Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың Ресей Федерациясына ресми сапары болып өтті. Мәскеуге сапары аясында, ресейлік әріптестерімен екіжақты кездесулерден басқа, еліміз сыртқы саясат ведомствосының басшысы көпжақты форумдар жұмысына қатысты.
Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне қатысып, оның шеңберінде ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері сыртқы саяси қызметті үйлестіру қырларын, халықаралық жағдайдың негізгі даму үрдістерін, сонымен қатар, Ұйымның жауапкершілігі аясындағы басқа да қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқыға салды.
Отырыс қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер өкілдерінің сыртқы саясат, қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі Кеңесу жоспары бекітілді. Сондай-ақ, ҰҚШҰ Сыртқы істер министрлері кеңесінің Ауғанстандағы президент сайлауына байланысты және Сириядағы ахуал бойынша Бірлескен мәлімдемесі бекітіліп, ұйымдастыру және үдерістік сипаттағы бірқатар шешімдер қабылданды.
ҰҚШҰ СІМК-нің келесі отырысы 2014 жылдың екінші жартысында ҰҚШҰ мемлекет басшылары деңгейіндегі Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезекті сессиясының қарсаңында Мәскеуде өтетін болады.
Е.Ыдырысов ТМД Сыртқы істер министрлерінің кезекті кеңесіне қатысты. Сыртқы саясат ведомстволарының басшылары халықаралық саясаттағы өзекті мәселелерді, соның ішінде Украинадағы соңғы жағдайларды талқыға салды. 2013 жылға арналған ТМД аясындағы көпдеңгейлі СІМ-аралық кеңестердің жоспарын іске асыру барысы қарастырылды. Аталған құжат 10 консультацияларды, соның ішінде БҰҰ, ЕҚЫҰ шеңберіндегі өзара ықпалдасу мәселелері жөнінде кеңес өткізу, қарусыздану саласындағы ынтымақтастық және басқа да мәселелерді қамтиды.
Отырыс барысында есірткі айналымын халықаралық қадағалау жүйесін сақтап қалу және нығайту жөнінде ТМД СІМК-нің Мәлімдемесі қабылданды. Онда БҰҰ-ның орталықтанған үйлестіруші рөлін күшейту қажеттілігі атап өтіліп, ғаламдық есірткі трафигі мәселелесін шешуде халықаралық күш-жігердің тиімділігін арттыру жолдары туралы конструктивті үнқатысуға дайын екендігі расталды.
Күн тәртібі мәселелерінің бірі ТМД-ның жоғары органдары – мемлекет басшылары кеңесі мен Үкімет басшылары кеңесінің мазмұндық бөлігін дайындау болды. Осыған орай, «2016 жылды ТМД-дағы білім жылы деп жариялау», «Онкологиялық ауруларға қарсы әрекеттер жасау саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасының жобасы туралы», «2020 жылға дейінгі кезеңге ұлттық спорт түрлерін қолдау және дамыту бағдарламасы мен оны 2015-2017 жылдар аралығында іске асыру жоспары», «Топогеодезия саласындағы ынтымақтастық жөнінде келісім мен ТМД-ға мүше мемлекеттер қарулы күштерін навигациялық қамтамасыз ету жобалары туралы», «Гуманитарлық минасыздандыру саласындағы қарулы күштердің инженерлік әскердің ынтымақтастығы туралы келісім» жобалары қаралып, мақұлданды.
«Егемен-ақпарат».