Қазақстан • 12 Сәуір, 2022

Көші-қон: Қанша адам «қара тізімде» тұр?

1616 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Көші-қон мәселесі – ел өркендеуіне елеулі әсер ететін фактор­дың бірі екені белгілі. «Ел іші даудан, сырты жаудан аман болсын» деген бабалар ұлағатында үлкен мән бар. Себебі, шекара асқан шетелдіктер елімізге ағылған сайын оларға қатысты мәселелер де күрделене түседі.

Көші-қон: Қанша адам «қара тізімде» тұр?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Көші-қон мәселесі қай кезде де өзекті. Осыдан 5-6 жыл бұрын елімізден 376 мың адам шыққа­ны­на қарамастан, Қазақстанға қайтадан 377 мың шетелдіктің кіргені туралы ақпарат тараған болатын. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген сөздің астарына үңілсек, шетелден келгендердің дені өз елінде нәпақа таба алмағандықтан басқа мемлекеттердің шекарасынан өтіп, табыс табуға тырысады.

Ғаламторды ашып, іздеу те­тігін басып қалғанымызда, бі­рер жыл бұрын жүргізілген сауал­намалардың бірі көзімізге түсті. Керек дерекке көз жүгірткенімізде шетелдік мигранттардың жартысынан астамы Қазақстанда тіркеусіз жүретіндігін аңғардық. Осыдан-ақ Қазақстанды «өз еліндей» көріп жүргендерге бақылаудың әлсіз, олардан салыққа түсетін табысты есептеудің кей жағдайда мәнсіз екенін түсінгендейміз. Жалпы сырттан келген жұмысшылар­дың ішкі жағдайға айтарлықтай әсер ететіні екі бастан мәлім. Мә­селен, оңтүстікке Өзбекстаннан ағылған жұмысшылар жалдан­балы құрылысшы ретінде ба­ғаны «құлатқан». Осылайша өзін өзі жұмыспен қамтып жүр­ген­дерге «маңғыт, аузыңа саң­ғыт» деп жүргендері белгілі. Олар­дың пысықтығына кіжінген ауыл­дардағы ағайындар ызаға булы­ғып, екі қолға бір күрек таппай қа­латын кездері де болады. Қысқасы, заңсыз көші-қоннан туындайтын мәселе де, төнер қауіп-қатер де аз емес.

Соңғы деректерге сен­сек, заң­­сыз келетін кө­шіп-қону­шы­лар­ды қайтару және қа­былдау процесін реттеу үшін бүгінгі таң­да Қазақстан 17 ел­мен байланыс орнатқан. Атап айтар болсақ, Германия, Швей­цария, Чехия, Латвия, Литва, Ресей, Өзбекстан, Норвегия, Бела­русь, Мажарстан, Бенилюкс ел­дері, Молдова, Поль­ша, Қырғыз Рес­публикасы және Тәжікстанмен аза­маттарын кері қабылдап алу тура­лы 15 келісім құжатына қол қо­йылған.

«Бұдан бөлек, алыс шетел мемлекеттерімен тағы 27 келі­сім жасасу процесі пысықталып жа­тыр. Сондай-ақ 2020 жылғы 11 қаңтарда күшіне енген «Қа­зақ­стан Республикасының кей­бір заңнамалық актілеріне қыл­мыстық, қылмыстық іс жүргізу заң­намасын жетілдіру және жеке адам­ның құқықтарын қорғауды кү­шейту мәселелері бойынша өз­ге­рістер мен толықтырулар ен­гізу туралы» заңына сәйкес, елі­мізде 30 тәулікке дейін болатын ше­телдіктердің барлық санаттары үшін тіркеу толығымен жойылды», дейді ІІМ Көші-қон қызметі комитеті төрағасының орынбасары, полиция полковнигі Сабыржан Сейітжанов.

Көші-қон қызметі комитетінің мәліметінше, өткен жылы Қазақ­станға 1 миллион 323 мың 906 шетелдік келген. Олардың 90 пайызы ТМД елдерінің, соның ішінде Өзбекстан, Ресей, Қырғыз Республикасы, Беларусь, Тәжік­стан азаматтары. Алыс шетелдерден ат басын бұрғандардың басым бөлігі Түркия, Германия, Қытай және Үндістан елдерінің азаматтары саналады.

Көші-қон мәселесінде заң бұ­зушылардың қарасы да азаяр емес. Деректерге көз жү­гірт­сек, 62,8 мың көші-қон заңна­ма­сын бұзушы әкімшілік жауап­кер­шілікке тартылса, оның 3,9 мыңы елден шығарылған. Олар Қазақстаннан бес жылға дейін «жер аударылды». Көші-қон заңнамасын бұзушылардың алдыңғы қатарында өзбек аға­йындар тұр. Бұдан кейінгі тізімге Ресей, Тәжікстан және Қырғыз Республикасынан келгендер ілін­ген. Ал алыс шетелдерден кө­бінесе Қытай азаматтары заңға жүр­дім-бардым қарайды.

Полиция полковнигі Қазақ­стан билігінің 73 мемлекетпен виза­сыз режім орнатқанын да алға тарт­ты. Оның ішінде екіжақты негізде ­19 ел­ге, біржақты тәртіпте 54 елге мүмкіндік берілген. Тиісінше Ішкі істер министрлігі шетелдік аза­маттардың Қазақстанда жүру мер­зімін (визалар, уақытша тұ­руға рұқсат беру) ұзарту бойынша нақты жұмыстар атқарған. Е-Visa жобасы уақытында іске асырылды, оның шеңберінде ше­телдіктер елшілікке жүгінбей-ақ іскерлік, туристік және емделу үшін электронды визаларды ала алады. Бұл шетелдіктерге электронды визаларды қосымша уақыт пен жол шығынсыз алуға мүмкіндік береді.

