы – нақты жобаларды орындау дағдысы мен командалық қасиеттерді дамыту және болашақ мамандарымызды жұмыспен қамту. Студенттер жобамен жұмыс барысында командаға бірігіп, кезең-кезеңмен тапсырмаларды орындайды. Бір сөзбен айтқанда, байқау арқылы «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» анықталып, ең бастысы, жеңімпаздар өздерінің шешімдерін жүзеге асыруға мүмкіндік алады және тұрақты жұмысқа орналасады. Бір ғана мысал, осы жылдың наурыз айында жүлделік қоры 3,5 млн теңгені құраған «BILIM Hackathon-2022» IT байқауы өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 107 команда қатысып, Astana IT университеті студенттері жүлделі орындарды иеленді. Осы арада жоғарыда аталған байқауларды ұйымдастырумен қатар, білім алушыларды дайындап, баптаған ұстаздар қауымының да еңбегі зор екенін атап өткіміз келеді.
Қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогі Ыбырай Алтынсариннің «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі», деген сөзі бар. Astana IT университеті үшін де профессорлық-оқытушылық құрамның жоғары біліктілігі – басты басымдықтардың бірі. Оқытушылардың жартысына жуығын ғылым докторы, кандидаты және PhD докторлары құраса, қалғаны – магистрлер және өндіріс мамандары. Университетте шетелдік профессорлармен қатар, президенттік «Болашақ» және басқа да бағдарламалар аясында АҚШ, Ұлыбритания, Алмания және басқа да шет мемлекеттердің озық жоғары оқу орындарын тәмамдаған ұстаздар дәріс оқиды. Олардың ішінде республика бойынша «ЖОО-ның үздік оқытушысы» ретінде танылғандары да бар. Университет өз кезегінде ұстаздар еңбегінің лайықты бағалануын басты назарда ұстайды. Осы орайда адами ресурстардың сапасын одан әрі жақсарту мақсатында бірқатар заманауи ынталандыру тетіктері қолданылатынын айта кеткен жөн: миссиямызға сәйкес профессорлық құрамға сабақ берумен қатар, ғылыми жұмыстармен нәтижелі айналысу үшін деңгейлік жүктеме беруді көздейтін негізгі көрсеткіштер жүйесі енгізіліп, білім нарығындағы ең жоғарғы жалақы төленеді.
Ғылыми-зерттеулерге ерекше мән берудің нәтижесінде ғалымдарымыз соңғы бір жарым жылда компьютерлік ғылым, инженерия, математика, шешім қабылдау жөніндегі ғылым салалары бойынша Scopus/Web of Science базасына енетін басылымдарда ғылыми мақалалар жариялады. Бұл оқытушылық-профессорлық құрамның зияткерлік әлеуетінің өте жоғары екенін көрсетеді. Біздің ұжым Қазақстан ЖОО-лары арасында ең «жасы» екенін айта кеткен жөн (орта жас мөлшері – 32 жас).
Ғылым қызметкерлері күні университет ғалымдары жүргізіп отырған ғылыми-зерттеу жұмыстарына қысқаша тоқталғымыз келеді. Мемлекет басшысы жоғарыда аталған Жолдауында «ғылымды дамыту – аса маңызды басымдық, білім беру мен ғылым саласының алдында тұрған кезек күттірмес ауқымды міндет – уақыт талабына сай болумен қатар, әрқашан бір адым алда жүріп, тың жаңалықтар ұсына білу екенін» атап айтқан болатын.
Astana IT университеті шетелдік ғылыми орталықтармен тығыз ынтымақтастықта және мемлекеттік органдар мен индустриялық әріптестердің қолдауымен өз қызметін «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында тұрақты ғылыми-инновациялық экожүйені қалыптастыруға бағыттауда.
Университеттің білім беру ісінде білім беру бағдарламалары құрылымының жаңа жүйесі мен оны жүзеге асыратын IFI тұжырымдамасы енгізілген. Аталған тұжырымдама үш құрамдас бөліктен – аспаптық, іргелі, индустриялық (өндірістік) бөліктерден тұрады:
- Аспаптық (Instrumental) бөлік ақпараттық-коммуникациялық технологиялар дағдылары мен құзыреттерін зерделеуді, негізгі тілдер мен бастапқы еңбек қызметіне жылдам кіру үшін бағдарламалау технологияларын қамтиды. Мысалы, күрделі емес бағдарламалардың, мобильді қосымшалардың кодын жазу немесе командада шағын жобаларды орындау;
- Іргелі (Fundamental) бөлік компьютерлік ғылымдар теориясы бойынша базалық және бейіндік пәндерден және ойлау логикасы абстракциясының іргелі негізі мен деңгейін қалыптастыруға және күрделі құрылымдар мен зияткерлік жүйелерді ұсынуға арналған ақпараттық жүйелерден тұрады. Мысалы, математикалық логиканы, дискретті математиканы, алгоритмдер мен операциялық жүйелер теориясын зерттеу білім алушыларға жаңа пәнаралық салаларда күрделі жобаларды орындауға және жасанды интеллектіні қолдану озық технологияларды құруға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына қатысуға мүмкіндік береді;
- Индустриялық (Industrial) бөлік қазіргі заманғы технологиялар стектерін, есептерді басқару жүйелерін, өндірістік компанияларда пайдаланылатын әдістемелер мен әдістерді зерделеу арқылы кәсіби құзыреттілікті қамтамасыз етуге бағытталған бейінді пәндер мен барлық түрдегі тәжірибені қамтиды. Бір ерекшілік, студенттерімізге индустриялық пәндер бойынша компаниялардың тәжірибелі мамандары Spring, Python, GitLab CI, JIRA, TensorFlow, BERT және басқа да құралдарды оқытады.
