Қазақстан • 11 Сәуір, 2022

АҚШ Қазақстанмен өзара байланысты тереңдетуге мүдделі

191 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Қазақстан Президентінің Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыхан мен АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары мәселелері жөніндегі орынбасары Узра Зеяның тең төрағалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы адам құқықтары мен демократиялық реформалар жөніндегі жоғары деңгейдегі диалогтің бірінші отырысы өтті.

АҚШ Қазақстанмен өзара байланысты тереңдетуге мүдделі

Іс-шараның күн тәртібінде екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелері, оның ішінде азаматтық қоғамның дамуы, діни сенім бостандығы, Қазақ­стан­дағы саяси реформалар, әйелдердің құқықтары, бостандықтары мен мүмкін­­діктерін кеңейту қамтылды. Тарап­тар сондай-ақ өңірлік және көпжақты фор­маттардағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Узра Зея Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанның қоғам­дық-саяси жүйесін одан әрі демокра­тияландыруға және «Жаңа Қазақ­стан» құруға бағытталған саяси реформа­ларын қолдайтынын және АҚШ-тың еліміздегі жаңғырту әрекеттеріне мейлінше қолға­быс жасауға дайын екенін растады.

АҚШ делегациясының Нұр-Сұлтанға сапары шеңберінде америкалық қонақты Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді қа­был­дап, екі мемлекет арасындағы ке­ңей­тіл­ген стратегиялық серіктестіктің негізгі мә­селелерін талқылады.

Отырыстан кейін Узра Зея мен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ақан Рахметуллин бұқаралық ақпарат құралдарына кездесудің қорытындысы туралы әңгімелеп берді.

«АҚШ Мемлекеттік хатшысының азаматтық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбасары Узра Зеяның сапары аясында ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Қазақстан Президентінің Халық­аралық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі Ержан Қазыханның тең төра­ғалығымен Қазақстан мен АҚШ арасындағы адам құқықтары мен демо­кратиялық реформалар жөніндегі жоға­ры деңгейдегі диалогтің бірінші отыры­сы өтті. Бұл тетік екіжақты қарым-қаты­нас­қа қосымша серпін береді және Қазақ­станның демократиялық күн тәрті­бін ілгерілетуге бағытталған», деді А.Рах­ме­туллин.

Вице-министрдің айтуынша, іс-шара барысында тараптар БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесіндегі ынты­мақтастық, діни сенім бостандығы, Қазақстандағы саяси реформалар, ха­лық­тың әлжуаз тобының құқығын қорғау және ықпалдастыру, адам сау­да­сына қарсы іс-қимыл мәселелері талқы­ланған. Сонымен қатар әйелдердің, мүм­­кіндігі шектеулі адамдардың құқық­тары мен мүмкіншіліктерін кеңей­ту, қауіпсіздік, құқық қорғау салалар­ын­дағы ынтымақтастық, жемқор­лықпен кү­рес мәселелері қозғалды.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бас­тамашылық жасаған елді одан ары демо­кратияландыруға, адам құқық­тарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған саяси реформаларға баса мән берілді. Америкалық тарап Мем­лекет басшысының саяси және әлеу­меттік-экономикалық салалардағы, мемле­кеттік институттардағы саясатын одан ары жүзеге асыруға қолдау білдір­ді. Қазақстан мен АҚШ сындарлы ынты­мақ­тастықты одан ары қолдауға және жоғарғы деңгейдегі страте­гиялық серіктестікті кеңейтуге ниетті», деді Ақан Рахметуллин.

АҚШ Мемлекеттік хатшысының аза­­мат­­тық қауіпсіздік, демократия және адам құқықтары жөніндегі орынбаса­ры Узра Зея елімізде болған Қаңтар қасі­ретін тергеу барысына қатысты пікір біл­дірді.

«Қазақстанда болған оқиғаларға қатты алаңдадық. Үкіметтің осы оқиға­ларға қатысқандардың барлығын анық­тап, жауапқа тартуға қатысты бүкпесіз жауабын қолдаймыз. Бірақ, сонымен қа­тар мұның барлығы заңнамаға сай бо­­луға тиіс. Қазақстанда адам құқығын ілге­­рі­летуге қолдау білдіреміз», деді У.Зея.

Сондай-ақ ол екіжақты қарым-қатынастың 30 жылдығы атап өтіліп жатқанын, Қазақстанмен өзара байланысты тереңдетуге мүдделі екенімізді растады. АҚШ тарапы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 16 наурызда жариялаған сая­си күнтәртібін қолдайтынын атап өтті.

«Президент бастамалары жүзеге асса, ол Қазақстанның барша қазақстандықтар үшін әділ әрі инклюзивті орынға айналуына көмектеседі. Орталық Азиядағы тұрақтылық пен өркендеуді ілгерілету мақсатымызда Қазақстанның орны ерекше», дедіУзра Зея. Сапар аясында АҚШ делегациясы Қазақстандағы бірқатар басқа да ресми тұлға және азаматтық қоғам өкілімен кездесуді жоспарлап отыр.