Ғылым • 13 Наурыз, 2022

«Ұранымыз – алаш, керегеміз – ағаш» түсініктерінің ұлттық негізі

993 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Әр халықтың өзі туралы айтылған мақал-мәтелдерінде халық өмірінің сипаты, ұлттық психологиясы көрініс табады. Қазақ халқы өзі туралы: «Түбі бір түркіміз, ұраны бір қазақпыз», «Киіз туырлықты қазақпыз», «Ұранымыз алаш, керегеміз ағаш», «Атамыз алаш, керегеміз ағаш, үш жүздің ұрпағымыз», деп кейінгі ұрпаққа өз тарихы мен тұрмысынан мағлұмат береді.

«Ұранымыз – алаш, керегеміз – ағаш» түсініктерінің ұлттық негізі

Осы мақал-мәтелдердің мазмұнына тереңірек үңілсек, түбі бір түркі жұрты бір одаққа біріккенде ортақ ұраны алаш болғанын, түркі әлемінің ата жұртында қалыптасқан қазақ халқының ортақ ұранына айналғанын көреміз. «Керегеміз ағаш» дегенді меңзеп отыpғаны киіз үйдің көшпелі халық өміріндегі ғасырлар бойы пайдаланған, көші-қонға ыңғайлы үйі болғандығын дәлелдейді. 

​«Киіз – туырлықты қазақпыз» мақалы қазақтың тұрмыс салтынан туған. Қойдың жүнінен қалың етіп басылып, киіз үйдің керегесіне таңылған қалың киіз – туырлық жазда ыстықты, қыста суықты өткізбейді. Баспанасы киіз үй болғандықтан, осы мақал халық арасына кеңінен тарап қазақтардың туырлықтай шыдамдымыз деген ойын білдірсе керек [1, 125].

​Жоғарыда келтірілген мақал-мәтелдер қазақ жік-жікке, ру-руға бөлініп, тіл табыса алмаған жағдайда ақыл беріп, жол көрсетіп, ынтымаққа, ел болып ту көтеруге, бірін-бірі қолдап, қорғап көтермелеуге шақырады. Түбіміз бір деп ой салады, ағайын ағайынмен араздаспаса деп, шыққан тегін есіне салып, ақыл-өсиет айтады. 

​«Алаш» этнонимі біздің халқымыздың ежелгі этникалық тарихымен тығыз байланысты атау екендігін қолда бар деректер дәлелдеп отыр. Сондықтан да этникалық тарихты жазғанда бұл мәселені айналып өте алмаймыз. Тарихымызда тіптен белгілі бір кезеңдерде «алаш» атауының кейінгі «қазақ» атауы қолданылатын мағына арнасында әрекет жасағанын байқауға болады. 

​«Қазақстан ұлттық энциклопедиясында» «алаш» ұғымына мынадай түсініктемелер берілген: «Алаш (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым [2, 78]. Орта ғасырлық және одан ерте кезеңдегі деректерде қазақтың өз алдына ел болып хандық құрғанға дейінгі ежелгі тайпаларының ортақ атауы. Алаш аты тарихта кездесетін ең көне атаулардың қатарына жатады. Моңғол-татар – қазақ шежірелерінде Алаш (Алашы) хан туралы айтылады. Бұл айтылғандар тым жалпылама және «Алаш» этнонимінің мән-мағынасын нақты ашып бере алмайды. Мұнда «Алаш» деген не сөз?» деген басты сауалға нақты жауап жоқ.

​«Алаш» атауы көбіне «Алты Алаш» ұғымымен қатар қолданылады. Осы ұғымдардың тарихи тамырларын ежелгі түркі дәуірінен іздестіріп жүрген зерттеушілеріміз де бар. Мәселенің мән-мағынасын ежелгі Орхон жазуындағы Білге қағанның кешеніндегі «Алты тақ иегерлері» деген сөздің мағынасынан іздестірген белгілі түркітанушылар М.Жолдасбеков пен Қ.Сартқожаұлы кезінде Алты ұлыстық бірлестіктер: қыпшақты, тоғыз-оғызды, басмылды, қарлұқты, түргешті, отыз-оғызды атап көрсете келе, былай деп жазған еді: «Түріктер қағанат орталығын орда деп атаса, хандықтардың орталығын «алачу» (алаш) [3, 86] деп атаған. 

​Олай болса, байырғы түріктердің осы алты тайпасы кейін «Алты алаш» атанып, күні бүгінге дейін халық жадында сақталып қалған. Бұл атау Еуразия құрлығындағы ұлы дала көшпелілерінің ұранына айналған, бүтін оғыз, қыпшақ, қарлұқ, басмыл, он-оқ түргештерінің кейінгі ұрпағы – қазақ халқының ұранына айналған. 

