Тарих • 12 Сәуір, 2022

Батырдың байрағы

829 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атақты «Қыз-Жібек» фильмінің әр тұсы, әр деталі мәнді дер едік. Кино басталғанда жау өтіне жөнелген қолдың алдынан шығып, хабарын білуге Жібектің өзін жібереді ғой әкесі. Ұрыс даласынан туы желбіреп Бекежан батыр келе жатпай ма жау түсіріп? Торсықтағы ақты басына көтере салып, «жеңдік» дейді. Осы жалғыз-ақ ауыз сөз дүниені дүркіретіп жібермеуші ме еді сонда? Ол бір десеңіз, оған дейінгі деталь да қолдың жеңіп келе жатқанынан хабар берер еді. Өйткені жорықтан келе жатқан батырдың туы жығылмай тік келе жатады.

Батырдың байрағы

Мұның сыртында кинода қол баста­ған әр батырдың өз туы мен дабылы болатыны туралы да емеурін жатыр. Әлгі фильмнен көргеніміздей, батырлар ұстаған байрақ қажет жерінде қарудың да рөлін атқара беретіндігі. Бе­ке­жан қолы мен Төлеген жау қосынының бетін қайтарып бо­ла бергенде, қалмақтың бір жауынгері туды ала салып қаша­тыны да естеріңізде шығар? «Ту­ды әкетті» деп барлығы сол қалмақты қуады. Төлеген жетіп, қалмақтың желкесін қиып, туды алып қалады да, соңынан келген екі қалмақты сол туымен-ақ ұрып-жығады. Сөйтіп байрақты тік көтеріп жөнеле бергенінде, жоңғар мергенінің Төлегенді атпақ болған оғы атына тиіп, ат-матымен құлаған ол жерден басын көтерген бойда жантала­сып туды тік көтереді. Өліп бара жатсаңда туыңды жықпау па­рыз, демек. Қазақтың салт-сана­сында ертеден қалыптасқан бұл ұғымдар кинода осылай әсерлі көрсетілген. Әрі қарай саумалай берсе ту туралы бұдан да басқа кереметтерге жол ашылады.

Қазақта «ту ұстаған батыр» деген сөз бар. Тұрақты тіркеске айналып кеткен болуы да мүмкін. «Қыз Жібектегі» Бекежан шек­тінің туын ұстаған, бір елдің батыры, қолбасшысы болып шығады сонда. Жоғарыдағы тір­кеске қара­ғанда, мына ки­нодағы туға қатысты детальдар­ды есепке алсақ, «ту түбінен ту алған, жауды көрсе қуанған» (Махамбет) батырдың қай-қайсы болсын жеке ту ұстай бергенге саяды. Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Батырлар жырлары мен аңыз-әңгімелерде Бөгенбай, Қабанбай сияқты қол бастаған баһадүрлердің туы болғаны айтылады. Соған қарағанда бірнеше шайқаста шыңдалып, ерлігімен көзге түскен ержүректері ғана ту ұстай алса керек. Шоқан Уә­ли­ханов ХVІІІ ғасырдың батыр­лары жайлы жазбаларында Жәнібек, Баян, Жанатай сияқты әйгілі батырларды атай келе, Абылай ханның ту ұстаушы батырларының бірі Байғозының ерліктеріне тоқталатыны бар. Заманында ту ұстаған атақты Бай­ғозы батырдың боз байрағы бүгінде елордадағы Ұлттық музейдің «Тарих» экспозициялық залында тұрғанын біреу білсе, біреулер білмес. Кемі 250-300 жылдық тарихы бар тудың пішіні төрт бұрышты. Алдыңғы бөлігінің екі бұрышы қиылған, ал артқы желбірейтін бөлігі үшбұрышты болып келеді. Мата бірнеше жерден тесілген. Ақ боз түс байырғы этномәдени ұғымда жеңістің нышанын білдіреді.

Аталған байрақты Ұлттық музейге Байғозы батырдың ұрпағы, этнограф-жазушы, ғалым Ақселеу Сейдімбек тапсырған. «Бай­ғозы батырдың туы ата дәстүрі бойынша қара шаңырақ иесі саналатын кенже баласынан өрбіген ұрпақтарының қолында сақталып келген. Батыр тікелей өзі басқарған, өзі басшылық еткен қол-қосындарымен соғысқа кіргенде алып шығатын өз туы болған. Туының түсі боз болған. Осыған орай кезінде «Боз тулы Байғозы», «Байғозының боз тулы қолы» дейтін сөз тіркестері қазақ қосындарының арасында жиі естілетін болған», депті Ақаң бір сөзінде.