Бұл ретте егер білім алушы жеткілікті білім деңгейін көрсетсе немесе компания тарабынан кәсіби сертификатқа ие болса, аспаптық және индустриялық пәндер бойынша емтихан тапсырмай-ақ бағасын алады. Бұл тәсіл бізге нарық сұраныстарына икемді болуға және университеттің академиялық комитеттерінің құрамына кіретін компаниялардың сарапшыларын тарту арқылы білім беру бағдарламалары мен пәндер мазмұнын жыл сайын бейімдеуге мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, аталған IFI тәсілін елдің барлық инженерлік-техникалық білім беру бағдарламаларына қолдануға болады деп санаймыз. Өйткені ол жоғары оқу орындарының бағдарламаларын нарық талаптары мен мемлекеттік тапсырысты орындауға барынша бейімдейді.
Ал университет ғалымдарының қызметі бейінді ғылыми-инновациялық орталықтар құру, шетелдік және отандық жетекші жоғары оқу орындарымен бірлескен ғылыми жобаларды орындау, студенттер мен оқытушылардың зерттеулерінің ғылыми нәтижелерін апробациялау үшін халықаралық конференциялар мен семинарлар ұйымдастыру және басқаларды қамтиды.
Былтыр ашылған SMART city, Industry 4.0; «Үлкен деректер және Блокчейн технологиялар», AgroTech, EdTech ғылыми-инновациялық орталықтарының ғылыми ізденісте жүрген азаматтың ғылыммен айналысуына есігі ашық, заманауи жабдықталған FabLab зертханасы еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қосады. Сондай-ақ Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен (ЦДИАӨМ) бірлесе отырып, Ақпараттық қауіпсіздік және Интернет заттары зертханалары жабдықталмақ. Инновациялық жобаларды жүзеге асыру мақсатында студенттік IT-кәсіпкерлік экожүйесінің дамуына жағдай жасауға арналған коворкинг орталық жұмыс істейді.
Аталған орталықтар халықаралық және отандық гранттық, бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бағдарламалары аясындағы конкурстарды жеңіп алып, қазіргі уақытта жалпы сомасы 600 млн теңгеден асатын ғылыми-инновациялық жобалар бойынша жұмыс жүргізуде. Аталған жобалар Н.Жәкиев, А.Мұқатаев, А.Белощицкий, Д.Лебедев, А.Нефтисов, Р.Мәди және т.б. жетекші ғалымдардың басшылығымен орындалуда. Осы арада аталған ғылыми-зерттеу жұмыстарының барлығы күн тәртібіндегі проблемалық мәселелерді цифрлы технологиялар арқылы шешуге арналған перспективалы жобалар екенін атап өткіміз келеді. Мәселен, елордадағы көлік үйлестіру, ауаның ластануы, жылу энергиясын тиімсіз пайдалану және тұрғындардың әлеуметтік цифрлы бейнесі проблемаларын кешенді шешуге бағытталған Smart city жобасы орындалуда. Сонымен қатар университет жас ғалымдарды ынталандыру мақсатында жыл сайын ішкі ғылыми жобалар конкурсын өткізіп, жеңімпаздарға 1 млн теңгеден кем болмайтын гранттар бөледі. Университетімізде жыл сайын «Интеллектуалды ақпараттық жүйелер мен технологиялар (IEEE SIST)» конференциясы өткізіледі (28-30 сәуір 2022 ж.).
Инновацияларды дамыту мақсатында ЦДИАӨМ қолдауымен Astana IT университеті базасында консорциум құрамында O-RAN технологияларын және электронды өнеркәсіпті зерттеу бойынша ресурстарды шоғырландыру мақсатында E-Industry технологиялық құзыретінің салалық орталығы құрылды.