С.Сейітжановтың мәлімдеуін­ше, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ІІМ-нің көші-қон сала­сындағы 20 функциясы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің құзыретіне өткен. Бұған дейін бұл мәселелермен 2 ведомство қатар айналысып келген еді. Бұл бұрынғылар айт­қандай «Бөлшектеп ал да, билей бер» «қағидатын» жүзеге асыру үшін берілген мүмкіндік емес. Ведомстволар жұмысты жүйелі түрде жүзеге асыруы үшін жасалған ыңғайлы қадам.

«Ендігәрі көші-қон про­цес­те­рінің мониторингі ұдайы назар­да болады. Осылайша шетелдіктер­дің келуі, кетуі, олардың ел аумағын­да көшуі, қызметін жүзеге асыру мәселелері тұрақты түрде талданады. Сондай-ақ көші-қон про­цестерін реттеу және мониторинг жүргізу саласындағы іс-шаралар жүйесі жаңа форматта әзірленеді. Көші-қон процестерін реттеудің үлгілік қағидалары да талапқа сай жүзеге асырылмақ. Одан бөлек, босқындармен жұмыс проблемасы да күн тәртібінен түспек емес. Пана іздеген адамға босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату туралы куәлік беру көзделіп отыр. Бұл мәселелердің барлығын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жүзеге асырады. Сондай-ақ ми­нистрлік еңбекші көшіп келу­шіге рұқсат беру жұмысын да қадағалайды. Ал шетелдіктер­дің жұмыс істеуіне рұқсаттардың бар­­лық басқа түрлерін жергілікті атқарушы органдар береді, оларды беру тәртібін Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­лігі айқындайды. Осылайша енді жүйелі жұмыстардың арқасын­да бірнеше ұқсас проблема бір мемлекеттік орган арқылы шешімін таппақ. Тиімділік деге­ніңіз осы», дейді полиция пол­ковнигі мәселенің мәнісіне терең үңіліп.

Жалпы, 2021 жылы еңбекші көшіп келушілерге 484607 рұқ­сат ресімделіп, ел бюджетіне 7 млрд 502 млн теңге түскен. Сон­дай-ақ шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 1 750 жұ­мыс беруші жауапкершілікке тар­тылды. Әрине, бюджетке кіріс­тің кіргені жақсы. Алайда жұ­мыс берушілердің әлі күнге заң­сыздыққа жол беріп жүргені ойландырмай қоймайды.

Қазақстанның сартап дала, жусанды қыры мен ескілі-жаңа шаһарларын тұрақты мекен еткен шетелдіктердің саны да жыл өткен сайын арта түсуде. «Соңғы деректерге көз жүгіртсек, қазіргі уақытта елде 138 мыңнан астам шетелдік азамат тұрақты тұрады. Олардың 22 312-сі Қазақстан азаматтығын жеңілдетілген тәртіппен алған болса, 19 198 қандасымыз ресми түрде Қазақстан азаматы атанған. Ал 1 808 шетелдік Президент Жарлығына сәйкес Қазақстан аза­маты атанып, құжаттарын ресім­деген екен. Сондай-ақ 17 179 адамға қатысты Қазақстан аза­маттығынан айырылу тіркелді, оның ішінде 1 142 адам қос азаматтық фактісі бойынша әкім­шілік жауапкершілікке тар­тылған», дейді С.Сейітжанов.

Еліміз бойынша ішкі көші-қон процестеріне жыл сайын мил­лиондаған адам қатысады. Ішкі көші-қон мониторингі облысіші­лік көші-қонның шамамен 75 па­йызына және облысаралық көші-қонның 25 пайызына тиесілі екені белгілі болып отыр.

Заңсыз көші-қон қай елдің болмасын дамуына кері әсер ететіні мәлім. 2005 жылы Францияда болған жанжал, 1998 жылы Индо­незияда антииммигранттық қай­шылықтардан туындаған мәселе салдарынан Сухарто режімі­нің құлағанын әлем жұрты көр­ді. Жалпы, мигранттардың қаты­суы­мен болатын әлеуметтік қай­шылықтар мемлекеттік билікке және халықтың қауіпсіздігіне айтар­лықтай кері әсер ететіні дә­лел­деуді қажет етпейтін аксио­ма іспетті. Экономикалық да­му процесінде заңсыз мигрант­тардың артуы жұмыспен қамту мәселесінде айтарлықтай қиын­дықтар туғызатыны да рас.

Тағы бір деректерге көз жү­гіртсек, табысы тәуір мемлекеттерде көшіп-қонушыларға жұмыс күшінің 18,5 пайызы тиесілі екен. Қайбір жылдары жаһанда көшіп-қонушылардың жұмыспен қамтылуға мүмкін­дігі мол екендігі айтылған. Келушілердің 70 пайыздан астамы экономикалық белсенді болса, жергілікті халықтың арасында бұл көрсеткіштің 60%-дан төмені екені белгілі болған. Соңғы жылдары төрткүл дүние­дегі еңбек мигранттарының саны өспесе, кеміген емес. Демек, әлем­де бар миграция проблемасын біздің ел де сырт айналып кете алмайды. Сондықтан еңбек мигранттары мәселесіне келген­де құзыретті қатар бөлісіп алған ведомстволармен бірге жер­­гілікті атқарушы биліктер де сауысқандай сақ болғаны жөн. Олай болмаған жағдайда заң­сыздықтың, криминалдық топ­тардың әрекеттерінің тыйыла қоюы екіталай. Әлемдегі тәжі­ри­­бенің өзі соны байқатып отыр.