Қоғам • 12 Сәуір, 2022

Қоғамдық кеңес «қолбала» болмасын десек

233 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі таңда Жамбыл облысында Қоғамдық кеңес құрамының мәселесі жиі көтеріліп келеді. Өңірдегі бірқатар аудан аталған әңгіме төңірегінде сынға ұшыраған болатын. Мәселен, бір ғана Меркі ауданының Қоғамдық кеңес құрамының әуелі дұрыс бекітілмегені де талай айтылды. Аталған өңірде ­аудан әкімінің орынбасары, әкімдікке қарасты біраз бөлім басшылары сияқты лауазымды тұлғаларды да кеңес мүшелігіне кіргізіп қойған.

Қоғамдық кеңес «қолбала» болмасын десек

Мұндай мәселе Тараз қаласының өзінде де болды. Дегенмен де өңірдегі Қоғамдық кеңестің құрамы туралы негізгі әңгіменің бәрі алда болып шықты. Жалпы, Әулиеата аймағы үшін бұл мәселе қай кезде де күрделі. Тіпті, жалпы кеңес құрамы туралы да осы күнге дейін біраз адам сын айтып келді. Енді жуырда ғана кеңестің жаңа құрамына байла­ныс­ты келіспеушіліктер орын алды. Бұл да қоғамдағы қызу талқыланған мәселенің бірі еді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан құру» тура­лы идеясын жариялап, бүгінде сол мақ­сатта жұмыстар атқарылуда. Алайда Президент айтқан талапқа қоғамдағы кейбір көріністер сай болмай тұр деуге болады. Өңірде облыстық мәслихаттың кезекті он бесінші сессиясы өтіп, жиын­да облыстық Қоғамдық кеңестің құрамын бекіту туралы мәселе қаралған еді. Бірақ бұл жолы пікір екіге жарылды. Дені кәсіпкерлерден құралған жаңа кеңестің құрамы туралы да біраз сын айтылған болатын. Арасында халықтың ара­сын­да жүрген қарапайым бір адамның жоқ­тығы да талай сөз болған. Ақыры мәслихат депутаттары Қоғамдық кеңес мүшелерін бекітуге келгенде ымыраға келе алмады. Тіпті, Ерқанат Манжуов пен Ерболат Саурықов бастаған бірне­ше депутаттың сессия өтіп жатқан залдан шығып кетуі де сол қарсылықтан туындаған әрекет болатын. Өңірде шу болған мәселеге орай өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында шұғыл түрде брифинг ұйымдастыры­лып, онда облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков өз пікі­рін білдірді. Негізі облыстық Қоғам­дық ке­ңес мүшелерін бекіту мерзімі ке-­­
ше­уіл­деген. Бұрын бекітілген кеңестің құзы­реті биыл 9 қаңтар күні аяқталған. Осыған байланысты облыстық мәсли­хат өткен жылы қараша айынан бері бірнеше кезеңнен тұратын конкурсқа дайындық жұмыстарын бастаған. Өз сөзінде Махметғали Сарыбеков жұмыс тобы ашық дауыс арқылы облыстық мәслихатқа Қоғамдық кеңес мүшелерінің тізімін ұсынатынын, ал соңғы нүктені мәслихат депутаттары қоятынын жет­кізді. «Құрамды бекіту немесе бекітпеу мәселесін мәслихат шешеді. Бұл сессияда осы мәселе айналасында біраз пікірталас туындады. Сонымен жұмыс тобы 55 кандидаттың ішінен 15 адамды ұсынды. Осыған конкурстан тыс өткен екі адамды қоссақ, жалпы Қоғамдық кеңес мүшелері 17 адамнан құралуы тиіс болды. Әлеуметтік желіде Қоғамдық кеңестің бұрынғы төрағасы Әмзебек Жолшыбековтің ашық хаты да жария­ланды. Онда «алғашқы конкурстың нәтижесі неге күшіне енбеді? Конкурс­қа қатысқан азаматтарды неге ресми мәлім­демеді?» деген сұрақтар болды. Соған жауап берейін. Алғашқы конкурс қараша, желтоқсан айларында өтті. Оған бар-жоғы 25 адам қатысты. Оның ішінен 15-і реттелді. Бірақ қаңтар оқиғасынан кейін Қоғамдық кеңеске деген көзқарас өзгерді. Еліміздің Президент Әкімшілігімен қатар, Қоғамдық кеңестің жұмысын үйлестіретін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің де талаптары күшейді. Онда Қоғамдық кеңестің құрамы кем дегенде 70-80 пайызға өз­геруі керек делінген. Сонымен қатар кеңес құрамына жастардың тартылуы, саяси партиялардың мүшелері және қоғам белсенділерінің болуы маңызды. Ал біздің алғашқы конкурстың нәтижесі жаңа талаптарға сай болмады», дейді мәслихат хатшысы.

