Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
«Алдын ала статистикаға сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша республикада 6,4 млн тонна астық болған. Ішкі тұтынуды ескере отырып, бұл көлем өзін-өзі қамтамасыз ету және бір бөлігін экспортқа, оның ішінде ұн түрінде жіберу үшін жеткілікті. Айта кетерлік жайт, жыл сайын біз 3 млн тонна ұн өндіреміз. Бірақ бұл көлемнің жартысы экспортқа жіберіледі. Осылайша, өндірілетін ұнның барлығы ішкі нарыққа қалдырылмайтындығын, ал кейбір диірмендер тіпті экспортқа ғана жұмыс істейтінін түсіну керек. Егер көтеріліп отырған мәселенің себептеріне келсек, біздің ойымызша, мәселе астықтың жеткіліктілігінде емес, бағасында. Бұрын біздің ұн тартатын кәсіпорындарымыз бидайды Ресейден неғұрлым төмен бағамен белсенді түрде импорттады. Әсіресе, Павлодар, Солтүстік Қазақстан шекаралас облыстарындағы диірмендер осылай істеді. Ал біздің астық негізінен экспортқа кететін. Бұл тепе-теңдік Ресей дәнді дақылдарды экспорттауға тыйым салғанға дейін сақталды. Ресейдің экспортқа тыйым салуы ұн тартушыларды ішкі нарықтағы сатып алуға шұғыл көшуге мәжбүр етеді, онда астық бағасы сәйкесінше өсті. Бұл ретте қолда бар 6,4 млн тонна көлемнің 3,4 млн тоннасы өз өнімдеріне жоғары баға белгілегісі келетін ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінде сақталуда. Бірақ фермерлерге көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге, несиелерге қызмет көрсетуге қаражат қажет екенін түсіну керек. Осыған байланысты, астық бағасы әділ болса, фермерлер қолда бар қорларды сататын болады», деп атап өтті А.Сапаров.
Оның айтуынша, ішкі нарықта бидай мен ұннан тапшылық болмайды. Себебі бидай мен ұн экспортының квоталары белгіленді. Сыртқы сауда саясаты және Халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия экспортқа арналған квотаның көлемін 1 млн тонна бидай, 300 мың тонна ұн деп белгіледі. Шешім 1 сәуірде қабылданып, 15 сәуірден бастап күшіне енеді. Сонымен қатар экспортқа қойылған шектеу маусымның ортасына дейін жарамды болады. Бұл шара ішкі нарықта тапшылықтың туындауына және ұн тарту кәсіпорындарына түсетін жүктеменің артуына жол бермеу мақсатында қабылданды.
Ішкі нарықтағы нақты жағдайды бағалау үшін АШМ Ұлттық статистика бюросымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп өңірлерде бидайдың бар-жоғын түгендеу бойынша жұмыс жүргізуде. Осылайша, Үкімет ішкі нарықты әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен толықтыру бойынша шараларды қабылдап жатыр.
«7 сәуірдегі жағдай бойынша ұн қоры 118 мың тоннаны құрайды, оның ішінде тұрақтандыру қорларында 10 мың тонна, «айналым схемасы» шеңберінде 22 мың тонна, өндірушілерде 48 мың тонна, қоймаларда шамамен 20 мың тонна, сауда объектілерінде 18 мың тонна бар. Көрсетілген көлем ішкі қажеттілікті қамтамасыз ету үшін жеткілікті. Сонымен қатар Азық-түлік келісімшарт корпорациясының ресурстарында 800 мың тоннадан астам астық бар, олар қажет болған жағдайда жағдайды тұрақтандыру үшін ішкі нарыққа жіберілетін болады», деді вице-министр.
Орталық коммуникациялар қызметі алаңында журналистер спикерлерге бірқатар сұрақ қойды.
