Әлем • 12 Сәуір, 2022

Украина: Батыс елдерінің көмегі жеткіліксіз

320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Украина президенті Владимир Зеленский елдегі жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп, Батыс елдерінің көмегіне әлі де көңілі толмайтынын жеткізді.

Украина: Батыс елдерінің көмегі жеткіліксіз

В.Зеленский Украинадағы бейбіт тұрғындардың өліміне ішінара Батыс елдері де кінәлі деген пікір білдірді. Оның айтуынша, Украина соғысты аяқтау үшін жеткілікті қару-жарақ алып жатқан жоқ. «Уақыт жоғалтып жатырмыз. Украиндықтардың өмірі қиылып жатыр. Бұл – Украинаға керек қару-жарақты әлі де арсеналында сақтап отырғандардың жауапкершілігі», деді В.Зеленский.

Ол сондай-ақ Ресей әскері Украинада химиялық қару қолдануы мүмкін деп хабарлады. Алайда дүйсенбіде жасаған халыққа үндеуінде бұл қаруды қолданғаны туралы ақпарат бермеген. Дегенмен Ресей тарапынан айтылған кез келген қауіпті аса сақтықпен қарайтынын айтқан.

Өткен аптада Еуропа көшбас­шы­ларының Украина мен Ресейге сапары жиілей түсті. Украинаға Еурокомиссия басшысы Урсула фон дер Ляйен, Ұлы­британия премьер-министрі Борис Джон­сон сапармен барса, Ресейге Аустрия канцлері Карл Нехаммер барып қайтты. Ол В.Путинмен әңгіме ашық, тура әрі қатал болғанын айтты. Аустрия Сыртқы істер министрлігі бұл сапар Германия канцлері, Түркия президенті, Еуропалық Комиссия және Еуропалық Кеңес басшыларымен алдын ала келісілгенін мәлімдеді. Кездесу туралы Украина президенті де хабардар болған, Мәскеуге ұшпас бұрын ол Киевте болды. Аустрия канцлері баспасөзге берген сұхбатында Путинмен жеке келіссөздердің маңыз­дылығын бірнеше рет атап өтті.

К.Нехаммер мен В.Путиннің бір жарым сағатқа созылған кездесуі жабық форматта, хаттамасыз және баспасөзге арналған қорытынды мәлімдемесіз өткен. Ол «Ресей президенті В.Путинге соғыстың аяқталуы керегін, мұнда екі жақтан да жеңіліс тапқандар ғана болатынын жеткіздім», деп атап өтті.

Ресей бұл айыптаулардың барлығын жоққа шығарып отыр. Ел президенті В.Путин: «Украинада етек жайған Ресейге қарсы күштермен қақтығыс бір болары сөзсіз еді, бұл тек уақыт мәселесі болды», деп мәлімдеді. «Бізде басқа таңдау болмағаны анық, бұл дұрыс. Арнайы операция мақсатына қол жеткізетініне күмән жоқ», деді ол. Бұл мәлімдемені ол Амур облысына сапары барысында айтты.

Ресей мен Беларусь президенттері Владимир Путин мен Александр Лукашенко сейсенбіде, Ғарышкерлер күні Амур облысындағы Восточный ғарыш айлағының құрылысымен танысып қайтты. Осыған дейін Беларусь президенті Украина-Ресей арасындағы келіссөзде сырт қалмайтынын хабарлаған еді. Осы мәлімдемеден кейін Ресейдің сыртқы істер министрі С.Лавров: «Беларусь Украина қауіпсіздігіне кепіл болатын елдердің тізімінде болуы керек», деді.

Ал Батыс елдері бұрынғыдай Ресей әрекетін айыптап, қақтығысты доғаруды талап етіп отыр. Еуропа елдері Ресей әскері басып алған қалалардағы жантүршігерлік көріністен кейін ресейлік дипломаттарды елден шығару туралы шешім қабылдап жатыр. Ресейдің Франциядағы елшілігі француз билігі алты дипломатты елден шығару туралы шешім қабылдағанын растап, жауаптың көп күттірмейтінін хабарлады.

Бучадан бөлек Ресей әскері бақы­лауында болған өзге де қалалардағы жағ­дай ауыр деген ақпарат бар. Мәселен, Мариуполь қаласының басшысы Asso­ciated Press-ке берген сұхбатында 10 мың­нан астам бейбіт тұрғын қайтыс бол­ғанын айтқан. Ал БҰҰ Балалар агенттігі 5 миллионға жуық бала, яғни елдегі балалардың үштен екісі алты аптада үйін тастап кеткенін мәлімдеді. ЮНИСЕФ-тің Төтенше жағдайлар жөніндегі бағдарламаларының директоры Мануэль Фонтейннің айтуынша, Украинаның 7,5 миллион баласының 4,8 миллионы осындай қысқа мерзімде көшірілген. Ол 31 жылдық гуманитарлық жұмыс тәжірибесінде мұндай жылдам көшті көрмегенін айтады.