Бұдан кейін депутаттар тарапынан конкурсты екінші рет жариялау туралы ұсыныс түскен. Нәтижесі соң­ғы өткен мәслихаттың сессиясында көрсе­тілген. Дегенмен, келіспеушілік депу­таттардың дауыс беру рәсіміне бай­ланысты туындаған. «Айта кететін тағы бір жайт, бірде-бір нормативтік құжатта дауыс беру мәселесі біржақты көрсетілмеген. Дауыс беру мәслихаттың құзырында. Ұсынысты айтқан соң депу­таттардың бірі тізім бойынша дауыс беруді қолдаса, екінші жақ Қоғамдық кеңес мүшелерін әр кандидатқа жеке-жеке дауыс беру арқылы бекітуді дұрыс көрді. Жұмысшы топта болған үш депутатымыз «Өздеріңіз бекіткен жұмыс тобына сенімсіздік білдіресіздер ме?» деген мәселені айтып қалды. Мұн­да сенімсіздік деген жоқ. Ұсынысты мәслихат сессияда қарайды. Сонымен 17 депутат кандидаттарға жеке-жеке дауыс беруді қолдаса, 6 депутатымыз тізім бойынша деді. Олар шешіммен келіспейтіндерін айтып, тұрып кетті. Содан кейін қалған 22 депутат дауыс беру тәртібі бойынша әр депутатқа жеке-жеке дауыс бердік. Осылайша көпшілік ұсыныспен 15 үміткердің 11-і Қоғамдық кеңестің мүшелігіне өтсе, 4 адам өтпеді. Облыстық мәслихаттың сессия шешімі бойынша облыстық қоғамдық кеңеске 11 адам сайланып отыр», дейді Махметғали Сарыбеков. Сондай-ақ тізімі жарияланатынын да айтты.

Бұл мәселе төңірегінде өткен брифингке облыстық Қоғамдық кеңес­тің қалыптастыру комиссиясының төр­­ағасы, облыстық мәслихат депутаты Ерқанат Манжуов, Халықаралық Тараз инновациялық институтының ректоры, облыстық мәслихат депутаты Ерболат Саурықов пен облыстық мәслихаттағы «Ақжол» партиясының депутаты Шыңғыс Абдрахманов қаты­сып, пікір білдірді. Олар облыстық мәс­лихаттың сессиясында қаралған мәселеде заңсыздыққа жол берілгенін айтты. Сонымен қатар осы мәселе бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Үндеу жолдайтындарын да жеткізді. «Заңда Қоғамдық кеңесті қалып­тастырушы жұмысшы топ үміт­керлер тізімін ұсынады. Ал оны мәс­лихат тек бекітіп береді. Заңда мәслихат тізімді талқыласын деген бір де бір сөз жоқ. Бұл жерде мәслихат алдын ала 56 адамның құжатымен танысып, олардың әрқайсысымен жеке-жеке сөй­лесіп, ішіндегі лайықтыларын ұсын­ған жұмысшы топтың тірлігіне араласып, белден басып отыр. Біз мына түрі­мізбен Президент айтқан «Жаңа Қазақстанды» қалай құрамыз? Егер жұ­мысшы топ ұсынған үміткерлермен мәслихат келіспей, өз дегенін істейтін болса онда комиссияны құрып не қажеті бар?», дейді Ерболат Саурықов. Әрине, екі тарап та өз уәжін айтуда. Қоғамдық кеңестің мүшелігі туралы да әркімнің пікірі әртүрлі. Қазір қо­ғамда кеңестің бизнесмендерден құрал­ғаны, қоғам белсенділері бар-жоғы үш-ақ адам деген мәселе көтерілу­де. Жер­гілікті депутаттар да бұл ретте бел­­ден басушылық белең алған деген пі­кірде. Ал облыстық мәслихаттың хатшысы халық қалаулыларының бұл әрекетіне депутаттық және адами этиканы өрескел бұзушылық деп баға беруде. Жалпы, мұндай әрекеттерден кейін, түрлі пікірлерден соң Қоғамдық кеңеске деген қарсылықтың да көп еке­нін байқауға болады.

 

Жамбыл облысы