«Байрақтың алдыңғы бөлігі­нің екі бұрышы қиылған» дедік жоғарыда. Осыған қатысты және жалпы байрақ жайлы мынадай тамаша, қызық әңгімені кезінде өнертанушы, публицист Ерлан Төлеутайдың жазбасынан кездестіргенбіз. Соны желісін үзбей толық бергенді жөн көреміз. «Бұл ту ол кездегі Ағадыр ауданы, Ортау ауылының (бұрынғы Жаңаарқа ауданы, Ортау ауылы) тұрғыны Саламат нағашымда сақ­талып келді. 1992 жылы Аға­дыр ауданының Айыртау деген (қазіргі Шет ауданы) жерінде Ағыбай батырдың 190 жылдық тойы өтті. Сол тойда осы ту тұңғыш рет арнайы көтерілді. Ту аруақтанып, дүрілдеп тұрды. Мен тудың түбінде отыр едім, Шота Уәлиханов бастаған Алматыдан келген бір топ зиялы азаматтар өтіп бара жатып, бұрылып келді. Шота Уәлиханов желбіреп тұрған туға таңырқап қарап тұрды да: «Бұл кімнің туы», деді. Мен: «Тарақты Бай­ғозы батырдыкі», дедім. «Пай-пай!», деді Шота аға, сөйтті де қасындағы жазу­шы­ларға бірдеңе деп кетті (қазір есімде жоқ). Сосын маған бұ­рыл­ды да: «Сіз кім боласыз?» деді мені баласынбай «сіз» деп сөйлеп. «Жиенімін» – дедім. Сәл ойланып тұрды да: «Көрдіңіз бе, бұл кісі менің Абылай бабаммен бірге жүріп, қалмақпен соғысқан. Енді олардың ұрпағы – екеуміз мына ту түбінде тұрмыз. Бұл те­гін емес, бізді бабалардың аруағы кездестіріп тұр» деді. Сосын туға қарап аңырып, біраз тұрды да, серіктерін бастап кете барды.

Бұл тудан басқа Байғозы батырдың қылышы мен тұмары болған. Ол Жаңа­арқа ауданы, Байдалы би ауылын­да менің туған нағашым Рақыш Әбдішевтің шаңырағында сақталып келген. Тұмар таза күмістен, бұрандалы (резбасы бар) ашылып жабылатын болған. Бұл бұйымдар кейін жоғалып кетті. Ал Ағыбайдың шешесі Қойсана­ның бейіті Шет ауданы, Қармыс деген жер­де қараусыз жатыр (кейін көтер­­ме­се). Нағашы шешем Бибігүл Қалма­ғанбетқызының айтуынша, Қойсана әкесі Байғозыға тартқан сүйекті, алып әйел болыпты. Ағыбай әкесі Қоң­ыр­­­байдан жас қалыпты. Шиеттей бала­сымен кедейшілік көрген Қойсана Қоңыр­байдың ағайындарының қотанда жат­қан қойын қолтығына қыса салып кете береді екен. Қойын бергісі келмей қар­сы­лық көрсеткен шұбыртпалыларға: «Сен­д­ер қой жеп отырғанда менің Ағы­байым аш отыра ма» – деп итеріп тас­тап, қойды көтеріп жүре береді екен. Ағайындары дәнеңе дей алмай қалады екен. Сондай қайратты, бетті әйел болған дейді Қойсана. «Алып анадан туады» деген осы да! Ал мына туды Ақаң Саламат нағашымның қолынан алып, реставрация жасатып, елордадағы музейге өткізді. Кезінде бұл ту ұзыны бір құлаш, ені жарты құлаш алып ту болған екен. Әйелдер босана алмай, қиналған кезде шетінен жыртып алып, ырымдайды екен. Содан шеттері жырымдалған, ұлы денесін қалмақтың оғы шұрық-шұрық тескен көне ту болатын…

Сондықтан бұл ту тегін ту емес! Мұны көтерген Байғозы да оңай емес. Тегін батыр ту көтермейді».