Аймақтар • 12 Сәуір, 2022

TazaLike Шымкенттегі акциядан бастау алды

123 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Шымкентте Amanat партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов медицина қызметкерлері, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, партияның қалалық активімен бірқатар кездесу өткізді. Сондай-ақ ол қаладағы дендрологиялық саябақта жастар қанатының белсенділерімен бірге TazaLike жобасының алғашқы іс-шарасын өткізді.

TazaLike Шымкенттегі акциядан бастау алды

Іс-шараға 100-ден астам жас қатысып, олар Асанбай Ас­қар­ов атындағы қалалық ден­дро­­саябаққа 200-ден астам көшет отыр­ғызды. А.Оралов бұл жоба­ның бас­ты мақсаты азамат­тардың эко­ло­гиялық мәдениетін арттыру, қоршаған ортаны таза ұстауды күнделікті өмір салтына айналдыру және ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту екенін атап өтті.

«Партия кәсіби экологтерді, белсенділер мен еріктілерді жұ­мыл­дырып, жыл бойы түрлі эколо­гиялық акция өткізетін болады. Жаңа экологиялық жоба әрбір өңірде, әрбір аудан мен ауылда қолдау табатынына күмә­німіз жоқ. Өйткені жерімізді таза ұстап, елімізді көркейту – басты міндеттеріміздің бірі», деп атап өтті А.Оралов.

Сондай-ақ партияның Ат­қа­­­рушы хатшысы қалалық Он­ко­­­логиялық орталық­та болды. Атал­ған орталықта Amanat пар­тия­сының сайлауалды бағдар­ла­масын іске асыру аясында позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) түсіруге арналған жабдық орнатылған.

Орталық ұжымымен кездесуде ұлт денсаулығы партияның басты басымдықтарының бірі екендігі айтылды. Еліміздегі 75 мыңға жуық медицина қыз­мет­кері – партия мүшелері. Бұл ама­наттықтардың жалпы санының шамамен 10 пайызын құрайды.

«ПЭТ зертханасы бұған дейін тек Алматы мен елордада бол­ды. Енді Шымкенттің және оған жақын орналас­қан өңір тұр­ғындары жолға уақыт пен қара­жат шығындамай, заманауи жаб­дық­та тегін тексеруден өте алады. Пози­тронды-эмиссиялық томо­гра­фияның бірегейлігі – онко­логиялық өскіндерді ерте сатысында анықтауға және тиісінше тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді», деді Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерт­теу институтының басқарма төра­йымы Д.Қайдарова.

Сонымен қатар Шымкентте қала­дағы бастауыш партия ұйым­дары төрағаларының жиналысы өтіп, онда жергілікті жерлерде партияның жаңа жобаларын сапалы жүзеге асыру мәселелері тал­қыланды. Бүгінде қалада құрамында 31 мыңнан астам партия мүшесі бар 51 бастауыш партия ұйымы жұмыс істейді.

Осы күні А.Оралов Шым­кенттің партия активімен де кез­десіп, ел Президентінің Жол­дауында жарияланған реформаларды сапалы жүзеге асыру үшін партия модернизациясының басымдықтарын талқылады.

«Қаламызда жұмыс істе­мей­тін, оқымайтын және жұмыс табу­ға талпынбайтын NEET сана­тын­дағы жастардың үлесі – 6,7%, яғни 15 мыңға жуық адам. Аma­nat партиясының алдында осы санаттағы адамдарды әлеу­меттендірудің тиімді шешім­дерін әзірлеу бойынша қыруар жұмыс тұр», деді кездесу бары­сында Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының жетекшісі М.Исахов.