08 Сәуір, 2014

Біліксіз маман бүлдіреді

477 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Жалпы, өткен жылы облыс бюд­жетіне 98 млрд. теңгеден астам қаржы түсіпті. Нақтылай келгенде 1 млрд. 243 млн. теңге игерілмей қалған. Бұл мәселелер облыстық мәсли­хаттың кезекті сессиясында айтылды. Облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Серік Байсейітовтің баяндауынша, өткен жылдың бюджетін жоспарлауда қателіктер болыпты. Салықтық қарыздарды төмендету жұмысы да қолға алынбаған көрінеді. Мұны облыс әкімі Қанат Бозымбаев былай түсіндірді. «Дұрыс жоспарлау жүргізілмеуі себепті қыруар қаржы игерілмей қалды. «Басты қаржы құжатын жоспарлауда қателіктерге жол берілгені анық. Қазір өзге өңір­лерден экономика және бюджетті жоспарлаудың тәжірибелі мектебінен өткен сауатты қызметкерлер іздеу­деміз. Енді жоспарлаудың әрбір кезеңін Бюджет кодексіне сәйкес құратын боламыз. Шамаға қарай игере алатын қаржыға ғана сұраныс беріледі». Облыстық мәслихат депутат­тарының өздері де бұрынғы бас­шылыққа үнсіз қолдау көрсетіп, бюджетті қабылдауда кемшілік жіберген көрінеді. Мыса­лы, облыстық денсаулық сақтау басқармасының 5 ауылда фельдшерлік бөлімшелер салу үшін заңсыз құрылыс жүргізгендері белгілі болды. Облыстық құрылыс басқармасы кәсіпкерлерге «сендер фельдшерлік бөлімшелер құрылыстарын салып беріңдер, біз оны сатып аламыз», деп уәде де беріпті. Бірақ, облыс прокурорларының тексерулері құрылыс салудағы бұл конкурстардың барлығы да үлкен қателіктермен, заңсыздықтармен жасалғанын анықтап берді. Тұрғызылған фельдшерлік бөлімшелердің бағалары көтерілген. Осы арқылы 392 миллион теңге қолды бола жаздады. Бұл күндері қызметінен кеткен облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бұрынғы бастығы Әлия Арынова заңсыз тапсырыстарды қолдап, оны облыстық мәслихаттың отырысына шығарады. Ал, депутаттар болса, тіпті, бұл қаржыға еш күмән келтірместен-ақ бірауыздан қолдап жібереді. Бұл бір ғана мысал. Өткен жылғы мемлекет қаржысына қол сұққандардың былық-шылықтарының көкесін қазір заң орындары тексеруде. Бұдан былай шешім қабылдаудың мұндай әдістерін толық өзгертеміз. Былтыр бюджетті игеруде кемшілік жібергендер жазасын алды. Енді, алдағы екі ай ішінде олардың 80 пайызы өзге жұмыс орнын іздейтін болады. Құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, басқа да салаларға білікті мамандар келеді. Жыл соңына қарай облыстағы жағдай оңалады деп ойлаймыз. Әзірше, кірісіміз аз. Енді, қолда барды тиімді пайдалануымыз қажет. Облыста жұмыс жүргізіп жатқан компаниялардан бюджетке қаржы түсіруге күш салынады. Алда үлкен жұмыстар күтіп тұр.Талап пен тәртіп бәрімізге ортақ. Сондықтан, мәселелерді бірлесіп орын­даймыз деп санаймын, – деді Қанат Бозымбаев. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы.