Қаржы • 11 Сәуір, 2022

Криптоиндустрияның келешегі бар ма?

515 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақстан криптоиндустрияны дамыту арқылы жыл са­йын қыруар табыс таба алады. FinReview.info сарапшылары осындай байламға келіп отыр. Шынымен, елімізде криптоиндустрияның келешегі бар ма? Жауап іздеп көрелік.

Криптоиндустрияның келешегі бар ма?

Рас, әлемде криптовалюта на­рығы қарқынды дамып ке­леді. Шетелдіктер жинақ­тар мен аударымдарды әртүрлі тәуе­кел­ден, дүдәмал операция­дан қор­ғау үшін цифрлық валютаға қызы­ғу­шылық танытуда. Бұған биткоин мен стей­блкоинге деген сұраныстың өсуі дәлел. 2021 жылдың крип­тоиндустрия үшін түрлі оқи­ғаларға толы болуы да сон­дықтан. Мәселен, Сальвадорда биткоин заңды төлем құралы ретінде қабыл­данды. Ал Қытайда криптовалютаны пайдалануға іс жүзінде тыйым салынды. АҚШ-та алғаш­қы Bitcoin-ETF биржалық инвес­тициялық қоры пайда болды. Ресейліктер соңғы жағдайларға байланысты криптобиржаны өз жинақтарының «құтқарушысы» ретінде қарас­тырып отыр. Десе де, бұл елдегі сұраныс күшейгенімен, Ресей Қар­жы министрлігі крип­т­овалю­талардың дамуын қауіп деп санайды. Қазақстан да нарықтағы жаңа трендтерді зерттеп, оны дамыту үшін тиісті қадамдар жасауда.

FinReview.info-ның хабарлауына қарағанда, осы жылдың ақпан айынан бастап криптовалюта нарығы үлкен қысымға ұшырады. Себеп – Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс. Ба­тыс­тың Ресейге қарсы санкциялары мем­­лекет пен халықтың қаржысын шек­теді.

«Ресей бұл шектеулерді елдегі крип­тоиндустрияны дамыту арқылы айна­лып өте алады. Өйткені криптовалюта орталықтандырылмаған қаржы және олардың айналымы қаржы органдары тарапынан толық реттелмейді. Сон­дықтан криптовалюта Ресейдің сауда-экономикалық серіктестерімен өзара есеп айырысу үшін пайдаланылуы мүм­кін. Сөйтіп, криптовалюта майнингі Ресей үшін тағы бір табыс көзіне айнала алады. Елде арзан энергияның мол қоры барын ескерсек, бұл негізгі крипто­валюталарды ұлғайту үшін тамаша мүмкіндік. Мысалы, Иран 2021 жылы криптовалюта өндіруден 1 млрд доллардан астам табыс тапты», делінген FinReview.info зерттеуінде.

Ресейдің криптовалюталардың кө­ме­­­гі­мен тығырықтан шығуға мүм­кін­­ді­гі барын ұққан Америка мен Еуро­одақ енді алаңдай бастады. Бұған жол бер­меу үшін саланы реттеуге кірісті. Ай­талық Еуропа Markets in Crypto-Assets заңымен жұмыс істеуде. Оның көмегімен реттеуші жаһандық стандарттарды орнатып, транзакцияларды бақылай алады. Ал АҚШ цифрлы активтерді реттейтін құжаттарды да­йындап жатыр. Осылайша, ұлттық ва­люталарға стихиялы және реттеусіз балама ретінде жасалған криптовалюталар әлемдегі рет­теушілердің негіз­­гі нысанасына айнал­ды. Бұл ретте маман­дар биыл крип­тонарықты рет­теу түбегейлі бір жүйеге түсуі мүм­кін еке­нін алға тартуда. Аталған нарық­қа қатысты талаптар біршама елде қа­­былданғанымен, әлемдегі геосаяси жағдайлар саланы әлі де өзгертуі мүм­кін. Сондықтан асығып арбаның алдына түсетін уақыт емес.

Біздің ел де көштен қалмай жаһан­дық үрдістерді игеріп келеді. Бүгінде Қазақстандағы криптобизнес те қар­қын ала бастады. 2021 жылы еліміз бит­­коиндердің хэш жылдамдығы бойын­ша екінші орынға шықты. Бірінші орынға Америка жайғасса, үштікті Ре­сей түйіндеді. Қазақстанда электрон­ды валюта нарығының жоғары қар­қынмен дамуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, Қазақстанда ТМД және Еу­ропа елдерімен салыстырғанда электр қуатының құны төмен. 1 кВт-тың орта­ша құны шамамен 18 теңгеге (0,037 дол­лар) тең. Екінші фактор – Қытаймен көр­ші тұрғанымыз. Қытайдың майнингке қатысты саясаты қатаңдатылған соң, майнерлер бұл елден кетуге, жабдық­тар­ды сатуға шешім қабылдады. Қазақстан өз кезегінде техниканы өткізу нарығына ғана емес, қытайлық майнерлер үшін жаңа жұмыс орнына да айналды.

FinReview.info сарапшыларының есебінше, криптовалюта майнингі Қазақ­станға жыл сайын шамамен 230 млн доллар әкеледі. Бұл көрсеткіш – ресми түрде жұмыс істейтін компа­ниялардың әсері. «Көлеңкелі айналымда» жүрген майнерлерді есепке алсақ, онда көрсет­кіш сөзсіз 2-3 есе артады.

Дегенмен, криптовалюта өндірісінің ұлғаюымен бірге электр қуатын тұтыну да күрт өсті. 2021 жылдың соңына қарай бұл көрсеткіш әдеттегі 2 пайыздан асып түсіп, рекордтық деңгейге – 8 пайызға жетті. Сөйтсек, астыртын жұмыс істей­тін майнерлер ресми тіркелгендерге қа­ра­ғанда электр энергиясын екі есе көп тұты­нады екен. Энергияны көп көлемде бақы­лаусыз тұтыну салдарынан желідегі іркіл­істер мен электр қуатының үзілуі жиілеп кетті. Осыдан соң елде энергия тап­шы­лығы орын алуы мүмкін екені, көлең­келі майнинг тарапынан энергия тұты­нуды азайту үшін шұғыл шаралар қабыл­дау қажеттігі туралы айтыла бас­тады.

2021 жылы халықтың электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 20 пайызға артқан. Тіпті, кейбір өңірлерде тұр­мыстық энергияны тұтынудың ұл­ғаюы нормадан 2-3 есе асып түскен. Бұ­ған көлеңкелі айналымда жүрген май­нерлердің қосқан «үлесі» көп. Яғни кейбір майнерлер бизнесін тіркемей, тұрғын немесе тұрғын емес үй-жайлар­ға орналасып криптовалюта өндіруге кіріскен. Энергияны көп қажет ететін жабдықтарды халық тұтынатын жүйеге қосқан. Мұндай жабдықтар 500-700 МВт энергияны тұтынады. Ал бұл көлем 40-100 мың адамды қамтуға жетеді.

FinReview.info-ның жазуынша, елі­мізде көлеңкелі майнингті азайтуға ба­ғытталған нақты ережелер жоқ. Мұн­­дай нормалар жуырда пайда болуы мүмкін. Өйткені Үкімет саланы рет­теу мен дамытудың толыққанды паке­­тін әзірлеуге кірісті. Бұл ретте Мем­­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке майнингке салынатын салықты қысқа мерзімде еселеп арттыруды пысықтауды тапсырды. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, көлеңкелі майнингті азай­тудың бірнеше жолы бар.

Біріншіден, нарықтың заңды қатысушылары үшін криптобиржа және майнинг пулдарын құру қажет. Ал «сұр майнерлерді» әшкерелеп, олардың жабдықтарын тәркілеу керек. Мұндай шаралар қазірдің өзінде қолданылуда. Мәселен, Алматы, Түр­кістан, Павлодар, Қарағанды облыс­тарында заңсыз май­нингпен айна­лыс­қан фермалар анықталды. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс­тарды әлі де жандандыру керек.

Екіншіден, жеке тұлғалар үшін электр қуатын тұтыну нормаларын ен­гізу қажет. Мөлшерден артық тұты­ныл­ған электр қуаты үшін бизнеске арналған тариф бойынша төлем алу арқылы бақы­лау орнатуға болады.

Үшіншіден, электр қуатын артық тұтынуға қатысты салық енгізу қажет. Себебі барлық майнерлер үшін салықты жай ғана арттыру арқылы астыртын тұлғалардың әрекетіне тыйым салу мүмкін емес.

Төртіншіден, мемлекет майнингтік фермалардың Қазақстанда жұмыс іс­теуге мүмкіндік беретін нақты шарттарын анықтауы керек. Мысалы, нарыққа өз капиталымен шығуға, жаңа электр стансаларын салуға, электр қуатының бір бөлігін майнингке бағыттап, қал­ғанын желіге шығаруға дайын ірі ха­лық­ара­лық корпорациялар бар. Шын мәнінде, бұл энергетикалық секторға салынған инвестицияның бір түрі. Мұн­дай корпорациялар майнингтік фер­малардың дұрыс жұмыс істеуіне мүд­делі болады.

Қазақстанда криптовалюта көп өн­дірілгенімен, жалпы крипто­индус­трия нашар дамыған. Нарыққа қатысты бас­қа қызметтер (биржалар, төлем крип­тожүйесі, сақтау қыз­мет­тері) ұсы­ныл­майды. Үкімет крипто­индус­трияны да­­­мыту мәселе­сін пысықтады. Демек, оның елге қосымша табыс әкелетініне көз жеткізді. Алайда майнинг Қазақстанда жеке компаниялардың әрекетімен дербес дамыған болса, онда идустрияны тұта­сым­ен реттемей қалыптастыру мүмкін емес. Реттеу тетігі болса ғана елдің қа­­зы­­насы қампаяды. Белгілі болған­дай, нормативтік-құқықтық негіз әлі де әзір­­лену үстінде және мемлекеттің қан­дай нормативтік құжат қабылдайтыны белгісіз. Десе де, биыл «Астана» халық­аралық қаржы орталығының негізінде криптобиржалардың жұмыс істеу ере­желері іске қосылмақ.