Конференцияның мақсаты – ағартушы, лингвист-ғалым, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси көзқарастары мен ғылыми идеяларын зерттеп, зерделеу. Халықаралық конференцияның модераторы, ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының бас ғылыми қызметкері, жазушы Нағашыбек Қапабекұлы бұл ауқымды іс-шараны ұйымдастыру барысында алдын ала бірнеше сатыдан тұратын дайындық жұмысы жүргізілгенін атап өтті. Атап айтқанда, Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері Қостанайдағы А.Байтұрсынұлы атындағы мемлекеттік университетімен, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтымен, Алаш қайраткерінің Алматыдағы музейімен және өзге де мекемелермен тығыз байланыста жұмыс істеп, конференция материалдарын арнайы жинақ ретінде бастырып шығаруға мұрындық болған.
Ғылыми конференцияның беташар сөзін алған ЮНЕСКО қамқорлығындағы халықаралық Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов өзінің сонау 1980 жылдары алғаш Ахмет Байтұрсынұлы есімімен танысқан сәтін еске алып, содан беріде ғалымды зерттеп, тануда атқарылған іргелі істерге тоқталды.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев жаңа қызметке тағайындалғалы А.Байтұрсынұлына байланысты үшінші кешенді шараға қатысып отырғанын, алдағы жыл бойы аталып өтетін ауқымды басқосулардың негізгі тармағы Алматы қаласында жоспарланғанын жеткізді. «Мерейтойды атап өтудің мәні сонда, біртуар ұлт перзентінің өлшеусіз еңбегін халыққа үздіксіз насихаттау, есімін ұлықтау, әсіресе жас ұрпақтың санасына сіңіру. ХХ ғасырдың басында өз өмірін ұлт азаттығының жолына сарп еткен, саналы ғұмырын ел мүддесіне арнаған рухани көштің басында ғұлама ғалым, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлы тұрған болатын. Ақыл-парасатқа, ғылым-білімге, өркениет өріне бастайтын Ахмет жолы – ізгілік пен адалдықтың жолы. Білімді елдің ешқашан ешкімге кіріптар болмайтынын насихаттаумен өткен ұлт қайраткері қазақ балаларының ғана емес, күллі ұлттың ұстазы дейміз. Батыс пен Шығысты, дәстүр мен жаңашылдықты, дін мен ғылымды, өнер мен білімді бір бойына тоғыстыра алған А.Байтұрсынұлы – тарихи сын сағатында жауапкершілікті мойнына алған данышпан тұлға, жасампаз жан. Ағартушының Алматыдағы музей-үйінде жөндеу, экспозициясын жаңарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда ағартушы қайраткердің өмірі мен шығармашылығына байланысты 500-ге жуық құнды деректер жинақталған. Сондай-ақ биыл Алматы қаласының көрікті ауданынан Ахмет Байтұрсынұлының еңселі ескерткіші де бой көтермек», деп Арман Оразбайұлы конференция қатысушыларына жағымды жаңалықтың бір шетін сүйіншілеп, қуантып қойды.
Соңына сан ғасырға жететін құнды мұра қалдырған қазақ ағартушысының рухани мүддесінің әлемдік өркениет пен мәдениеттердің даму үрдісімен үйлесім табатынын ЮНЕСКО Бас директорының орынбасары Габриэлла Рамос Парижден жолдаған өз бейнеүндеуінде орынды атап өтті. Г.Рамостың айтуынша, 1946 жылы БҰҰ-ның хартиясы қабылданғалы бері жер шарында 102 саяси қақтығыстың оты тұтанған. Ал пандемия әлем бойынша 6 миллион адамның өмірін қиды. Осы мысалдың өзінен-ақ бірнеше миллиард адамға мекен болып отырған әлемнің ағзасы мен қаңқасы кез келген шиеленіске үгітіліп түсердей аса нәзік екенін аңғартып отыр. «Ксенофобия мен дискриминациядан, расизм мен агрессиядан өз елі мен жерінің бостандығы жолында басын қатерге тіккен Ахмет Байтұрсынұлы сияқты шынайы ұлы қайраткерлердің халықшыл мұраты мен отаншыл сезімі ғана құтқара алады» деді Г.Рамос.
ҰҒА академигі Мәмбет Қойгелдиев пен А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова халықаралық конференцияның негізгі баяндамасын жасап, А.Байтұрсынұлының ұлт-азаттық қозғалысындағы саяси-қайраткерлік тұлғасы және А.Байтұрсынұлының пассионарлық тұлғасы туралы толғамды ой тарқатты.
Қырғызстан Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, профессор Турусбек Маразықов А.Байтұрсынұлы мен Қ.Тыныстановтың шығармаларындағы үндестікті талдаса, Өзбекстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының оқытушысы, доцент Шамсия Исмаилова А.Байтұрсынұлы мен Исхокхон Ибраттың педагогикалық идеяларына салыстырмалы талдау жасады. Конференцияда сөз алған Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, А.Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі Райхан Имаханбет, филология ғылымдарының докторы, профессор Орынай Жұбай, Қостанай өңірлік университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты Қалқаман Жақып, профессор Темірхан Тебегенов, алаштанушы-ғалым Ғарифолла Әнес біртуар ұлт перзентінің тағылымды өміріне тағзым жасай отырып, Алаш идеясын ту еткен қайталанбас тұлғаның өмірі мен шығармашылығы жайлы жан-жақты ой толғады.
Ахмет мұрасы, ағартушы ғалым атқарып кеткен ұшан-теңіз ғылыми еңбектер толықтай зерттеліп болды деп ешкім де айта алмайды. Тұмшаланып келген тарих сыры енді ашылып жатыр. Ахметтанудағы іргелі ізденістер мен ұлттың кәдесіне жарайтын келелі кеңес жыл бойы жалғасын табады.
АЛМАТЫ