«Астық өндірушілер одағының вице-президенті жақында ұнның бағасының едәуір өсуі мүмкін екенін мәлімдеді. Баға қаншаға қымбаттайды?» деген сұраққа жауап берген министрліктің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Назгүл Хатепова ішкі нарықта ұнның өндірісі үздіксіз жүргізілетінін және күн сайын қажетті ұн көлемімен толықтырылып отыратынын атап өтті.
«БАҚ-та ұнның немесе нанның бағасының көтерілетіні туралы көп ақпарат таралуда. Ішкі нарықта бидайға немесе ұнға деген тапшылық жоқ. Әрине, әлемдік нарықта Ресей тарапынан салынған шектеуге байланысты бидай мен ұнға деген сұраныс артқаны белгілі. Сол себепті әлемдік нарықта бидай бағасы бірнеше есе өсті. Ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында тұрақтандыру қорларында қажетті көлемде кез келген өңірдің физиологиялық тұтыну нормаларына сәйкес халықты қажетті көлемде қамтамасыз ету үшін кепілді түрде тұрақтандыру қорларында қажетті көлемдегі ұн сатып алынады. Қазіргі кезде жалпы Қазақстан бойынша 120 мың тоннаға жуық ұн бар. Соның 30 мыңға жуығы – тұрақтандыру қорларында. Тұрақтандыру қорларының негізгі міндеттерінің бірі – бағаны тұрақтандыру. Яғни нарықта, Қазақстанның ішкі нарығы болсын, әлемдік нарық болсын, бидайға немесе ұнға бағаның жоғарылау фактілері орын алған кезде аталған тұрақтандыру қорларында сақтаулы ұн ішкі нарықта арзандатылған бағамен сатылады. Одан бөлек Азық-түлік келісімшарт корпорациясының резервінде 800 мың тоннаға жуық астық сақталған. Оның 500 мың тоннасы – резервтік қор. Аталған қордың да негізгі мақсаты – ішкі нарықты тұрақтандыру немесе қандай да бір тапшылық туындаған кезде кепілді түрде ішкі нарықты бидаймен қамтамасыз ету. «Сондықтан бидай немесе ұн бағасының әлемдік нарықта өсуі ішкі нарықта тікелей ұнның немесе нанның бағасының көтерілуіне әсер етеді» деген пікір қате. Елімізде ішкі нарықта мемлекет тарапынан қолданылып отырған бағаны тұрақтандыруға арналған арнайы бағдарламалар бар. Соның аясында әлеуметтік нанға және ұнға деген баға әрдайым тұрақты болады. Ішкі нарықта бидай қоры жеткілікті. Ішкі нарықта ұнның өндірісі үздіксіз жүргізіледі және күн сайын қажетті ұн көлемімен толықтырылып отырады», деп жауап берді департамент директоры.
Тілшілер тарапынан «Диірмендер жұмысын тоқтатып жатса, тапшылық жоқ деп қалай айтамыз? Ресей шектеу қойғанға дейін бұл мәселеге мониторинг жүргізілді ме?» деген сауал қойылды.
«Министрлік тарапынан, жалпы, қандай да болсын ауылшаруашылық дақылына немесе тауарына мониторинг апта сайын жүргізіледі. Наурыз айының басына дейінгі немесе кейінгі жағдайға талдау жасалып, мониторинг жүргізілді. Астық өндірушілер одағы осы жағдай туралы бірнеше рет айтты. Бірнеше облыста, соның ішінде Ресеймен шекаралас өңірлердің астық өңдеу кәсіпорындары қазіргі кезде жұмыстарын уақытша тоқтатты. Бүгінде ішкі нарықта бидайдың қажетті көлемі бар. Бірақ бидай бағасы, бұл – енді ғана туындаған мәселе. Шаруалардың көктемгі дала жұмыстарына деген шығыстарын ескере отырып ұсынатын оңтайлы бағасы бар. Бұл баға ұн тартушылар тарапынан наразылық тудырып, екі арада белгілі бір келісім болмай тұр. Сондықтан қазіргі жағдайда уақытша тоқтап тұрған ұн тарту кәсіпорындарының негізгі себебі осы. Жалпы, ішкі нарықта бидай бар, бірақ ұн тарту кәсіпорындарынан берілетін баға мен шаруалар тарапынан ұсынылған бағаның арасында үлкен арақатынас бар. Бұл мәселені біз ішкі нарыққа арзандатылған бидай жіберу арқылы шешеміз», деп жауап берді АШМ өкілі.