Университеттің стратегиялық бағыттарының бірі – халықаралық ынтымақтастықты дамыту. Бүгінгі күні Италия, Бельгия, Германия, АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея, Чехия, Түркия, Эстония мемлекеттерінің IT мамандарын даярлайтын жетекші университеттерімен байланыс орнатылған – академиялық ұтқырлық бойынша студенттермен, оқытушылар және зерттеушілермен өзара алмасу, екіжақты ғылыми-зерттеу жобаларына қолдау көрсету іс-шаралары жүзеге асырылуда.
Университеттің тағы бір ерекше бағыты – еңбек нарығының қажеттілігін қанағаттандыру үшін кадрларды қайта даярлау, біліктілігін арттыруға және кәсібін жаңа бастаушы жастар мен IT кәсіпқойларына арналған вендорлардың сертификатталған мамандандырылған курстарын ұсыну. Оқыту IT компанияларының практикалық міндеттерін ескере отырып, жобалық басқарудың озық әдістері мен технологиялары негізінде жүзеге асырылады. Бүгінде 3 мыңға жуық адам университет жанындағы курстардан өтті.
Биыл алғашқы түлектеріміз бакалавриаттың толық курсын тәмамдап, еңбек нарығына жолдама алады. Университеттің бұдан арғы тиімді қызметі олардың түгел жұмысқа орналасу нәтижесіне байланысты болғандықтан, әрбір бітіруші студенттің пікірін ескере отырып, нақты жұмыс жүргізілуде. Аталған жұмыс, негізінен, студенттер өндірістік практикадан өткен кәсіпорындармен тығыз байланыста, мемлекеттік органдар, ІТ компаниялармен жасалған ынтымақтастық аясында жүргізіледі.
Университет түлектерінің түгелдей жұмысқа орналасатынына сеніміміз мол. Өйткені университеттің заманауи инфрақұрылымы, зертханалары, ұстаздар мен қызметкерлерге қойылған міндеттер, жоғарыда аталған олимпиадалар мен конкурстар, жобалар – білім алушылардың кәсібилігін практикалық түрде шыңдауға, олардың бойына жұмыс беруші қойған кез келген міндетті шеше алатын дағдыларды сіңіруге арналды.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Astana IT университетінің түлектері экономиканың барлық саласында жұмыс жасауға әзір екенін атап өткіміз келеді. Атап айтқанда, «Киберқауіпсіздік» мамандығы бойынша университет түлегі мемлекеттік органдарда, Ұлттық банк пен екінші деңгейдегі банктерде киберқылмыспен күресуге, «Медиатехнологиялар», «Цифрлы журналистика» білім бағдарламалары бойынша білім алған маман бұқаралық ақпарат құралдарында сапалы контент дайындау үшін цифрландыруды дамытуға әзір. Сондай-ақ университеттің әскери кафедрасында «Киберқауіпсіздік», «Геоақпараттық жүйелер» әскери мамандықтары бойынша даярлықтан өткен запастағы офицер-мамандардың құқық қорғау органдары мен әскери ұйымдарда қызмет өтеуге әлеуеті бар.
«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дегендей, университет құрылғалы жоспарланған бірқатар стратегиялық міндет орындалды. Алдағы уақытта атқарылуға тиіс іргелі істер де жеткілікті: университет ұлттық және халықаралық аренада жоғары деңгейде бағасын алу үшін Digital University моделін іске асыру, үздіксіз білім жүйесінде академиялық үстемдікке және зерттеулер мен инновациялардағы көшбасшылыққа, қаржылық тұрақтылыққа қол жеткізу тәрізді стратегиялық бағыттарда жұмыс істейді.
Сонымен қатар университеттің заманауи студенттік кампус кешенін салу қолға алынады. Оның жобалық қуатына сәйкес жыл сайын IT-саласының түрлі мамандықтары бойынша сапалы жоғары білімді, ағылшын тілін еркін меңгерген 4,5-5 мың маманды даярлау жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылғы қарашада Astana IT университетімен танысу барысында студенттерімізге: «...Білім беру тұрғысынан бұл университет беделді әрі білікті мамандар даярлайтын, беделді оқу орнына айналатынына ешқандай күмәнім жоқ. Неғұрлым жақсы білім алсаңыздар, мына қиын да алмағайып өмірден алар еншілеріңіз соғұрлым көп болады», деген сөзі, бір жағынан, мемлекет жастардан үлкен үміт күтетінін, екінші жағынан, әлемде болып жатқан күрделі геосаяси жағдай ІТ саласына, оның ішінде ақпараттық қауіпсіздік бойынша жоғары білікті мамандар даярлау ісіне жоғары талап қойылатынын білдіреді деп санаймыз. Сондықтан университет ұжымы отандық сапалы білім беру мен ғылым саласы міндеттерін жоғары деңгейде, жүйелі орындауға барлық күш-жігерін бағыттайтын болады.
Дархан АХМЕД-ЗАКИ,
Astana IT University ректоры,
техника ғылымдарының докторы, профессор