​Тағы бір мәселе – «Алаш» атауының қазаққа жауынгерлік ұран болуы туралы. Этнограф В.В.Радлов (Ф.В.) (1837-1918) «Алаш» ұғымына бірнеше түсінік бере келе, оны «бүкіл қырғыз (қазақ) халқының жауынгерлік ұраны» [4, 99] деп атап көрсеткен. Тарихи деректерге сүйенсек, аты «Алаш» ұранына айналуы мүмкін бірнеше Алаш немесе Алаша деген тарихи тұлғаларға кездесеміз.

​Қазақ зиялыларының «Алаш» ұғымы төңірегіндегі көзқарастарына біздің нақты баға беруімізді қиындата түсетін тағы бір мәселе – осы ұғымдар айналасында бүгінгі қазақ тарихшылары пікірлерінің де әртүрлілігі.

​Халық санасында алаш сөзі жердің, елдің, халықтың, мемлекеттің тұтастығының символы ретінде сақталып қалды. Ал, «атамыз Алаш» – сөзіне келсек Ш.Уәлиханов зерттеулерінде «Алаш ескі дәуірдегі қазақ тайпаларының жиынтық аты» дейді [5, 160].

Қазақта сақталған:

​ «Алаш – алаш болғанда, 

​Ала тай ат болғанда, 

​Таңбасыз тай, енсіз қой болғанда»

деген мақал осы тұста шықса керек. Алаша хан болғанда – дейтін сөздер – алаш жайындағы сөздер меншікті мүлік қалыптаспаған, (малға ен мен таңба салынбаған дәуір) бейқуат тірлік болған заманнан келе жатқанын аңғартады. Алаша хан туралы көптеген аңыз ертегілер оның ежелгі көшпелі тайпалардың басын біріктіріп, қара халықты артынан ерткен, айбарының асқан адам болғандығын айтады.

​«Алаш» атауы ең алдымен ежелгі қазақ тарихына қатысты. «Алаш» этнонимін шын мәнінде қазақтың ғана халық болып қалыптасуымен тікелей байланысты түсінік.

​Қамбар батыр жырында:

​ «Тамашаға жиылсын, 

​Алты алаштың баласы» 

деген жолдар бар.

Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқанындағы:

​ «Он сан Алаш баласын, 

​Жұмсап бір тұрсың қолыңмен» 

немесе Махамбеттің:

​ «Алты сан Алаш ат бөліп, 

​Тізгінін берсе қолыма», 

сондай-ақ, «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген сөз оралымдары «Алаш» атауының қазаққа тән екендігін тағы да айқындай түседі [6, 46].​ Н.Мыңжан: «Алаш» аты ертеде жалпы қазақ қауымының ұраны болған; қазақтың байырғы шежірелерінде «Алаш» сөзі «Қазақ» атауының синонимі ретінде қолданылған», - дегенді айтқан. Мұның өзі «Алаштың» қазақтың қалыптасу тарихына қатысты этноним екендігін аңғартады. 

​Алаш – қазақтың түп атасы, үш жүздің ұрпағы – Алаш әулеті болып саналады.

​«Алаштың арыстаны – Абылай ер» - деген тіркесті ақын М.Жұмабаев «Түркістан» атты өлеңінде: 

​Бұл Тұран ежелден-ақ қазақ жері, 

​Тұрансыз тарқамады Алаш шері; 

​Тұранның топырағында тыныштық тапқан –  ​Алаштың арыстаны – Абылай ері...» - 

дегені бар [7, 408].

​Қорыта келгенде, «Алаш» (ежелгі түрік сөзі – бауырластар, қандастар, туыстар) – көне заманда, түркі халықтары бөліне қоймаған қауым кезінде дүниеге келген ұғым. Бұқар жыраудың Абылай ханға айтқанында «Он сан Алаш баласын, жұмсап тұрсың қолыңмен», Махамбеттің «Атамыз – Алаш, керегеміз – ағаш» деген қазақ халқы ұлттың тәуелсіздік жолындағы күресінде ежелгі Алаш түсінігіне қайта оралып, бостандық пен бірліктің ұраны етіп алды. Соның дәлелі ретінде «Алаш қозғалысы», «Алашорда», «Алаш» деген ұғымдар пайда болды. Ал «Алаш азаматы» деу қазақ халқының ауыз бірлігіне, елдің, жердің тұтастығына меңзейді.

Атамбаева А.Б., ҚазҰлтҚызПУ магистpанты, 

Ғылыми жетекшісі – Балтабаева Г.С., ҚазҰлтҚызПУ қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы,филология ғылымдарының докторы

Алматы, Қазақстан