Сондай-ақ «Қазақстанда қанша диірмен ресейлік астықты пайдаланып келді? Бағадан бөлек оны өңдеуге тағы қандай кедергілер бар?» деген сұрақ берілді.
«Қазақстанда 240-қа жуық ұн тартатын кәсіпорын бар. Соның ішінде 170-і жұмыс істеп тұр. Жалпы, ішкі нарықта Ресей бидайын тұтынып, өңдеп жүрген диірмендер негізінен шекаралас аймақтарда орналасқан. Атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Павлодар облыстарындағы диірмендер. Мұның да өз себептері бар. Ішкі нарықта солтүстіктен батысқа бидай тасымалдау шығындарының немесе Ресейден әкелу шығындарының арасындағы айырмашылық өте үлкен. Аталған өңірлерде шамамен 45-50-ге жуық ұн тартатын кәсіпорын бар. Солардың жартысына жуығы ресейлік өніммен жұмыс істеді. Қазіргі кезде Ресейде экспортқа қойылған шектеуге байланысты ұн тарту кәсіпорындары ішкі нарықтан бидай сатып алуға мәжбүр болып отыр. Олар алдағы уақытта тоқтап қалмайды. Өтінім берген жағдайда, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы арзандатылған бидайды өңірлерге апарып, тартып, жекелеген облысқа қажетті көлемде ұн өндіруге қауқарлы. Бағадан басқа кедергі жоқ. Біздің диірмендер транспорттық және логистикалық негіздемелер бойынша ғана осы кезге дейін Ресей бидайын тартып келді», деп жауап берді Назгүл Хатепова.
Сондай-ақ Н.Хатепова журналистердің өтініші бойынша «әлеуметтік бидай», «әлеуметтік ұн» терминдерін түсіндіріп өтті. Бұл негізінен ішкі нарықтық бағаны тұрақтандыру мақсатында арзандатылған көлемде ішкі нарыққа сатылатын бидай көлемі.
«Азық-түлік келісімшарт корпорациясы өз резервінде қолданыста бар бидай көлемін облыс әкімдіктерінің сұранысы бойынша, халық санына, физиологиялық тұтыну нормасына байланысты, сол өңірдегі барлық адамдарды кепілді түрде ұнмен қамтамасыз ету үшін қажетті бидайға шаққандағы көлемін ұсынады. Компания нарықта қалыптасқан жағдайға, бағаға қарамастан бидайды арзан бағамен сатады. Яғни орта есеппен бидай бағасы 150 мың теңге болса, Азық-түлік келісімшарт корпорациясы сататын бидайдың құны 90 мың теңге болады. Әкімдіктерден тамыз айының соңына дейін 275 мың тоннаны сату туралы өтініш келіп түсті. Әр айға бөлінген кесте бойынша осы облыстарға сату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қаңтар-ақпан айларына деген көлемнің өзі қазіргі таңда әлі сатылып алынбаған. Демек, сұраныс ішкі нарықта аз болды. Қазіргі кезде Азық-түлік келісімшарт корпорациясына наурыз-сәуір айларына өтініштер келіп түсуде. Барлық көлемдер белгіленген кесте бойынша бекітілген бағамен ішкі нарыққа сатылады. Осы арзандатылған бағамен сатылатын бидай әлеуметтік бидай немесе әлеуметтік нан өндіруге арналған бидай деп аталады», деді Н.Хатепова.