Қазақстан елшісі Б.Шабарбаев Пәкістан Парламенті Ұлттық Ассамблеясының спикері С.Садикпен кездесті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Тараптар екіжақты ынтымақтастық, соның ішінде саяси және сауда-экономикалық қатынастардың аспектілері, сондай-ақ, көпжақты пішінде өзара әрекеттесушілік мәселелерін талқылады. Елші спикерді Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауының негізгі мақсаттарымен таныстырды.
Екі жақ елдер арасындағы қатынастардың жандана түскенін атап өтті. Атап айтқанда, Гаага қаласындағы Ядролық қауіпсіздік саммитінің алаңында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Пәкістан премьер-министрі Наваз Шарифпен екіжақты кездесуі, сондай-ақ, Женевадағы 130-Парламентаралық Одақ Ассамблеясына қатысу шеңберінде С.А.Садиктің Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулинмен кездесуі өткен болатын.
Екіжақты ынтымақтастық шеңберінде сұхбаттастар екі ел басшылығының сапарлары, Астанадағы сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Пәкістан мемлекетаралық комиссиясының кезектi отырысын өткiзу және басқа да мәселелерді талқылады. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен құрылған ИЫҰ Азық-түлік ұйымының Жарғысына Пәкістанның қосылу мүмкіндігі қарастырылды.
Пәкістан Парламенті төменгі палатасының спикері үстіміздегі жылы Қазақстанға ресми сапармен бару ниеті бар екенін білдірді.