Қоғам • 12 Сәуір, 2022

Су басу қаупі сейілген жоқ

287 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Еліміздің бірқатар өңірін су басу қаупі әлі де сейілмей тұр. Осыған орай Мәжіліс депутаттары көктемгі су тасқыны салдарынан зардап шеккен тұрғындарды қолдап, көмек көрсету үшін өңірлерге шықты.

Су басу қаупі сейілген жоқ

Депутаттар халыққа мемлекет тарапынан көмек көрсетілетінін айтып, мәселелерді өздерінің жіті бақылауында ұстайтынын жеткізді. Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың әл-ауқатын жақ­сарту мәселелеріне ерекше на­зар аударып, депутаттарды ха­лыққа жақын болуға, адамдардың қажеттіліктеріне жедел ден қоюға, оларды толғандырған мәселелерді шешуге шақырған болатын.

Мәжіліс депутаттары, Ama­nat партиясы фракциясының мүше­лері Мәлік Құлшар пен Сне­жанна Имашева Батыс Қазақ­стан облысына барып, су тасқы­нынан зардап шеккен аудан тұрғын­дарымен кездесті. Мәлік Құлшар Қаратөбе ауданындағы Шалғын ауылында балалардың оқуы ұйым­дастырылған ауылдық клубта мұ­ғалімдермен тілдесіп, мән-жайды талқылады.

«Мектептің ғимаратына су кіріп, бөлмелердің ортасы құлаған. Қазір оқушылар уақытша Ауылдық клубта білім алуда. Ауылдағы 45 үйдің 29-ына су кірген, 23-і тұруға келмейді. Ауыл тұрғындары су кірмеген үйлерге 3-4 отбасыдан бөлініп орналасқан. Құлағалы тұрған үйлерді сараптау жөніндегі комиссия жұмыс істеуде. Ауыл халқы ешқайда көшпей, жаңа мектеп те, үйлер де осы ауылға салынса деген өтініштерін жеткізді», деді депутат.

Сондай-ақ ауданда төтенше жағ­­дай жарияланғандықтан еш­қан­­дай конкурссыз қаржы қарас­­тыру мүмкіндігі бар екенін айтып, құ­рылған комиссияның шеші­мі­­мен апатты жағдайдағы мектеп ор­нына 60 орындық білім орда­сы­ның құрылысы басталатынын жеткізді.

Сапар барысында депутаттар жергілікті билік өкілдерімен бір­ге облыстағы Бөрлі ауданының Қы­зылтал ауылындағы су тасқынынан зардап шеккен үйлерді аралады. Алдағы уақытта су тасқынынан қорғану үшін арнайы нысан салу жоспарланып отыр.

Ал Павлодар облысында Мә­жі­ліс депутаттары Айгүл Нұркина мен Вера Ким Рождественко ауы­лында су тасқынынан зардап шеккен отбасылармен кездесіп, оларға партия атынан тұрмыстық техника, азық-түлік, басқа да керек-жарақтармен көмектесті.

«Біз әрдайым мониторинг жасап отырмыз. Бүгін жағдайды өз көзімізбен көруге келдік. Ендігі бас­ты мәселе – тиісті көмек көрсету. Апат салдарын анықтап, тиісті шараларды қолға алу», деді Айгүл Нұркина.

Мамандардың айтуынша, су тасқынының орын алуына арнайы бөгеттердің жоқтығы себеп болып отыр. Депутаттар су тасқыны мәселесі жіті бақылауда болатынын айтып, қажет болған жағдайда заңнамаға өзгеріс енгізілетінін де жеткізді.

Жалпы, Рождественко ауылында 30-ға жуық үй еріген қар суынан зардап шекті. Салдарынан ауданда төтенше жағдай жарияланып, 100-ге тарта тұрғын қауіпсіз жерге көшіріліді.

Мәжіліс депутаттары Аманғали Бердалин мен Ғалымжан Елеуов Ақтөбе облысының Қобда және Ойыл аудандарындағы су басу қаупі бар елді мекендерді аралап, табиғи апаттың алдын алу шараларымен танысты.

Қобда ауданында су тасқы­нынан бірнеше әлеуметтік нысан, спорт кешені мен шағын жә­не орта бизнес ғимараттары зар­дап шеккен. Жарық ауылында суар­малы жерлерді су басса, Егінді­бұ­лақта су тасқынынан кейінгі жол қалпына келтірілуде.

Депутаттар Ойыл ауданына да барды. Мұнда Саралжын ауылдық округінде болып, Орта-Қиыл-Тассай су жүйесін бақылады. Қазіргі таңда округ бойынша 5 600 гектар лиманды алқапқа су шығып отыр. Былтыр жөндеуден өткен су жүйелері қазір тасқын суды ұстауға септігін тигізуде.

Мәжіліс депутаттары – Amanat партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Сайыров, Еділ Жаңбыршин және Зарина Камаcова Шығыс Қа­зақ­стан облысына арнайы жұмыс сапарымен барды.

Депутаттар Глубокое ауда­ны Белоусовка ауылында орна­ласқан су қоймасына барып, он­дағы жағдайды өз көздерімен көрді. Сонымен қатар аталған аудан­дағы Прогресс, Предгорное ауыл­дарындағы су тасқыны қаупі бар учаскелерді аралады.

«Бүгінгі таңда тұрғындар тарапынан тасқын су мәселесіне байла­нысты сауал көп түсуде. Өңірлерде су қоймаларында түйткілді мәселе де жоқ емес. Бұған дейінгі шығысқа жұмыс сапарымда Зайсан ауданындағы Үденей, Тарбағатай ауданындағы Қандысу су қоймаларындағы өзекті мәселелерді көтерген едім. Біз мәселенің салдарымен емес, себе­бімен күресуіміз қажет», деді Мәжі­ліс депутаты Е.Сайыров.

Мамандардың айтуынша Глу­бо­­кое ауданының Белоусовка ауы­лындағы су қоймасы 1946 жы­лы пайдалануға берілген. Глубо­чанка өзені және кіші Ертіс өзені­нің оң жағалауы құяды. Су қой­ма­сының ұзындығы 3,3 км болса, мак­си­малды тереңдігі – 8.5 метр. Су қой­масына жыл сайын ағым­дағы жөндеу жұмыстары жүргі­зіліп тұрады.

«Тұрғындар тарапынан кө­те­ріл­ген мәселе назардан тыс қал­­майды. Мемлекет басшысы де­­пу­таттарды халықпен жиі жүз­десіп, толғандырған мәселелерінің оң ше­шім табуына атсалысуды үне­­мі айтып келеді. Бүгінгі жұ­мыс са­парымыз да осы тапсырма аясын­да жүзеге асырылып отыр», деді Мә­жіліс депутаты Е.Жаңбыр­шин.

Депутаттар одан әрі Шы­ғыс Қазақстан облысының Рид­дер, Алтай, Катонқарағай, Күр­шім, Зайсан, Тарбағатай аудандарын аралап, ондағы су қоймаларының жұмысымен танысып, ауыл тұр­ғындарымен кездесті.